Қасиетті Қорғалжын елінің азаматы

Дарқан көңілді,ақ жарқын бауырмал қазақ халқына ниетіне қарай, Алла тағаламбасқалар таң қалатын осыншама жер бұйыртқан. Және қазақ елінің әр бөлігі өзінің тамаша қасиетімен, жер қойнауындағы қазба байлығымен ерекшеленеді. Қазақ баласы өзінің кіндік қаны тамған жерді, оның қасиетін жыр қылып айтып береді, үлкен сағынышпен еске алады, жан дүниесі тебіреніп, тамаша күйге түсіп марқайып қалады.

Сондай ғажап өңірдің бірі Ақмола облысының Қорғалжын елі. Бұл атауды естігенде елең етпейтін қазақ баласы жоқ деп ойлаймын.Кешегі тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны кезіндеоблыста қазақ халқының саны он пайызғадейінтөмендегенде,қаймағы бұзылмай,біздің ұлттың өкілдері шоғырланған өңір осы Қорғалжын өлкесі болатын.Қатардан қалмай,егін егіп,мал шаруашылығын дамыта білді.Ал, табиғат байлығына келсек, басқа аудандар Қорғалжын елінен әлдеқайда кейін болатын.Тек көлдер мен су тоғандарының саны ғана 150-ден асатын.

Негізгі көлдер – Қорғалжын, Теңіз, Есей, Қоқай, Есенкелді, Асаубалық, тағы басқалары. Ал, осы көлдерді мекен еткен құстардың түрі 294-ке жетеді. Қорғалжын елінің ғажап кереметтігі, мұнда бүкіл қазақ елінің мақтанышы, әлемде өте сирек кездесетін, сосын да дүниежүзілік Қызыл кітапқа енген қызғылт қоқиқаз мекен етеді. Көктемде ұшып келіп, ұя салып балапан өсіретін қоқиқаз күзде аспанға көтерілген кезде бүкіл көл айдыны, қызыл алау өрттей лаулап, ерекше бір шұғылаға бөленеді. Бұл өлкені құсбегілер мақтанышпен «Құс базары» деп атайды. Ал, қыста сол қоқиқаздар Иран, Индия мемлекеттерін мекен етеді.

Міне, осындай тамаша елде Отанымыздың абыройы үшін талай абзал азаматтар да еңбек еткен. Солардың бірі дебірегейі осы Қорғалжында туып-өсіп, барлық өмірін осы өлкенің халқына қызмет етуге арнаған беделді ақсақал Ошақбай Тығынбайұлы. Ол кісі жастық шағында, сол уақыттағы қиын заманда тағдырдың маңдайына жазған қиындықтарына шыдап, шыңдалып, бекем болып өсті. Жас жігіттің міндетінің бірі– әскер қатарына шақырылды. Көрші Моңғолия мемлекетімен шекаралас жерде әскери қызметін атқарып жүргенде, Ұлы Отан соғысы басталды.Соғыстың алғашқы жылдарындағы апатты шегініс, неміс фашистерінің Москва қаласының жанына келуіел басына түскен үлкен зұлмат қиыншылық еді.

Өзінің майдандас жолдастарымен Ошекең қанды қасап соғыстың бел ортасында болды, бірнеше рет жараланды. Майдангер Смоленск, Витебск, Минск, тағы басқа қалаларды жаудан азат етуге қатысты. Совет одағының ең басты ақпарат құралы Правда газетінде 1944 жылғы бір санында былай жазылған «Жатск қаласының маңында бір топ неміс жаяу әскерлері қарсы шабуылға шықты.

Жанында алты-жеті адамы бар аға сержант Ошақбай Тығынбаев, оларға күйрете соққы берді, ал өзі жеті немісті о дүниеге аттандырды. Нәтижесінде жау әскері шегінуге мәжбүр болды». Соғыс кезіндегі бұл мақала Ошекеңнің майдан даласындағы көзсіз ерлігінің дәлелі және батырлығымен Отанға деген сүйіспеншілігінің белгісі. Осындай жан алысып,жан беріскен майдандағы ерлігі жоғары бағаланды, оған дәлел Қызыл Жұлдыз ордені, бірінші және екінші дәрежелі Отан соғысы ордендері мен көптеген медальдар.

Ошақпай Тығынбайұлы соғыстан 1946 жылы босап,туған елі Қорғалжын жеріне келіп бейбіт өмірге араласады.Зейнеткерлік жасқа шейін, «Қорғалжын» кеңшарының бөлімшесі Ақтүбек елді мекенінде басшы болып қызмет атқарады.Шағын ғана ауылОшекеңнің еңбекқорлығы мен ұйымдастыру қабілеттілігінің арқасында кереметтей өзгерді.Мектеп, мәдениет үйі,кітапхана, сауда орны,тағы басқа да халыққа керек қызмет орындары ашылды. Елдің азаматтары, қой шаруашылығымен айналысып мал басын 5600-ден20 мыңға дейін өсірді.Ақтүбек ауылы барлық көрсеткіші жағынан Қорғалжын ауданында алдыңғы қатарда болды.

Ошекеңауылдағы барлық мәселені оң шешетін,жатты жақындастырып, ағайынды татуластырып жүруді өзіне міндет санайтын. Жастарға қамқоршы бола білді, олардың үйлену тойын өзі ұйымдастыратын,елдің қуанышы мен қайғысына ортақ болып жүретін елгезек жан еді. Өзінің өмір сүрген,еңбек еткен Ақтүбек елді мекенін құрметтеп, бәрінен жоғары қоятын. Оған куә Ошекеңнің өзі шығарған «Ақ ордам менің – Ақтүбегім» өлеңі. Жырдың бір шумағы былай өрбиді:

Бақ қонған, қыдыр дарыған, қызыр жүрген Ақтүбегім,

Сенсің ғой көңілімде, өмірімде, қызығымда,жан жүрегім.

Тірлік пен бірлігіміз ыдырамасын,

Осы ғой әркімге де бір Алладан бар тілегім.

Біздің, Ошақбай Тығынбайұлымен танысуымыз 1982 жылдың жаз айында болды. Бұған қуанышты себеп, інім Әбілмәжиттің мың жылдық құдалық рәсімі бойынша құдалардың алдынан өтіп, танысып жүздесуі еді. Жолдасым Дауылбай Құрсаубайұлының «Нива» машинасымен әкем Шаяхмет және бізҚима елінен Қорғалжын жеріне жол тарттық. Ел арасы алыс бұрын жүрмеген жеріміз, білмейтін жердің ой-шұңқыры көп дегендей,алаңдап,қобалжып келе жатырмыз.Болашақ құдалар қандай адамдар екен, бізді дұрыс түсіне ала ма екен, сапарымыз сәтті болса екен деп, елеңдей түсеміз.

Жолай кездескен адамдардан сұрап, көп жол жүріп, түс ауа шаршап, Ақтүбек ауылына жеттік. Ауылдың ортасында, басқа үйлерден жобасы бөлек еңселі биік үйдің алдына келіп тоқтадық.Есік алдында бізді, иман жүзді күлімсіреген бейнесімен, алпыс жасты еңсерген, аузын ашса жүрегі көрінетін абзал ел ағасы қарсы алды. Елден шыққаннан бергі мазасыз ойларымыз су сепкендей басылды. Ақ көңілді,аңқылдағаназаматпен дастархан басында одан сайын жақындай түстік. Ошекең сөзге шебер, дарынды, көкірегі көмбе жан екен. Сөйлеген сайын тынысы кеңейіп, алыстан орағытып, өздерінің ата-бабаларының тарихынан біраз мағлұмат берді. Атақты Байдалы бидің әңгімелерін біз Ошекеңнің аузынан естіп тәнті болдық. Текті адаммен құда болу осындай болады екен деп марқайып қалдық.

Ошекеңнің баласы Алтын біздің шаңыраққа келін болып түскеннен кейін, әкемнің шаңырағына құт-береке келді, інім Әбілмәжит жиырма үш жасында аудандағы ең үздік кеңшардың бас бухгалтері болып тағайындалды. Алтын келініміз әке-шешемізге Мәдина, Мәди, Әліби есімді немерелер сыйлады. Інім мен келінім әкемізбен шешемізді алақандарына салып күтті.

Өкінішке орай, өмір бір қалыпта тұрмайды, Алланың жазуымен, шешеміз Ақжекей мәңгілік мекеніне аттанып, сексеннен асқан жасында әкеміз Шаяхмет жалғыз қалды.

Бұл жағдай біз үшін өте қиын кезең болды. Басқа түскен соң бәрінеде көнесің. Әкей-шешейден кейін бес жыл өмір сүрді, кейінгі екі жылында, міндеті кісіде болып, жатып қалды. Барлық ауыртпалық Алтынға түсті, мен өз басым сол уақытта иманды болғыр Ошекең мен Бибіжамал шешеміздің қыздары Алтынға берген тәрбиесіне қатты риза болдым.

Ошекең мен Бибіжамал құда-құдағиымыз тұла бойы тұңғыштары Ырысалды мен тоғыз бала өсіріп, бәріне жоғары білім беріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Аллаға шүкір, бүгінгі күні Ошекеңнің балалары түгелдей «Ата-әже» деген құрметті атаққа ие.

Қабиболла ШАЯХМЕТҰЛЫ,
еңбек ардагері, зейнеткер.

 Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар