Көңіл төріндегі «Қаракөз» ансамблі

Сарытап сағыныштың сары алтынмен апталған жалқын нұрлы жүзіндей бәз баяғы балалық шақ, ұлы өнерге көзсіз құштар кезең көкірегін қоламтаның шоғындай жылытып тұратыны бар. Ол кезде Болаттың әке-шешесі қазақ металлургиясының қара шаңырағы есебіндегі Қарсақбай поселкесінде тұратын.

Бала Болат далаға құмар, дархан да дүбірлі даланың көркем дидарын көргісі келеді. Дала ақселеулері басын бұлғап, ән салатындай. Шоқы біткен дала күйін тыңдайтындай. Ертеден қара кешке дейін тебірене толқып, сары белінде саз ойнап жатады. Сезім сабасы шүпілдеген бала Болат Қарсақбайдың етегінен басталып, кең жазылатын қазақ даласының бар қиырын қырандай шолып, көктей өткісі келіп, қанатын қомдап қояды. Поселке шетіндегі жалғыз аяқ жол ұзап барып, көгілжім мұнарға боялған көк аспанның етегіне сіңіп кетеді  екен. Сол жолға түскісі келетін. Осы бір қыз бұрымындай бұралып жатқан қара жол болашақ өнер жолы, биікке бастар, алысқа апарар жол болып көрінетін.

Әкесі зауытта жұмыс істеді. Бала болса да жұмысының қиын екендігін іші сезеді. Қара жұмыс қажытып, шаршап-шалдығып келгенде қолына домбыра алатын. Әлдебір әуен төгіліп жүре береді. Әуелі мұңды. Бірте-бірте салтанатты, рәуішті ырғаққа ұласады. Сол сәтте жаңа ғана еңкіш тартып отырған әке бейнесі тіктеліп алатындай. Тіпті тұла бойынан қарағайдың қарсы біткен бұтағындай қажыр-қайрат есіп тұрады. Сөйтсе әкенің алпыс екі  тамырына өлшеусіз күш-қуат құятын өнердің құдіреті екен ғой. Анасы Күміс те әсем дауысымен халық әндерін шырқар еді. Қарсақбайдың тұрғындары, көрші-қолаң жадыраған жаз айында есік алдына жиналатын. Әдемі ән тыңдар еді, сол әнмен көңілдерін сергітер еді. Бала Болат ән деген құдіреттің қаншалықты күшті екенін осы адамдардың ән әуенімен қорғасындай балқып отыратын жүздерінен, жадыраған жан сарайларынан ұққан.

Табиғат қабілет сыйлады. Бес-алты жасында-ақ бір естіген әнді де, сөзді де айнытпай қағып алатын. Әнші бала атанды. Әсем ән тыңдауға аңсары ауған ауылдастары:

–Болатжан, «Әй-әй бөпемді», әйтпесе «Қараторғайды» шырқап жіберші, – деп қолқалайтын.

Өзі де жарауы жеткен жүйріктей ауыздығымен алысып тұрған жас бала бәлсінбей шырқай жөнелетін.

Ауылым көшіп барады Алмалыға,

Кім көнбейді тағдырдың салғанына,

Көрмегелі көп айдың жүзі болды,

Ата-анамның хабарын алмағалы.

Сағыныш тұнған сұлу өрнекті ән сәл төмендей басталып, қияға қанат қағатын. Астарында мұң мелтектеп тұрғандай. Сағыныш оты жан дүниеңді өртейтіндей үзіліп үздігеді. Күміс қоңыраудай сыңғырлап, қоңырлап басталған алғашқы шумақ қайырмасына келгенде жүрек шіркінге мың батпан салмақ салады.

Әй-әй бөпем,

Кейін қалған елімді,

Көрер ме екем?!

Дәл осы жеріне келгенде манадан бері көңілдері босап, өздері де әрең отырған үлкендер жағы көзге ерік береді. Сәлден соң ес жиып, ақыл тоқтатқан соң жан дүниелерін желді күнгі теңіздей толқытқан ән шырқаған әнші балаға ақ алғыстарын жаудырады-ай келіп.

–Жалмұқан мен Күміске тартқан бала неге әнші болмасын?! – дейді біреуі.

–Жаратқан ие тіл-көзден аман қылсын, – деп тілек тілейді екіншісі.

Бала жаны қашанда жақсылыққа еліктегіш. Бірде Болаттың көршісінің зағип баласының қолынан сырнай көргені бар. Сырнаймен сызылтып салған әндер жан-дүниеңді алай-дүлей ететіндей керемет әсерлі болады екен. Сырнайдың тілі мұң тілін айнытпай келтіре ме қалай?! Өзі де тартып көрмекші болып ұмсынып еді, зағип баланың кейін үйретемін ғой деген сөзі тосқауыл болды. Енді есі-дерті сырнай болып алды.

–Әкең жұмыстан келген соң айтамын, сатып алып береді, – депанасы жұбатқан.

Ақкеңсе ауылының адамдары бір күні дүр ете түсті. Жақсылық хабар екен. Құтты ақ түйенің қарны жарылғандай әдемі қуаныш. Шоқ жұлдыздай шағын ауылға атағы жер жарған Болман ақын келіпті. Алқақотан отырған ауыл адамдарының ортасында айбыны асқан Болман ақын нешетүрлі терме мен толғау орындады. Қарсақбайдың қырғи тілді ақыны есте жоқ ескі кезеңнің ғажайып бейнесін дүйім жұрттың көз алдына әкеліп, ел тарихын екшеп шықты. Жау қашырған батырлық та, ел қорғаған ерлік те, таңғы шықтай мөлдіреген махаббат та жыр тілімен өрілді. Әлден уақытта ақынның уыз сөзіне шөл қандырған жалпақ жұрттың назары Болатқа аусын. Сол-ақ екен, әнші бала боз даланың бозторғайы іспетті шырқап қоя берді. Әуелі үлкен ақынның алдында етегін жиып қобалжыған. Әуелде жүрексінгенімен, сәлден соң көкіректің терең бір түкпірінен шымырлап шыққан сырлы да сұлу ырғақ өз желісін тапқан. Жайлаудың қаракөк аспаны да, үнсіз жымыңдаған жұлдыздар да әнші баланың өнеріне сұқтанып қарап, мейірін төгіп мөлдіреп тұрғандай. Әсем ән аяқталысымен, сөз қадірін, ән қадірін білетін тәмам жұрт дүр ете түскен.

–Қарағым, кімнің баласысың? – деп сұрады Болман ақын.

–Жалмұқанның.

–Айналайын-ай, тегіңе тартқан екенсің, қадамыңа нұр жаусын.

Болман ақынның батасы жебеді. Қос қолтығынан періштедей жебеді.

Алғашқы махаббат жан жүрегін тербеген. Жүрек түкпіріндегі сезім ән болып құйылды. Тұла бойы тұңғышы – «Сағыныш» әні дүниеге келді.

Жаздың күні барқыт еді әдемі,

Ашық еді бүкіл аспан әлемі.

Ай сәулесі түсіп тұрды жүзіңе,

Қабағыңда сәл көлеңке бар еді.

Жетпісінші жылдары шыққан осы ән жастардың сүйіп айтатын әніне айналды. Жезқазғандағы құю механикалық зауытында темір жонушы болып істейтін жас жігіттің есімін Алтайдан Атырауға дейінгі қазақ даласына танытқан да осы ән. Іле-шала айтулы ақын Тұманбай Молдағалиевтің «Сен кінәлі емессің», «Оянған махаббат» деп аталатын өлеңдеріне ән жазды. Бұл әндер де қазақ радиосының эфирі арқылы кең-байтақ республикамыздың түкпір-түкпіріне шымырлай тарап жатты.

Станок жанында қара жұмыстан қажып келгеніне қарамастан, ымырт үйіріле Жезқазғанның металлургтар сарайынан табылатын қарапайым жұмысшы жігіттің алқалаған ән ғұмыры осылай басталды. Талай ән жүрегін жаулағанымен, ешкімді қайталаған жоқ. Өз бағыты,  өз талғамы, мақсат-мұраты бар еді. Әйтсе де кез-келген жерде өзін көрсетіп қалуға тырысатындардың санатынан емес еді. Әр туындысын әбден пісіріп, көңіл таразысына салып барып қана көрермен назарына ұсынатын. Бәлкім содан болар, майталман музыка мамандары Болатты ұлттық эстрададағы талғамы жоғары өнерпаздардың тобына қосады. Әнші-сазгер жаратқан ие сыйлаған қабілет-қарымының арқасында ғана емес, терең ізденіс, айрықша еңбекқорлығының арқасында өз биігіне көтерілді. «Сағыныш» әнінен кейін «Махаббат тангосы» дүниеге келді.

1974 жылы облыста жаңадан құрылған филармонияға әнші ретінде қабылданды. Бұл қадам өнер өлкесіне жасалар ұзақ та мазмұнды, мәнді де баянды сапардың басы еді. Заманында «Жезкиік» ансамблінің жезтаңдай әншісі, гитарада ойнаудың шынайы шебері атанған Болат Есмұханов шығармашылық тұрғыдан кемелдене түсті.

1988 жыл. Ұлы өнердің ұлағатты ордасы – Жезқазғанда жергілікті таланттардың басын қосқан «Байқоңыр дауысы» фестивалі өткізілді. Ұлы додаға Есмұхановтар отбасы да қатысып, өз өнерлерін көрсетті.  Інісі, әуесқой композитор Ахмедияның «Тамшылар» әнін жұбайы Мара, баласы Қамбар, бәрі қосылып, нәшіне келтіріп орындап шықты. Осы жолы өнерпаз әулет фестивалдің лауреаты атанды.

–Асылында алысқа арнап ән шығару тума таланттың ғана қолынан келсе керек, – дейді Болат аға, – табиғат тұла бойына қапысыз қабілет дарытып, түйсік бермесе, ешкім сазгер бола алмайды ғой. Бәрі көңіл ауанына байланысты. Кейде бір ауыр ойлармен арпалысып, жан дүнием құлазып жүретінім бар. Ал, енді бір сәт шаттықтың теңізін кешіп жүремін. Осындай көңіл шіркін, аласапыранға түскен кезде ән тумақ. Сол кезде ғана жан дүнием қалпына келеді.  Жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді дейді емес пе? Байыптап қарасаңыз, ән де солай. Төл шығармаларым эстрада жанрында жазылса да, халықтық сарын басым. Әндерімнің алғашқы орындаушылары да өзім.

Бүгінгі таңда Болат Есмұханов отыздан астам әннің авторы. Қасиетті Көкше өңіріне келгеннен кейін де шығармашылық биігінен төмендеген емес. Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкше топырағында жазиралы Жезқазған даласынан басталған өнер сапары жалғасуда. Әйтсе де, алыста қалған сол бір шақ бәз-баяғы «Қаракөз» көңіл түкпірінен шықпайды. Бөкеңнің ән тақырыптарына оралсақ, пенде ғұмырдың пешенесіне жазылған бар болмыс кілкіп тұрғандай. Заманында көрнекті ақын Кәкімбек Салықов, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тұманбай Молдағалиевтар «Қаракөз» ансамблінің шығармашылығына биік баға берген.

Осыдан жарты ғасыр бұрын Қарағанды қаласында көркемөнерпаздар ұжымдарының облыстық байқауы өткізіліпті. Жезқазғаннан үлбіреген үміт арқалап жас ұжым да жеткен. Бақтарын сынап көрмек. Бір қызығы, ансамбльдің атауы да, әншілердің сахналық киімдері де жоқ. Аппаратуралары да ақсап тұр. Облыстағылар шақырған соң бір қазақ ансамблі барсын деген болуы керек. Әйтсе де, жас өнер ұжымы талай тарландар тоқайласқан сынақта табыссыз болған жоқ. Алғашқы күні ақылдаса келе, ансамбль  мүшелері «Қаракөз» атауын қалады. Тұсаукесер сынақтаБолат Есмұхановтың «Сағыныш» әнін ансамбль әншісі Сәлімжан Сейілов орындады. Ән додасын енді-енді жарқырап шығып келе жатқан, арада біраз уақыт өткен соң шынайы өнердің дүлдүліне айналған Шынболат Ділдебаев жүргізді. Екі күндік байқаудың нәтижесінде «Қаракөз» ансамблінің жұлдызы жанды. Сол сәттен бастап «Қаракөз» ел аузында.

Бүгінде ән өнерінің ақмаңдайлы жұлдызы Болат аға көкшетаулық өнер иелерімен шығармашылық байланыста. Жан жары Мара екеуі Көкшедегі өнер кештеріне жиі қатысып, ел мерейін өсіруде. Жезқазғанның киелі топырағынан нәр алған Жезқазған қаласының құрметті азаматы Болат Есмұханов күні бүгінге дейін көпшілік қуанышына айналуда. Тума талант иесінің бар еңбегін, өнер әлеміндегі шуақты жолын тегіс айтып шығу әсте мүмкін емес. Көп көңілінде сақталған қазақ эстрадасының тұңғыш жұлдыздарының бірі әрі бірегейі «Қаракөздің» қалай өмірге келгені туралы бір үзік сыр шерте отырып, айшуақ әндерімен Алаш көңілін көркейтіп келе жатқан Болат ағамыз туралы аз-кем әңгіме өрбіттік. Оқырман білсін, сол бір талайлардың көзайымы «Қаракөзді» еске түсірсін, Бөкеңнің өнеріне, композиторлық талантына тәнті болсын деген ниетпен.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар