Тұрғын үйі бар Қазақстан Республикасының азаматы үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы реформалар әрдайым анық бола бермейді және де «реформа» сөзінің өзі жылдар бойы жинап немесе несиелік міндеттемені әлі де төлеп бітірмеген баспана үшін бір түрлі екі ұдай сезім тудырады. Осы мәселені толық түсіну үшін заңгер болу немесе заңды білу қажет емес.
Заң бойынша 2023 жылғы 1 шілдеден бастап пәтер иелері кооперативтері (ПИК) қабылдау-беру актісі бойынша көппәтерлі тұрғын үй кеңесіне көппәтерлі тұрғын үйді, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін салуға, күтіп-ұстауға және пайдалануға байланысты барлық қолда бар құжаттарды беруге, қабылдау-беру актісіне қол қойылғаннан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес ПИК-ті жою жұмысын жүргізуге тиіс. Әрі қарай пәтер иелері кондоминиум объектісін немесе қарапайым тілмен айтқанда, көп пәтерлі тұрғын үйді басқару үшін төмендегі нысандарының бірін таңдайды:
1) мүлік меншік иелерінің бірлестігі (ММИБ);
2) көппәтерлі тұрғын үйдің жай серіктестігі (ЖМ).
ММИБ – бұл коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға, ол әділет органдарында мемлекеттік тіркелген сәттен бастап құрылған болып саналады және заңды тұлғаның құқықтарына ие болады. ММИБ принципі: Бір үй — Бір ММИБ — Бір есепшот.
Егер соңғы уақытқа дейін ПИК-ке бірнеше үй кірген болса, енді бұл ереже жойылып, МИИБ-ді тек бір үйдің тұрғындары жасай алады және өз шоттарына ие болады, бұл мәселе үй тұрғындары үшін тиімдірек. Төраға меншік иелерінің арасынан сайланады және қызмет көрсетушілермен, сервистік қызмет субъектілерімен шарт жасай алады.
ЖМ — бұл заңды тұлға құрмай-ақ пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иелерін тікелей бірлесіп басқару. Тіркеу және жарғы талап етілмейді. Пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың барлық иелері берген сенімхат негізінде әрекет ететін сенімді тұлғаны таңдайды.
ММИБ немесе ЖМ құру кезінде үйді күтіп ұстау және пайдалану тарифтерін төмендету немесе арттыру мәселелерін жалпы жиналыста тұрғындардың өздері шешетінін атап өткен жөн. ММИБ құру кезінде мүлік иелерінің жартысынан көбінің келісімі қажет екендігі маңызды, бұл 51 пайыздан асады, ал, ЖМ құру кезінде барлық меншік иелерінің 100 пайыз келісімі қажет.
Жаңаға көшу өз үйіңіздің болашағын ойлауға, салған ақшаңызды басқаруға, өз қалауыңыз бойынша жұмысшыларды жалдауға, сондай-ақ, көптеген мәселелерді өз бетінше және жалпы күш-жігермен шешуге мүмкіндік береді.
Мәселен, Ақмола облысы бойынша бүгінге дейін барлығы 246 ММИБ тіркелді, оның 125-і Көкшетау қаласында. Соның ішінде облыс бойынша 22 ПИК, Көкшетау қаласы бойынша 11 ПИК жойылды.
Осылайша жаңа тұрғын үй саясаты меншік иелеріне шартты түрде құрылған ПИК-тен бас тартуға және өз үйіңізді қамқорлықпен және жауапкершілікпен басқаруға мүмкіндік береді.
Бота СЕЙФУЛИНА,
Ақмола облысы әділет департаментінің бас маманы.