Балалар жылындағы шарапаттың шуағы мол

Облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова облыстағы Балалар жылының қорытындылары туралы  өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңындаөткен брифингте баяндап берді.

Ізгі қоғам келер күннің көкжиегін кеңейтіп, ел тұтқасы болатын балаларға бар жақсылық пейілін арнауы керек-ақ. Ел Президенті 2022 жылды Балалар жылы деп жариялауы да ертеңгі күнді ойлаған парасатты пайымнан бастау алып отырғандығы даусыз. Биыл өңірде балалар жылын өткізуге байланысты 25 бағыттан тұратын іс-шаралар жоспары түзілген болатын. Бұл мақсатқа 18,3 миллиард теңге қаражат бөлінді. Енді бір сәтоблыста «Жайлы мекен» бағытында қандай жұмыстар атқарылғандығын таратып айта кетелік. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Қосшы қаласында 1200 оқушыға лайықталған жаңа мектеп есігін айқара ашты. Қала тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылғандай қуаныш. Өйткені, жаңа білім ошағының пайдалануға берілуі бұған дейін амалсыздан оқытылып келген үш ауысымдық жүктемені жеңілдетеді. Бұл түйінді мәселе біртіндеп шешіліп келе жатқанымен, Аршалы ауданындағы Жібек жолы және Қосшы қаласындағы №2 мектеп әлі де осындай үдеріспен жұмыс істеуде. Алдағы уақытта түйткіл мәселе түбегейлі шешіледі деген үміт бар. Айталық Жібек жолы ауылында 300, Қосшы қаласында 1200 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Өңір бойынша айтатұғын болсақ, сыйымдылығы 5472 орындық 14 мектеп салынуда.

Мектеп оқушылары терең білім, тәлімді тәрбие алу үшін барлық жағдайды жасау қарастырылуда. Ағымдағы жылы 71 білім беру ошағына 2,4 миллиард теңге қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жазғы демалыс уақытында балаларды сауықтыруға қызмет ететін «Сұңқар» қала сыртындағы кешені ашылды. Жазғы демалыста облыстың 1500 оқушысы кешенде болып, дем алды.  Спорт инфрақұрылымын дамытуға да жеткілікті көңіл бөлініп отыр. Айталық, Ерейментау қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, спортқа аңсары ауып тұратын балалардың игілігіне жаратылуда. Сандықтау ауданындағы Балкашино ауылындағы «Урожай» стадионы қайтадан жаңғыртылды. Шортанды ауданындағы «Қайнар» спорттық-сауықтыру кешеніне жөндеу жүргізілді. Облыстың сегіз ауданында 35 спорт алаңы орнатылды. Материалдық-техникалық базаны нығайту үшін зертханалар орнатылып, жаңа үлгідегі кабинеттер жасақталды. Білім ошақтарында 205 робототехника кабинеттері жұмыс істеуде.

«Дені сау бала» бағыты бойынша да қыруар жұмыс атқарылды. Көпсалалы облыстық балалар ауруханасының базасында үстіміздегі жылы 650 балаға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап Степногорск қаласында «Ерте араласу орталығы» өз жұмысын бастады. Бүгінгі таңда бұл орталықта 600-ден астам бала кешенді оңалту көмегін алуда. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында патронаждық қызметтің әмбебап прогрессивті моделімен жаңа туған балалардың 93,5 пайызы қамтылды. Жыл ішінде 130 мыңнан астам  бала профилактикалық тексеруден өткізілді. Бір жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингпен қамту 91,8 пайызға дейін ұлғайды. Көкшетау, Степногорск қалаларында және аудандарда күндізгі стационарлар құрылды. Мүгедек балаларға арналған 3 оңалту орталығы ашылды.

«Бала қорғау» бағытында қыруар шаруа қолға алынған. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан 15877 мектеп оқушысы жаңа оқу жылы қарсаңында тегін мектеп формасымен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа 692 миллион теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда облыстың білім ошақтарында 32 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр. Оған облыстық бюджеттен 3,6 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Оқушыларды тасымалдау да мүлтіксіз атқарылуда. Ағымдағы жылы 366 миллион теңгеге 65 автобус сатылып алынды. Бұл көліктер 207 елді мекеннен бес мыңға жуық баланы білім ошақтарына тасымалдау үшін пайдаланылады. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды дамыту үшін барлық жағдайды тудыру өте маңызды. Биыл облыста 6 кабинет ашылды.  Балаларды қосымша біліммен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік тапсырысқа 3,4 миллиард теңге бөлініп отыр.

«Баласын жетімсіретпеген ел» бағытында облыс әкімдігі өңірдегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық үйлерге орналастырудың баламалы нысанын кәсіби отбасының қабылдауын енгізу бойынша Қазақстан Республикасы Білім министрлігімен және «Ана үйі» қоғамдық қорымен меморандумға қол қойды. Бұл бағалы бастама 2023 жылдан бастап жүзеге асырылмақ.

Балалар жылын ұйымшылдықпен өткізу, жақсылықтың шарапатын әр баланың көруі жергілікті атқарушы органдардың ұдайы бақылауында болып келеді.

Б.ҚАЙЫРЛИН. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар