Өмірлік маңызы бар салаларды ілгерілету – уақыт талабы

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Малғаждар Тәткеев өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте ағымдағы жылдың энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол және құрылыс салалары бойынша атқарылған жұмыс барысын қорытындылады.    

Өңір тұрғындарының жайлы тұрмысы алдымен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мүлтіксіз жұмыс істеуіне байланысты. Әлеуметтік әл-ауқат дегеніміз де осы. Бұл салаға республикалық және жергілікті бюджеттен жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Алаңдайтын жай да аз емес. Мәселен, жылу беру маусымы басталысымен кемшіліктер қылаң беретіні жасырын емес. Таяуда Екібастұздағы орын алған адам айтқысыз ауыр апат осындай пікірдің нақты дәлелі.

Біздің өңірде де үстіміздегі жылы жылу беру маусымы басталысымен Бурабай, Атбасар аудандарында бірқатар мәселелер туындады. Әлеуметтік желілерде жекелеген тұрғын үйлерді жылумен жабдықтау сапасына байланысты шағымдар түсе бастады. Ерейментау, Атбасар қалалары мен Бурабай кенті, Зеренді селосындағы жағдай іле қалпына келтірілді. Әдетте, мамандар жылу беру маусымы штаттық режимде өткізіліп жатыр деген сөздің астарында қыруар еңбек пен қомақты қаражат бар екендігін түйсіне бермейді. Көпшілікке түсінікті болуы үшін ағымдағы жылы жылумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға, энергия ресурсын сатып алуға 11 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінгендігін айта кеткен ләзім.

Оның бір жарым миллиард теңгесі нысандарды салу және жаңғырту бойынша жүргізілген 8 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға жұмсалды. Қалған 10 миллиард теңге жылу беру маусымына дайындалуға бағытталды. Щучинск-Бурабай кенттерінің қазандықтарына мазут сатып алуға 7 миллиард теңге бөлінді. Бұл отын-көмірге қарағанда әлдеқайда қымбат. Егер ауа температурасы 7 градустан төмен түссе, қаланы жылытуға көмір қазандықтарының қуаты жетпей қалар еді.

Мәселені түбегейлі шешу қажет. Жыл сайын жағдай күрделене түсуде. Қолданыстағы қазандықтардың тозуы 70 пайызға жуық. Тығырықтан шығатын жалғыз жол жылу электр орталығын салу. Жобаның жалпы құны 240 миллиард. Игілікті істі жеделдету үшін уақыт керек.

Өңірдегі елді мекендерді газбен қамтамасыз ету мәселені түбегейлі шеше алады. Жақын арада халық көгілдір отынның игілігін көреді деген үміт бар. Әзірге газ желісі Аршалы, Целиноград аудандарының елді мекендеріне келді.

Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін келесі жылы республикалық бюджеттен 12 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінбек. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен де 3 миллиард теңге қаржы бағытталады. Елді мекендердің тығыздығына және көлеміне орай әртүрлі көзқарас бар. Негізінен, даму перспективаларына байланысты. Сәл таратып айтатын болсақ, тұрғындар 200-ден астам 68 ауылда су құбыры желілерін салу жоспарлануда. 200-ден аз адам тұратын 72 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылмақ. Тұрғындар саны жүзден төмен 37 ауылда су тарату пункттері орналастырылады.

Ағымдағы жылы электрмен жабдықтау саласын дамыту қолға алынады. 14 елді мекенге осы мақсатқа 4 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр.  Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуына қарағанда, облыстың 605 елді мекенінің 492-сі бас жоспармен қамтамасыз етілген. 2022 жылы өңірде облыстық және жергілікті бюджет қаражатының есебінен 18 елді мекеннің бас жоспарлары әзірленеді.

Тұрғын үй саясаты саласындағы ауқымды реформалар да көпшілікті толғандырып отырғандығы белгілі. Жалға беретін тұрғын үйлердің орнына несиелік тұрғын үйлер ұсынылуда. Жалпы еліміз бойынша жалға беретін тұрғын үйді қаржыландыру тоқтатылды.

Брифингте жоғарыда аталған салаларда ауқымды шаруалардың тындырылғандығы айтылды. Осының барлығы ел ішіндегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартуға байланысты. Өйткені, бұл – уақыт талабы.

Б.ҚАЙЫРЛИН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар