Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жазықсыз жайсаңдардың жоқшысы Жайық аға - АРҚА АЖАРЫ

Жазықсыз жайсаңдардың жоқшысы Жайық аға

«Жәкең – шежіре адам. «Кеудесі жақсылардың алтын сандық» демекші, бұл ағамыздың ұрпаққа ұлағатты әңгімелері, ескірмейтін естеліктері көл- көсір.Бұған Жәкеңнің қаламынан туған бағалы дастандар мен толғауларды, өлеңдерді қосыңыз. Бұл дегеніңіз әдебиет пен өнер зерттеушілеріне, тарихшы ғалымдарға аса жәдігер мұра болып табылады.

Ақселеу Сейдімбеков,
әдебиет зерттеушісі, ғалым, филология ғылымдарының докторы. 

КСРО және Қазақстан Жазушылар одақтарының, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының, бұрынғы Бүкілодақтық географиялық қоғамның мүшесі, белгілі журналист-жазушы, публицист Жайық Кәгенұлы Бектұров 1912 жылы 15 қазанда Ақмола облысының Ақкөл ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген.

Cталиндік лагерьлердің азабын тартқан қаламгер1942 жылы мамыр айында қамауға алынып, НКВД-інің айрықша кеңесінің шешімімен РСФСР Қылмыстық істер кодексінің 58-ші бабымен сырттай он жылға кесіліп, Солтүстік Оралға «Ивдельлаг» лагеріне жер аударылады. 1945 жылы ақпан айында тағы да НКВД-інің айрықша кеңесінің шешімімен 10 жылды 5 жылға қысқартқанынан кейін, 1947 жылы 22 мамырда аман-есен бостандыққа шығады.

Жайық Бектұров республикамыздың әдеби және мәдени өміріне зор үлес қосқан тұлға. Осы еңбегі оны жұртшылықтың зор құрметіне бөледі. Жазушының «Жол жоралғысы», «Өткел», «Ақиқаты осы еді» сияқты елеулі шығармалары жарық көрді. 1977 жылы жарық көрген «Жол жоралғысы» жинағына қаламгердің Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Григорий Потанин, қобызшы-жыршы Нұрғожа Атабеков жайлы тарихи көркем очерктері енгізілген. Жазушы басқа ұлттар әдебиетінің озық үлгілерін қазақ оқырмандарына танытуда көп жұмыс тындырды.

Жайық Кәгенұлының өрнекті тілімен қазақшаланған Г.Серебрякова, Ш.Петефи, Д.Дефо, Я.Гашек, Л.Пантелеевтің шығармаларын кезінде оқырмандар жылы қабылдады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қаламгер Нұрмұхан Оразбеков Жайық Кәгенұлының сталиндік зұлматты әшкерелейтін 40 жылдан аса баспада жарияланбай жатқан «Таңба» атты романын, егемендік алған соң, 1997 жылы «Қазақстан» баспасынан шығарды. Бұл кітап еліміздің шежіресіне қара таңба болып басылған отызыншы-қырқыншы жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің алапат ащы шындығы, сол нәубеттің құрбаны болған тұғырлы тұлғалар, талай тағдырлар жайында баян ететін туынды.

Жалпы, бұл шығарма азап лагеріндегі өмірді қазақ әдебиетінде бейнелеген тұңғыш еңбек. Жайық Кәгенұлы шығармашылық шабытқа мініп, Алаш қайраткерлері туралы талай естеліктер жазып тастады. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Жұмабаев бейнесіне шаң түсірмеді. Естелігімен, ізденісімен келешек ұрпаққа ұлы бейнелерді анық қалдыру жолындағы үлкен еңбектерінің өзі бір төбе.  Жайық Бектұров Абай, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Б.Тәжібаев, Т.Жароков, С.Ерубаев, Б.Сәрсенбаев, тағы басқа жазушылар еңбегіне мақалалар жазған. Қолжазбаларында осы жазушылар туралы естеліктері жиі кездеседі. Оның бұл жазғандары мерзімді басылымдарда жарияланды және 2002 жылы «Енеден ерте айырылған төл секілді» жинағына енгізілді.

Жайық аға өзіне тағылған жалған айыптан кеш ақталған жан. Тар қапастан босап шыққаннан кейін басқа жерде тұруға рұқсат етілмеуіне де байланысты қашан 1998 жылы мәңгілік көз жұмғанша кеншілер қаласында тұрды. Осында баспасөз, әдебиет майдандарында аянбай еңбек етіп, облыстың, қаланың қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласты. Сондықтан, өзі өмірден өткен соң, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 14 қыркүйектегі №1205 Қаулысы бойынша Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасына Жайық Кәгенұлы Бектұровтың есімі берілді. Сол жылы 12 желтоқсанда кітапханада «Сирек кітаптар, қолжазбалар және музей жәдігерлері» бөлімі ашылып, онда Ж.Бектұровтың мемориалдық кабинет-музейі мен оқу залы орналастырылды. Мемориалдық кабинет-музейдің  бірінші залында жазушының көзі тірісінде пайдаланған заттары мен киімдері, тарихи тұлғалар, маңызды оқиғалар туралы ізденіп, зерттеп жазған 689 бағалы да құнды қолжазбасы, 1167 суреті, талай сыр сақтаған 98 хаты,  тағы басқа да түрлі-түрлі ескерткіштері сақталған.

Екінші залда өз қолымен жинаған кітаптарының  саны – 4500. Бұл кітаптардың бәрін де тек жинап қана қоймай, оқып, өзінің ой-пікірлерін, ескертулерін жазып отырған.Әр кітапта қашан, қай жерде сатып алынғаны жазылып, қолы қойылған.

Шәкірттерінің бірі ардақты ақын Кәкімбек Салықов 1970 жылы  Ж.Бектұровқа сыйлаған «Сыр» поэмалар мен өлеңдер жинағында «Қадірлі Жайықағаға! Қамқор қүндеріңізді еске алып бірге қуанарсыз»,  халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Екі томдық таңдамалы шығармалар» кітабына «Жазықсыз жайсаңдардың жоқшысы Жайық ағама – құрметпен» деп, жазушы А.Сейдімбеков 1978 жылы «Қыр хикаялары» кітабына «Ақсақалым, ақ Жәкем! Егер адам баласының ең үлкен ұстазы Өмір дейтін болсақ, сол Өмірді ұстаз дегізетін өзіңіз сияқты көргені көп,  көне көздер. Мына шағын еңбек інілік, шәкірттік тілеулестіктің белгісі»деп өз қолтаңбаларын қойыпты.

Жайық Бектұровтың кітап коллекциясы өте құнды және сирек кездесетін кітаптармен ерекшеленеді. Мысалға, 1862 жылы шыққан әдебиетші, этнограф Ипполит Ирина́рхович Завалишиннің «Описание Западной Сибири» еңбегі, 1887 жылы шыққан әдебиет зерттеушісі П.А.Висковатовтың   «Сочинения Лермонтова» кітабы,  1913 жылы баспадан шыққан ғалым-саяхатшы, географ П.П.Семёнов-Тянь-Шанскийдің «Россия. Полное географическое описание нашего отечества… Том 19. Туркестанский край (1899-1913) кітаптарыменқоса,көлемішағынкітаптар да баршылық.

Сондай-ақ, 1955, 1960, 1967 жылдары қазақ жазушылары М.Әуезов, І.Есенберлин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, А.Тәжібаевтың көзі тірісінде аз тиражбен шыққан шығармаларын кездестіресіз. Жазушының жеке кітапханасында1936 жылы латын әліпбиімен басылып шыққан ақын Ө.Тұрманжановтың өлеңдер жинағы, 1940 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті» хрестоматиясы бар.

Сирек кездесетін және аса бағалы кітаптар, қолжазбалар, мақалалар, фотосуреттер іріктеліп, қалпына келтіріліп, цифрлық форматқа аударылды. Ж.Бектұров қоғам және мемлекет қайраткерлері, жазушылар мен ақындардың талайын көрген, бірқатарымен дос болған. Сәкен, Ілияс, Бейімбеттермен кездескен, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сияқты ардагер ағалармен бірге жүрген, тәлім алған.

Кітапхана өскелең ұрпаққа жазушы Жайық Бектұровтың шығармашылық бай мұрасын таныту мен дәріптеу мақсатында, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Таңбалы тарлан» («Адамзат рухани күш-қуатының құдіреті: XX ғасырдағы зобалаң жылдар менің жанұям тарихында» – «Гимн силе человеческого духа. Трагедии 20 века в истории моей семьи» республикалық конкурстарын, Қарағанды облысы жастарының арасында «Көкірегі көмбе  тау тұлға»  І, ІІ, ІІІ Жайық Бектұров оқуларын, Ж.Бектұровтың өмірі мен шығармашылығына арналған кездесу, еске алу кештерін, онлайн-конференция, дөңгелек үстелдер, тағы да басқа ауқымды  шаралар ұйымдастырып, өткізіп келеді. Ж.Бектұровтың өмір жолы мен шығармашылығы және мемориалдық музей-кабинет туралы ақпараттарды кітапхананың  www.uniorlib.kz ресми сайтынан табуға болады.

Туған өлкесі Ақмола облысы Ақкөл ауданының орталығы Ақкөл қаласында да есімі дәріптелген жазушының еңбегін жас ұрпақ еш ұмытпақ емес. Осы ауданның Құрметті азаматы, педагог, жайықтанушы, «Жаны жайсаң Жайық аға» жинағының авторы  Еркін Дәуешұлының осы тұрғыдағы өлшеусіз ізденісін ерекше атап өткен жөн. Осы жылдың 6 қазан күні туған жері Ақкөл ауданында жазушының туғанына 110 жыл толуына орай, мерейтойлық іс-шаралар өтті. Мерейтойлық жиынға белгілі ақын-жазушылар, журналистер, елімізге танымал елеулі тұлғалар және Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері де қатысты.

Ел тарихы – әр адамның тағдыры, ұлттық рухтың бет-пердесі. Көп жасап, көпті көрген, қаламымен асылды терген белгілі жазушы, рухы биік тұлға Жайық Бектұровтың әдеби қоры мол. Жазушының өмірі мен әдеби мұрасы – келешек ұрпақ үшін өшпес асыл қазына.

Нұргүл ҚАЛЕНОВА,
 Жайық Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер
кітапханасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар