түрік және араб тілдерінде жарық көрді
Ескі жылдың соңы есімі баршамызға белгілі көкшетаулық ақын-жазушы, драматург Баянғали Әлімжановты, осы жерлес қаламгермен бірге барша тілеулестерін екі жағымды жаңалықпен қуантып отыр және қуантуы тиіс. Олай дейтініміз, жуырда ғана Баянғали ағамыздың Түркия республикасының Стамбул қаласында түрік тілінде «Абылай хан мен батырлар» атты повесі кітап болып шықты. Сөйтіп, Шоқан, Шәкәрім, Машһүр Жүсіп аталарымыз жазып қалдырған даланың тарихи аңыздарына негізделген кәделі повесть бауырлас ел оқырмандарына 3500 дана таралыммен жол тартты.
Енді осы кітаптың шығу тарихына аз-кем тоқтала кетсек, қазақтың бір патриот азаматы осы туындыны айрықша ұнатып, аталарымыздың туған жер, туған елді қорғаудағы ауыр да абыройлы ерлік жолын түрік әлеміне танытуға талап қылып, өз қаржысына шығарып беріп отыр. Кәделі кітапты түрік тіліне аударған қазақ әдебиетінің үлкен досы, ғалым Ашур Өздемір. Аудармаға дәнекер болған белгілі әдеби агент, қазақтың полиглот қызы Бақтыгүл Махамбетова. Суретін салған дарынды суретші Қайрат Жәйірбек.
Бұл қуаныштың лебі басылмай жатып, сонау Мысыр елінен екінші бір сүйінші хабар келді. Египетте жазушының орыс тілінде жазған «Сказ столетнего степняка» романы араб тіліне аударылып, жеке кітап болып баспадан басылып шығыпты. Бұған дейін автордың дәл осы кітабы Лондонда ағылшын тіліне аударылып, жарық көрген болатын. Әдеби-мәдени өмірімізде осындай бір ерекше қуаныш құлағымызға тиіп отырған біздер де «Арқа ажары» газетінің атынан жерлес қаламгерді осы жетістіктерімен құттықтап, жаңа шығармашылық табыстар тілейміз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.