«Viamedis» – жаңа деңгейдегі емдеу орталығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына  арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ұлттық жоба аясында инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жан сақтау және оңалту бөлімдері ашылатындығы туралы айтылған болатын. Бұл жай төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырмақ.

Үстіміздегі жылы облыстың денсаулық сақтау саласындағы жан жадыратып, көңіл демдейтін жағымды жаңалықтың бірі Көкшетау қаласында «Viamedis» клиникалық оңалту орталығының ашылуы болды. Ағымдағы жылдың шілде айының 4-і күні ашылған орталық жаңа заманғы медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Білікті, тәжірибесі мол дәрігерлер жұмыс істейді. Аз уақыттың ішінде орталықтың игілігін көрген ел мұндағы тамаша жағдайды ауыздарының суы құрып мақтауда.

Орталық ағзаның жоғалтқан функцияларын қалпына келтіріп, оңалту бағытындағы іс-шаралардың толық кешенін жүзеге асыруда. Басты мақсаттары әрбір науқасты қолжетімді әрі сапалы емдеп, күтім жасау. Орталық дәрігерлері науқастарды қабылдап, олардың шағымдарына орай кеңес береді. Мұндағы физиотерапия, реабилитолог дәрігерлер өз істерін жетік білетін мамандар. Олардың айтуларына қарағанда, жалпақ әлемді жарты дәннің қауызына сыйғызған коронавирус індетінен кейін ел ішінде тыныс алу органдарының жұмысына шағым айтушылар күрт көбейген. Бұрын белгісіз болып келген дерттің, әсіресе, инфаркт, инсульт ауруларының қаулай өсуіне де салқыны тиген көрінеді. Осы орайда, ағзаны дендеген дерт салдарын қайтарып, қатарға қосу бағытында жаңа заманғы медициналық технологиялар тиімділікпен қолданылуда. Айталық, спорттық медицинаның да пайдасы ұшан-теңіз екен. Кейбір науқастармен психологтар да жұмыс істейді. Эрготерапевт пен логопед-афазиологтың да көмегіне жүгінетіндер аз емес.

–Бұл орталық адам игілігі үшін ашылған жаңа заманғы медициналық ұжым деп айтуға болады, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Бұршақбай Төлеков, –жүрегіме ота жасағаннан кейін денсаулықта кінәрат көбейді. Осы жерде ем алған  соң біршама жеңілдеп қалдым. Алғашқы бетте мұнтаздай таза, жинақы, бұрын Көкшетауда кездесе бермейтін жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген орталықтың жұмысы сүйсіндіреді. Мәселен, бір ғана бассейнін алайықшы. Бұл жерде жай ғана жүзу емес, су ішінде түрлі дене шынықтыру аппаратуралары бар. Уақытыңды да босқа өткізбейсің. Бірден спорттық нұсқаушы ақыл-кеңесін беріп, жаттығу тәсілдерін үйретеді.

Мына зал емдеу-дене шынықтыру кабинеті. Адам қарасы да көп екен. Тіпті, егде тартқан қариялар да жаттығу жасап жатыр. Инструктор Хатке Айтқожинаға жолықтық. Мұнда Стрельниковтың әдістемесі бойынша тыныс алу органдарын қалыпқа келтіру бағытында жұмыс жүргізіледі екен. Тыныс алу жолдары оттегін дұрыс жұтып, жаттығу жасау арқылы емделеді. Хатке Хабиқызының айтуына қарағанда, бұл әдістің пайдасы ұшан-теңіз. Тіпті жағдайы ауыр егде адамдардың кейбіреулері он күн емделгеннен соң құр атқа мінгендей шауып кетпесе де, тәп-тәуір ес жинап қалған. Емдік физикалық бағыт бойынша  кинезотерапия, кардио жаттығу, эрготерапия, Бобат жүйесі бойынша, жеке және топтық жаттығу жүргізіледі. Ересектер мен балаларға жеке массаж жасалады.

–Үкіметтің осы бір қамқорлығына айтар алғысым  шексіз. Жас сексенге таяп қалса да, өмір шіркін тәтті ғой. Бұрын аяқтарым ұйып, тұншығып, ауа жұта алмайтын едім. Осы жерде бір жұмадай емделгеннен кейін жағдайым жақсарып қалды, – дейді қарт әже Кәмәл Әубәкірова, – бұл да халықтың   денсаулығын ойлағандықтан қолға алынған дүние деп білемін.

Орталық алғашқы бетте күндізгі стационар ретінде ғана жұмыс істесе, қазір қызмет көрсету ауқымы кеңейіп келеді. Бұл жерге еліміздің барлық аймақтарынан емделе алады. Алғашқы бетте, адам саны аз болғанымен, келіп дәрігердің көмегіне жүгінетіндер көбейіп келеді. Қазан айында алпыс кереуеттік стационар бөлімі ашылған. Бұл жай аудандардан келетін науқастарды сауықтыруға үлкен мүмкіндік ашып отыр. Барлығы бес дәрігер жұмыс істейді. Ал, медбикелер саны алпыстан астам.

Ұжым басшысы Бахтияр Қоңқабаев ең бастысы ел алғысына бөлену дейді. Шынында да құрметтің ең үлкені сол емес пе?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Суреттерді түсірген Рамиль Дусумов. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар