Жаңа жылдан мол үміт күтеміз. Өйткені, алда үлкен міндеттер тұр!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет»деп атап көрсеткен болатын.

Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі тұңғыш рет 1 триллион теңгеге теңелді. Бұл шын мәнінде аграрлық аймақ үшін толайым табыс санатында. Қол жеткен меже айқынырақ болуы үшін 2021 жылғы деңгеймен салыстыра кетуге де болар. Иә, өткен жылмен салыстырып, таразы басына тартқанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 21,4 пайызға өскендігін көруге болады. Бұл республика бойынша ең үздік көрсеткіштердің бірі. Осы арада мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ел ырысын молайтқан өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының, ондағы бар игіліктің иіткен қарапайым адамдардың ерен еңбегін айрықша ілтипатпен айта кетуге болады. Атам қазақтың «бірлік бар жерде тірлік бар» дейтін ұлағатты ұғымы осы бір мысалдан айқын көрінсе керек.

Енді ұшан-теңіз бар жұмысты саралайтын болсақ, алдымен алға басып тұрған егін шаруашылығын тілге тиек етуге болады. Үстіміздегі жылы егін шаруашылығында өндіру көлемі 32,1 пайызға ұлғайып, 745,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Енді бір сәт өнім көлемінің ұлғаю себептерін саралай кетелік. Ел Президентінің тапсырмасына орай, бұған дейін кәдеге аспай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері айналымға қосылып, тиімділігін ел көре бастады. Ағымдағы жылы егістік алқаптардың көлемі 210,5 мың гектарға ұлғайтылып, жалпы көлемі 5,2 миллион гектарды құрады. Алқап көлемінің кеңеюі дәнді және бұршақ дақылдарын молырақ өсіруге септігін тигізді. Оның ішінде жаздық бидай да бар.

Саланы әртараптандыру бойынша да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мәселен, майлы дақылдарға арналған егістік алаң көлемі бұрынғы 100 мың гектардан 367 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға да бұл ілкімді істің пайдасы зор. Өйткені, мал шаруашылығын ойдағыдай дамыту үшін жемшөп базасын жетілдіру қажет екендігі белгілі. Осы орайда, мал азығына қажетті дақылдар егетін егістік алқабы бұрынғы 31 мың гектардан әлдеқайда өсіп, үстіміздегі жылы 207 мың  гектарға жетіп отыр. Картоп пен көкөністерге арналған жер көлемі де мүмкіндігінше ұлғайтылып, 2,4 мың гектарға жеткізілді.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру жалғыз алқап аумағын кеңейтуге байланысты емес, еңбек өнімді болуы үшін қара жердің қойнауына сіңірілген дәнді баптай да білу керек. Осы орайда өңірдегі егістік алқаптарды әртүрлі зиянкестер мен арам шөптерден арылту шаралары, топырақ құнарлылығын арттыру үшін қажетті тыңайтқыштарды сіңіру мықтап қолға алынуда. Әрі соңғы технологиялық жаңалықтар ғылыми жетістіктермен байланыстырылып, ұштастыра жүргізілгені ұтымды. Жер сонда ғана ойдағыдай өнім береді. Бұл орайда, облыс диқандарының алапат еңбегін айта кетсек, артықтығы болмас. Үстіміздегі жылы дәнді және бұршақ дақылдарының жалпы түсімі 11,7 центнерден айнады.

Сөйтіп, өңірде 5,5 миллион тонна өнім жиналды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 34 пайызға жоғары. Демек, өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының мол тәжірибесі жинақталып, материалдық-техникалық базасы жақсарып, еңбектері жанып келеді деп айтуға әбден болады. Енді бір сәт астық сапасы өте жақсы екендігін екпін түсіріп көрсетсек артықтығы болмас. Бұл тарапта да толымды табыс бар. Шынтуайтында, зор еңбекпен жиналған астықтың сапасы өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жақсара түсті. Мәселен, бірінші, екінші және үшінші класты бидайдың сапасы 34,8 пайызға жоғары.

Дала төсінде тынымсыз еңбек етіп, ел ырысын молайтуға бар күш-жігерін жұмылдыратын диқан қауым қазіргі күні алдағы егістіктің жайын ойлап, қамдануда. Күні бүгінге дейін 758,7 мың гектар алқап өңделді. Бұл орайда да өткен жылмен салыстырғанда, 8 пайыз өсім бар. Сүдігер де уақытылы жыртылып, мол егіннің негізі қалануда. Қажетті 532,8 мың тонна тұқым қамбаға құйылып алынды. Қазіргі күні тазартылып, сұрыпталуда. Мол өнімнің тағы бір кепілі, суармалы жерлердің алқабын ұлғайту. Суармалы жер көлемі 4,3 мың гектарға кеңейтіліп, жалпы көлемі 33,8 мың гектарға жеткізілді. Бұл орайдағы іс әлі де жүргізілуде. Суармалы жерлерден алынатын өнім көлемі әлдеқайда жоғары екендігі белгілі. Алдағы уақытта мүмкіндігінше осы тараптағы жұмыс жетілдіріле бермек.

Қат-қабат науқандық жұмыстарды уақыты атқару үшін диқан қауымның қолын ұзартатын материалдық-техникалық базаның мықты болуы шарт. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығын техникалық жарақтандыруға айрықша көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері өңірдегі агроқұрылымдар жалпы сомасы 69,6 миллиард теңгенің 1788 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның ішінде еңбек өнімділігі жоғары жаңа заманғы тракторлар, комбайндар және егіс кешендері бар.

Облыста егін шаруашылығымен қатар,  мал шаруашылығын дамытуға да мейлінше назар аударылуда. Үстіміздегі жылдың басынан бері өңірдегі шаруашылықтар тірі салмақта 170,7 мың тонна ет, 379,6 мың тонна сүт және 675,4 миллион дана жұмыртқа өндірді. Төрт түлік малдың саны өсіп келеді. Айталық, ірі қараның басы 1,3 пайызға көбейді. Жылқы мен ұсақ малдың да саны арта түсті. Жыл басынан бері  облыстағы шаруашылықтар 6,1 мың бас ірі қара мал сатып алды. 111 ет фермасында мал бордақыланып, сапалы ет өндірілуде. Жылдың жақсы бір жаңалығы, 1,5 мың басқа арналған 11 тауарлы сүт фермасы іске қосылды. Қысқа қапысыз қамдандық. 1260 мың тонна шөп, 260 мың тонна пішендеме, 190 мың тонна сүрлем, 650 мың  тонна жемшөп дайындалды. Түсінікті болуы үшін бір ауыз сөзбен шиырып айтатын болсақ, қолда бар мал азықтан тарықпайды.

Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен халықты қамтамасыз етуге басымдылық беріліп отыр. Осы орайда, жыл басынан бері облыста жалпы көлемі 163,6 миллиард теңге болатын азық-түліктің өндірілгенін және бұл көрсеткіштің өткен жылмен салыстырғанда едәуір жақсарғанын айта кетуге болады. Қазіргі уақытта өңірдің тауар өндірушілері облыс халқының қажеттілігін өтеп отыр. Сондай-ақ, азық-түлік белдеуіндегі Астана қаласында сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге көңіл бөлінеді. Айталық, елорданың сауда-саттық сөрелеріне 27,6 мың тонна ет өнімдері, 111,6 мың тонна сүт өнімдері жеткізілді. Сондай-ақ, шамамен 237,4 миллион дана жұмыртқа сатылды.

Осының барлығы Астана қаласының халқын түбегейлі қамтамасыз етіп, азық-түлік бағасын ұстап тұруға игі әсерін тигізуде. Сәл таратып айтатын болсақ, елорда тұрғындарының ет пен сүтке қажеттілігінің үштен бірін, жұмыртқаға деген сұраныстың 80 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Ал, ұнға деген қажеттілік толық біздің өңірдің арқасында өтелуде.

Облыстың агроөнеркәсіптік секторында қол жеткізілген толайым табыс болса, ол ең алдымен мемлекеттік қолдаудың арқасында деп айтсақ, қателеспес едік. Ағымдағы жылы өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарына 115,8 миллиард теңге көлемінде көмек көрсетілді. Шын мәнінде бұл үлкен демеу. Осы орайда, мемлекеттік қолдау көлемі жыл сайын өсіп келе жатқандығын айта кетуіміз керек. 2021 жылы мемлекет тарапынан көрсетілген көмек көлемі 76, 8 миллиард теңге болатын болса, үстіміздегі жылы оның қаншалықты өскенін аңғаруға болады. Несиелік ұйымдар желісі бойынша жеңілдетілген несие беру оң жолға қойылған. «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға 19,5 миллиард теңге бөлінген.

Міне, осылайша жыл ішінде өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары еселі еңбек етіп айта қаларлықтай табысқа қол жеткізіп отыр. Ең бастысы игілік үйірілген өңірде келер күндердің көкжиегін кеңейтетін келелі шаруаларды атқаруға мүмкіндік беретін іргетас қаланды. Жаңа жылда да ел ырысы үшін еселі еңбек етіп жатқан қауым табыстың тасқынын молайта бермек. Тек соған жазсын дейміз.

Серік БАЛЖАНОВ,
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар