Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Туған жерге велосаяхат - АРҚА АЖАРЫ

Туған жерге велосаяхат

Алтын кені туралы ертеден халық аузында келе жатқан мынадай сөз бар. «Алтын көрсе періште жолдан таяды». Бұл нені көрсетеді? Алтын өте құнды металдардың қатарына жатады. Кезінде жаңадан құрылған кеңес өкіметі алтын өндіруге өте жоғары мән берген. Сол үшін Ақмола облысында Степняк, Жолымбет, Ақсу, Бестөбе рудниктерін біріктірген түсті металдар министрлігінің «Каззолото» тресі құрылған. 1932 жылы іргесі қаланған Бестөбе руднигінің алтыны өте таза, құнды дейтінді еститінмін. Сол рудниктің құрылғанына биыл 90 жыл. Бестөбе елді мекені бір кезде Сілеті ауданына қарады. Ауыл шетке қарай орналасса да, бәрі өзінде бар мемлекет ішіндегі мемлекет сияқты көрінетін.

Министрлік халыққа қажет нәрсенің бәрін жасап тастаған. Өзінің ауруханасы, продснабы, мектептері болды. Сырттан ештеңе сұрамайтын. Халқы бай тұрды. Сол кездің өлшемімен үлкен-үлкен үйлер салып алды. Кейбір азаматтарын ауданға қызметке шақырсаң келгісі келмейтін. Сол кездегі партия ұйымының хатшысы Сілеті аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып тұрақты түрде сайланып жүрді. Осындай елді мекенде туып-өскен, ширек ғасырдай Елордада тұрып келе жатқан, жасы жетпіс екіден асқан Кеңес Шоқанұлы Зубаиров егемен еліне велошеру жасауды жоспарлаған екен. Оған екі жылдай дайындалған. Велосипед сатып алып, астана өңірінде дайындық жасаған.

Бестөбе – туған ауылы. Мектепті сонда бітірген, әскер қатарында болып, елге оралған соң алтын өндіретін шахтада он бес жылдан астам еңбек еткен. Кеңеске Бестөбенің әрбір үйі, көшесі, тіпті шахтадан шығарылған тастарына дейін ыстық. Осындай елді мекеннің бүгінде жүдеңкіреп тұрғанына налиды. Шахталардың біразы жабылған, жұмыссыздар саны артқан.

Кеңес Шоқанұлы алдына мақсат еіп қойған жолсапарын әбден пысықтап, енді жол жүруге дайынмын деген шақта – 1 тамыз күні жолға шықты. Бұрын мұндай алыс жолға велосипедпен шықпаған адамға әрине, алғашқыда ауыр болады. Соған қарамастан, Бозайғыр, Шортандыны басып, кешкі алтының шамасында Ақкөл қаласына жетеді. Қаланың бір қонақ үйіне ат басын тірейді. Таңертең тұрса, денесі, бәрі ұзақ қозғалыстан ауырып қалған. Кішкене жаттығуларын, таңғы ас мәзірін жасап, сағат тоғыздың шамасында Степногорск қаласы бағытына шығып кетеді. Кеңес, Азат, Қарабұлақ ауылдары арқылы өтіп, кешкі бестердің шамасында Степногорск қаласының стелласына жетеді. Осы жерде «Қазақ алтын» акционерлік қоғамының Серік, Асхан есімді өкілдері қарсы алып, сұхбат алады.

–Өзімнің кім екенімді, жолға шығудағы мақсатым не екенін айтып бердім, – дейді велошабандоз.

Екінші күн бірінші күнге қарағанда жеңілдеу болса керек, онша қатты шаршамапты. Түнде жүруге велосипедінің жарығы жоқ, қонуға тура келеді. Үшінші күні туған елі – Бестөбеге Ақсу, Бөгембай арқылы жол тартады. Бұл өңір Кеңес Шоқанұлына өте таныс. Әрбір төбесі, жері белгілі. Онымен қоса, үшінші күн болған соң әжептәуір төселіп қалыпты. Еліне он шақырымдай қалғанда кенші балдыздары Берік пен Қуаныш алдынан шығады. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін үшеулеп жол тартады. Түс ауа латынша жазылған Бестөбенің стелласына жетеді. Онда зайыбының туыстары көп-ақ, солар қарсы алады. Олардың ішінде рудниктің бас инженері Махмұт Бектұрсынов болады. Ол велотурист, осы жолды жақсы жүріп өткенімен құттықтап, сыйлық тапсырады. Екінші күні туған еліне сәлем беру үшін ауылды аралайды. Өзі оқып бітірген №2 орта мектепте болып, ұстаздарымен кездесу өткізеді. Бестөбедегі қазақ орта мектебіне ат басын тірейді. Одан кейін мәдениет үйінің алдында ауыл әкімі Сырым Уәлиұлы Қабай қарсы алып, елінің тыныс-тіршілігі туралы мәлімет береді.

Осылай кейіпкеріміз туған елінің 90 жылдығына арналған велосаяхатты аяқтап, аман-есен отбасына оралады. Азамат болып жаратылғаннан кейін қазір жұмыс бабына қарай немесе отбасының жағдайына байланысты кіндік қаның тамған елде тұра алмауың мүмкін. Бірақ, оны ұмытпай, барып тұру парызың. Шамаң келсе, ауылыңның жақсы тұруына, көркеюіне үлесіңді қосып отырғаның дұрыс болар еді. Ол елді мекен сені тәрбиеледі, білім берді, жақсы азамат болып қалыптасуыңа өз үлесін қосты. Ол жерде ата-анаңның, туыстарыңның бейіті жатыр, онымен қоса, үш жұртыңнан тараған ұрпақтар бар, солардың аман-есендігін біліп тұру нағыз азаматтық болар еді. Осы тұрғыдан алғанда, Кеңес Шоқанұлының еліне бұл саяхаты нағыз білгендік.  Мақаламды туысқандар туралы бір шумақ өлеңмен аяқтайын. Туысқандар-ай, туысқандар-ай, алыс кетіп, араны суытпаңдар-ай!..

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Астана қалалық ардагерлер кеңесінің медиа тобының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар