«2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын ескере отырып, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайын зейнетақы және әлеуметтік төлемдерінің мөлшерін арттыру бойынша жұмыс жүргізілді. Яғни, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 450 теңге,толық еңбек өтілі болған жағдайдағы ең төменгі зейнетақы – 53 076 теңге,ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) – 40 567 теңге, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24 341 теңге мөлшерінде белгіленеді.
Еңбек сіңірген жылдары үшін және жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 10,5 пайызға арттырылады.
Жәрдемақы мөлшері 2023 жылы:
Бірінші балаға – 5,76 айлық есептік көрсеткіш–19 872 теңге,
Екінші балаға – 6,81 айлық есептік көрсеткіш – 23 494 теңге,
Үшінші балаға – 7,85 АЕК – 27 083 теңге,
Төртінші және одан көп балаға – 8,90 айлық есептік көрсеткіш – 30 705 теңге болады.
Жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 46 айлық есептік көрсеткіштен 55 айлық есептік көрсеткішке (189 750 теңге) дейін артады.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты, сондай-ақ, ең төменгі күнкөріс денгейінің мөлшерінің 54 пайыздан 60 пайызға көбеюіне байланысты ұлғайтылады.
Сондай-ақ, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің ұлғаюына байланысты (40 567 теңге) өседі.
Осылайша жалпы аурудан 1-ші топтағы мүгедекке берілетін жәрдемақы мөлшері 77 889 теңгені, 2-ші топтағы мүгедектерге 62 068 теңгені, 3-ші топтағы мүгедектерге 42 190 теңгені құрайтын болады.
Асыраушысынан айырылу бойынша төленетін жәрдемақы бір балаға 34 888 теңгені, асырауындағы екі балаға 60 445 теңгені, үш балаға 75 049 теңгені, төрт балаға 79 512 теңгені, бес балаға 82 352 теңгені, алты және одан да көп балаға 85 597 теңгені құрайды.
Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне және айлық есептік көрсеткішке байланысты белгіленеді. Айлық есептік көрсеткіш өскен кезде бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы ұлғаяды және бірінші, екінші, үшінші баланың туылуына 131 100 теңгені (38 айлық есептік көрсеткіш), ал төртінші немесе одан да көп бала туғанына 217 350 теңгені (63 айлық есептік көрсеткішті) құрайды.
Сонымен қатар, бала күтімі бойынша жәрдемақы мөлшері ұлғаяды және оларды төлеу мерзімі жұмыс істемейтін әйелдер үшін 1,5 жылға дейін ұзартылады. Жәрдемақы мөлшері 2023 жылы бірінші балаға – 5,76 айлық есептік көрсеткіш–19 872 теңге, екінші балаға – 6,81 айлық есептік көрсеткіш – 23 494 теңге, үшінші балаға – 7,85 АЕК – 27 083 теңге, төртінші және одан көп балаға – 8,90 айлық есептік көрсеткіш– 30 705 теңге болады. Сондай-ақ, мүгедек бала кәмелетке толғанға дейін оны тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, асырап алушыға (асырап алушыға), қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін жәрдемақы 56 794 теңгені құрайды.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I-ші және II-ші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы 22 080 теңгені құрайды.
Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға жәрдемақы отбасындағы балалардың санына қарай тағайындалады. 2023 жылы төрт балалы отбасыларға жәрдемақы мөлшері 16,03 айлық есептік көрсеткіш – 55 304 теңге, бес балалы отбасыларға 20,04 айлық есептік көрсеткіш – 69 138 теңге, алты балаға 24,05 айлық есептік көрсеткіш – 82 973 теңге, жеті балаға 28,06 айлық есептік көрсеткіш – 96 807 теңге, сегіз және одан көп балаға – әр балаға төрт айлық есептік көрсеткіш төленеді.
Сайран ҚАСЫМЖАНОВА,
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің
Ақмола облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы.