Екібастұздық 400-ден астам оқушы қысқы демалысын Ақмола облысындағы Ақкөл,Бурабай және Зеренді ауданындағы спорттық сауықтыру кешендерінде өткізеді.
Бүгін таңғы төрттер шамасында Павлодардан Көкшетауға келген поездан «Аманат» партиясының Ақмола облыстық филиалының қызметкерлері оқушылар мен олардың жетекшілерін күтіп алып, Зерендідегі «Парус», «Сұңқар» демалыс орнына, Бурабайдағы «Звездный» лагеріне жеткізіп, орналастырды.
Мұндай шара «Аманат» партиясының бастамасымен Екібастұз қаласындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасылардың балаларын сауықтыру орындарында демалуға жіберу мақсатында ұйымдастырылған. Жалпы республика бойынша 1000-нан астам мектеп оқушысына шипажайлар мен спорттық-сауықтыру кешендеріне баруына жағдай жасалады.
Демалысқа келген оқушылар 15 жасқа дейінгі балалар.
Балалар 10 қаңтарға дейін жоспарға сай түрлі бағыттағы іс-шараларға қатысады, шаңғы, коньки теуіп, олар үшін орман саяхаттары жоспарланған. Жалпы, балалардың қызықты демалысын өткізу үшін барлық жағдай қарастырылған. Партияның бұл бастамасы балақайларға ерекше серпін сыйлайтыны анық.
Көтеріңкі көңіл-күйге ие болған мектеп оқушылары таулы аймақтың табиғатына тамсанып, ойын-сауыққа бірден кірісіп кетті.
Сауықтыру лагеріндегі іс-шараларды үйлестіруге партияның аймақтық филиалы, облыс әкімдігі және оған қарасты білім, спорт, денсаулық сақтау басқармалары атсалысуда.
Жалпы, «Аманат» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан игілікті істе екібастұздық балалар Ақмола облысының Бурабай, Зеренді демалыс орындарымен қоса, Алматы облысы, Абай олысы мен Түркістан қаласында демалу қарастырылған.
Ақмола өңірінде ұйымдастыруға партияның Астана, Атырау, Ақмола, СҚО, Жамбыл, Маңғыстау және Қостанай филиалдары атсалысты.