Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Банкке қарызы бар азаматтар банкроттық туралы өтініш бере алады - АРҚА АЖАРЫ

Банкке қарызы бар азаматтар банкроттық туралы өтініш бере алады

 Жуырда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңына қол қойылды. Енді банкке қарызы бар азаматтар 2023 жылдың наурыз айында банкроттық туралы өтініш бере алады. Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Әсем Шәкірова баяндады.

Банкке қарызы бар азаматтар 2023 жылдың наурыз айында банкроттыққа өтініш бере алады. Алайда, ескеру қажет тұстары да жоқ емес. Бес жыл ішінде банкрот болған  адам  несие ала алмайды. Яғни, несиенің кез-келген түріне шектеу қойылады.

–Заң жобасында банкроттықтан кейін туындауы мүмкін салдарлар қарастырылған. Мысалы, борышкер 5 жыл ішінде несие ала алмайды, банкроттыққа 7 жылдан кейін ғана қайта өтініш беруге болады. Сондай-ақ, 3 жыл бойы банкрот болған адамның  қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіліп отырады, – деп атап өтті Әсем Шәкірова.

Спикердің айтуынша, алимент бойынша, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша, сондай-ақ, қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залалды өтеуге қатысты борыштар есептен шығаруға жатпайды.

Сондай-ақ, кредиттік міндеттемелерін орындаудан жалтару үшін банкроттыққа өтініш берген қазақстандықтар заң алдында жауап беретін болады.

–Азаматтың кредиторлар алдындағы өз міндеттемелерін орындаудан қашу мақсатында банкроттықты қолдану туралы өтінішке қасақана жүгінгені үшін 200 АЕК айыппұл өтейді. Ал, соттан тыс банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы туралы жалған ақпарат бергені немесе мүлкі  туралы мәліметтерді жасырғаны үшін бұл айыппұл 100 АЕК, – деп толықтырды Әсем Шәкірова.

Бұдан басқа, қаржы басқарушылары үшін сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерін жүргізу тәртібін бұзғаны үшін де жауапкершілік енгізіледі, ол айыппұлдың көлемі шамамен 15-тен 100 АЕК-ке дейін.

Сондай-ақ, бұл ретте, халықтың интернет алаяқтарынан аса сақ болғаны маңызды. Тек заңды және жауапты органдардың көмегімен әрекет еткен жөн деп атап көрсетті департамент басшысының орынбасары.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар