Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Батыр ананың баяны - АРҚА АЖАРЫ

Батыр ананың баяны

Жас келген соң кір жуып, кіндік кескен топырақ, өсіп-өнген орта ойға жиі оралады екен. Қайырымы мол қараша ауылдың көкіректе қалған, сарытап сағынышқа оранған ып-ыстық суреті көз алдында көлбеп ұзақ тұрады. Енді қайтып оралмайтын бал күлкілі балалық шақтың балауса көрінісі сананы тұмшалап алып, тереңіне тартары бар. Кейде бір өткен күннің елесін қаузаса, балалық шақ бал күлкілі де бола қоймапты. Запыраны көп, зардабы да аз емес. Талай тағдыр тасқа шағылған. Талқаны таусылмағандар ғана тіршіліктің ақбас толқынымен жағаласып, өмір өзенінің бойымен алға жылжыған.

Тым-тым алыста, көз көріп, құлақ естімеген беймәлім жерде Ұлы Отан соғысы жүріп жатыр. Алыста болғанымен, алапат аязы Көкшетау қаласының іргесіндегі ат төбеліндей Дөңгілағаш ауылын да шарпыған. Заман перзенттерін қиын-қыстау күндермен ерте есейтеді екен. Ауылдағы өзі құралпы балалармен бірге үлкендерге қолғабыс көрсетуге ұмтылатын. Ел ішіндегі ер азаматтар, қара шаруаны қара нардай арқалайтын еңбек ерлері қолдарындағы күректі майдан даласындағы мылтыққа айырбастағаннан кейін пенденің пешенесіне жазылар мың батпан салмақ балалардың иығына түскен. Қабырғасы қатып, буыны бекімеген, тұлымы желбіреген жас қыздың қолынан не келе қоюшы еді. Әлі есінде Дөңгілағаш ауылының жанында егін егілетін танаптардың тұсы Үшжүз деп аталатын. Неліктен олай аталғандығын дәл қазір тап басып айта алмайды. Бәлкім шоқ-шоқ болып қаумалай өскен қайыңдардың ортасындағы ат аунайтындай алаңқайда үш жүз гектар жер егілді ме екен. Әйтеуір бала көзіне бар даланың бейнеті топырағына сіңген қара бұйра танаптың шет-шегі жоқтай болып көрінетін. Одан әрі қозыкөш жерде ит тұмсығы өтпейтін қалың орман. Сансыз жапырақ таңсәріде, күн құланиектеніп жаңа атып келе жатқанда самал желмен сыбдырлай үн қататын.

Әне бір шоқ қайыңның бауырына киізін замананың дауылы тоздырған үй тігілетін. Маңайында ошақ, су құятын ыдыс, өзге де керек-жарақтар иін тіресіп жататын. Бұлар ересектерге көмек беруге ұмтылады. Сондағысы ауылда дайындалатын, кейін танап басына жеткізілетін ас-суды тасымалдау. Одан қолдары қалт еткенде соқаға жегілген өгіздің басын ұстайды. Ол бір қиын шаруа. Қара жердің төсін қақ айырып келе жатқан соқаны ауырсынған, ыңыршағы айналған өгіздер бұлардың бала екенін біліп, ырқына көне қоймайды. Әбден қажығанда өздері де көздерінің жасын сығып алады. Сол жылдары неге екенін кім білсін, қара жер де иіп беріп, астық та мол шығатын. Жаз шыға шөп шөмелейді, күз мал қорасының басына тасысады. Ауылда шаруа таусылған ба, науқандық жұмыстың бірі аяқталса, бірі басталып жатады.

Әкесі Шөше Әмірханұлы кішкентай құлыншақтарын желге, күнге тигізбей өсірді.Бір атадан жалғыз ұл екен. Жалғыз да болса саясы мол бәйтеректей. Ұлы Отан соғысының ардагері. Қанқасап майданға басынан аяғына дейін, Ұлы Жеңістің туы желбірегенше қатысқан жан.

Дөңгілағаш ол кезде шоқ жұлдыздай шағын ауыл. Орта мектепті Көкшетау қаласында аяқтады. Бекболат Баймағанбетов есімді азаматпен шаңырақ көтерді. Тумысынан біртоға, барынша адал, өзіне тапсырылған жұмысты жауапкершілікпен атқаруды ғана білетін жан еді. Облыс орталығындағы мемлекеттік банкте табаны күректей 42 жыл жұмыс істеген. Өз жұмысына тыңғылықты болғаннан кейін ұжымда сыйлы, абыройлы болған. Бірнеше мәрте марапаттар иеленіпті. Ең бастысы, ұлдарына адал еңбегі үлгі-өнеге болды. Әлгі қазақтың «әкеге қарап ұл өсер» дейтін сөзі тегін емес-ау, сірә. Ғұмырында әділдіктен таймаған, адамға қылдай қиянат жасамаған Бекболат ағаның бауыр еті балалары да әке көкірегіндегі таңғы шықтай мөлдіреген тазалықты көшіріп алған сыңайлы. Асқар тау әкенің қамқорлығына қапысыз бөленіп жүріп, мына  жарық дүниедегі ең үлкен құдірет – арлы адамгершілік пен пайымды парасат екендіктерін түйсіне білген. Жаратқан ие тоғыз перзент берді. Біреу кішкентай кезінде шетінеп кеткен. Қалғанын ер жеткізді. Отағасымен 55 жыл отасыпты. Бүгінгінің өлшемімен алып қарағанда, бір адамның ғұмыры.

–Бүгінде бала тәрбиесі туралы жиі айтылады, – дейді батыр ана Дәмелі Баймағанбетова, – өзіміз жұмысқа ерте араластық. Қиын уақыт еді ғой. Қыбырлаған жанның ешқайсысы қарап отырған жоқ. Тылдағы әрбір дән жауға атылатын оқпен пара-пар дейтін ұранның өрістеп тұрған уақыты. Біз әйтеуір ел ішінде береке болсын, колхоз шаруасын уақытылы бітірсін деп титімдей болса да өз үлесімізді қосамыз деп жанталастық. Еткен еңбегімізге еңбеккүн қойылып жатыр ма, жоқ па есептеген ешкім жоқ. Әйтсе де, ең тиімді жағы, сол уақыттағы жас толқын адал еңбектің көрігінде пісіп-жетіліп, шыңдалды. Ғұмырлық тәрбие болып қалды. Енді сол тәрбиенің сөлін бауыр еті балаларымызға сіңіруге тырыстық. Ол заманда көптеген отбасылары көп балалы болды ғой. Үйелмелі-сүйелмелі перзенттеріміз бірінің киімін бірі киіп, үлкені кішісіне қарап өсті. Жаратқан иеге мың шүкір. Ұлдарым да, қыздарым да әйкәпір атанған жоқ. Мектептежақсы оқыды. Әсіресе Әлібегім. Өзге балалардың сабағын күнделікті тексергеніммен, Әлібектің тиянақты оқитынына сенетінмін. Сол сенімімді ақтады. Мектепте де, педагогикалық институтта да жақсы оқыды.

Батыр ананың ерекше мейірімі түсіп, аналық махаббатына бөленген Әлібек Бекболатұлы шынында да Көкше жұртшылығына танымал азаматқа айналды. Қоғамдық жұмыстардың бел отасында жүретін, ел сөзін сөйлейтін. Қалалық мәслихатта депутат болып жүрген кезінде қаншама орынды бастамалар көтеріп, сол бастамаларының жүзеге асуын қадағалайтын. Ел назарына ерте іліккен іскер азамат кейін облыстық мәслихаттың депутаты, хатшысы болды.

Бәлкім соның бәрі ынтымағы жарасқан, ізгіліктің ізетті сәулесі шуақ төгіп тұрған шаңырақтан сіңірген қасиет болар. Батыр ананың бала тәрбиесі туралы өзіндік ойы мен пікірі ықтияттап жазып алған кісіге бір кітап. Соның бәрі сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан ата дәстүр, салт-ғұрыппен кіндігі бірге байланған қағидаттар.

–Бүгінде жиырма немере, он тоғыз шөбере сүйіп отырмын. Алла жазса шөпшектің де қолынан су ішемін, – дейді батыр ана, – осы күніме жеткенімді үлкендердің ақ алғысы мен ақ батасының шарапаты деп түсінемін. Ата-енеммен тоғыз жыл бірге тұрдық, үкіштей екі бөлме. Көңіл сыйса бәрі де сыяды екен. Атам қазақтың «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейтін сөзі шын. Қыз баланың тәрбиесі өз үйінде дұрыс болуы керек. Келіндеріме өкпем жоқ. Қыздарым айтқанымды екі етпейді.

Батыр ана жақсылардың жан жадыратар жанашырлығын да сөз арасында сыналай кетті. 1959 жылы Алаштың ардақты азаматы Бәйкен Әшімов 20 текше метр үй саларлық ағаш алуға көмек көрсетіпті. Әлгі ағашты отағасы Бекболат екеуі жаз бойы тасып, осы отырған үйлерін салып алса керек. Өз қолдарымен қабырғасын қалаған осы шаңырақтан балапандары өсіп жетіліп, шартарапқа ұшып шыққан. Қазір өз алдарына бір-бір отау.

Немерелер үйге келген сайын батыр ананың жүрегі елжіреп-ақ кетеді. Әрқайсысының маңдайынан сүйіп, беттерінен өбіп, арқасынан қағады. Олар да аналық, әжелік махаббатын күн сәулесіндей жарқырата төгіп, үлкен шаңыраққа ие болып отырған батыр анаға келуге, мейіріне қануға бейіл.

Ел мерейі осындай абзал аналармен биік. Үлттың ұйытқысы да ұлағаты мол, көпті көрген аға буынның өкілдері емес пе? Оның ішінде батыр аналардың өмір тәжірибесі, тіршілікте түйгені жаз гүліндей жайнап өсіп келе жатқан кейінгі ұрпақ үшін өнеге. Батыр ананың баянында бір шөкім сыр қылып сол үшін жаздық.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

 Суретті түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар