Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шәкірт жүрегіне жол тапқан - АРҚА АЖАРЫ

Шәкірт жүрегіне жол тапқан

Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.

Әл-Фараби.

Ұстаз мамандығын жүрек қалауымен таңдап, өмірлік мақсатына айналдырып, бүгінде талай белестерді бағындырып жүрген Айнагүл ЕлемесқызыБейсембинаШоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарынан дәріс беріп, болашақ ұстаздарды даярлап жүрген әмбебап педагог, білікті маман, шәкірт сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген ұлағатты ұстаз.

«Ұстазы мықтының ұстамы мықты» демекші, өз анасы ұстаз  болғандықтан ба, жасынан осы мамандыққа қызығушылығы оянып, мектептің жоғары сыныптарында Алматы қаласындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептің түлегі атанды. Асқақ арман жетелеп, педагогикалық оқу орнын бітірген Айнагүл Елемесқызыбүгінде анасы Қайыркамал РашитқызыҚайыржановасалған сара жолды жалғастырушы ізбасары.Педагогикалық әулеттің ізін сөз жүзінде емес, іс жүзінде жалғастырып, лайықты бағаға ие болған Айнагүл Елемесқызыбиылғы жылы дәстүрлі республикалық «Үздік педагог» байқауының  жеңімпазы атанды.Республикамыздың түкпір-түкпірінен осы аталған байқауға 5000-нан астам  ұстаз  қатысып, олардың ішінен 64 педагог қана осы атаққа лайық деп табылғанын ескерсек, филология ғылымдарының магистрі, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының мүшесі, педагог-шебер, ширек ғасырға жуық жұмыс өтілі бар Айнагүл Елемесқызының бұл марапаты көп жылдардағы төгілген маңдай тер мен қажырлы еңбектің көрінісі екендігі айтпаса да түсінікті.

Ұстаздық мамандықтың қыр-сырын меңгерген Айнагүл Елемесқызы – танымдық әлеуеті жоғары, креативті педагог. Үнемі ізденісте болып, өзін-өзі дамытып жетілдіретін, жаңалықтарды зерделеп сұрыптай білетін, оқытудың инновациялық технологияларын іскерлікпен қолдана білетін ұстаз. Білім саласында шәкірттерінің тұлғалық бейнесінің қалыптасуына ықпал ететін жаңа формацияның маманы. Білікті маман иесі Айнагүл Елемесқызының педагогикалық қызметіндегі негізі ерекшелік – процесті басқарудағы көшбасшылық және жобалау шеберлігінің көрініс табуы. Жас мамандарға тәлімгерлік көмек көрсетіп, педагогикалық тұрғыдан шабыттандыра біледі.Бұған дәлел – Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде директордың ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары қызметін атқарған кезінде әріптестерінің біршама жетістіктерге қол жеткізуі дер едік. Ұстаз еңбегінің оң нәтижесі – оның жанында жүрген білікті адамдардың өмірлік тәжірибесін алып, оны шәкірт тәрбиелеу жолында тиімді пайдалана білуінде.

Бұқаралық ақпарат құралдарында, республикалық, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялардың мақалалар жинағында ғылыми-әдістемелік мақалалары жарияланып отырады. Атап айтсақ, «Латын әліпбиі – мемлекеттік тілдің сенімді тірегі», «Case-study технологиясы негізінде қазақ тілін оқыту тиімділігі», «Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық-әдістемелік жүйесі және оқытудың өзекті проблемалары», «Абай мұрасы және қазіргі жастар», «Қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлау мәселелері», тағы басқа тақырыптардағы ғылыми-әдістемелік ізденістері – осыған дәлел.

Пән бойынша облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларға, байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Мәселен, 2021 жылы Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік ұстаз» республикалық тәуелсіз қоғамдық байқауының жеңімпазы атанса, өткен жылы «Үздік қазақ тілін оқыту әдістемесі» атты облыстық байқаудың жеңімпазы дәрежесіне лайық екендігін дәлелдеді.

Айнагүл Елемесқызы 2018 жылы «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ-да баспаға ұсынылған «100 оқу әдебиеті» аясында «Мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту» атты оқу құралының бірлескен авторларының бірі (Нұр-Сұлтан қ., «Кәсіпқор» КЕАҚ, 2018).  «Әдебиеттану негіздері» (Қарағанды қ., «Ақнұр» баспасы, 2018),тағы басқа оқу-әдістемелік құралдарының авторы, Сорос-Қазақстан қоры, Көкшетау қаласы, «Мектеп» білім беру ұйымы қызметкерлерінің қауымдастығының ұйымдастыруымен әзірленген «Инклюзивті білім беру негіздері» бойынша жоғары оқу орындары мен колледждердің педагогикалық мамандықтары студенттеріне арналған нұсқаулықтарды қазақ тіліне аударған маман. «Алғашқы грамматика» (тыныс белгілері) тақырыбы бойынша республикалық білім-ғылым және танымдық порталына (www.ulagat.com) орналастырылған бейнесабақтар топтамасы (курс) тыңдаушылардың тілдегі пунктуациялық емлені дұрыс қолдануға зор септігін тигізері анық.

Айнагүл Елемесқызы – педагогикалық колледждерде табысты қызмет атқара отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласында педагогикалық кадрларды сапалы даярлауға өзіндік үлесін қосып жүрген білікті маман. Оның еңбекке деген шынайы және шығармашылық адалдығы, өз ісіне деген сүйіспеншілігі, ізгі ниеті мен адамгершілігі әріптестерінің шынайы құрметіне себепкер болып қана қоймай, шәкірттер жүрегінен мықтап орын алған. Өйткені, Айнагүл Елемесқызы  ұстаздармен және студенттермен тіл табыса білуге, іскерлік байланыстар орнатуға, кәсіби достық қарым-қатынас орнатуға, ынтымақтастық қарым-қатынас атмосферасын құруға ерекше көңіл бөледі.

Айнагүл Елемесқызы қызықты заманауи оқыту стратегиялары мен технологияларын пайдаланады, оқушының бейімділігін байқайды және соған сәйкес оған ең қолайлы оқу материалын немесе әрекетті анықтайды. Сондықтан,  оның сабақтарына оқушылар қызығушылықпен келеді. Айнагүл Елемесқызының мемлекеттік тілдің дамуына көп көңіл бөлетінін ерекше  атап өткен жөн. Ана тілін, тілді оқыту әдістемесін терең меңгерген ол студенттердің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Мәселен, оның жетекшілік жасап, оң бағыт-бағдар беруінің нәтижесінде өзі қызмет атқаратын оқу орнының студенті Соколова Анжелика республикалық «Туған жерім – Қазақстаным» атты мәнерлеп оқу байқауында жеңімпаз атанды.

Айнагүл Елемесқызы өз жұмыс тәжірибесімен қала мен облыстағы әріптестерімен жүйелі бөлісіп отырады.Сонымен қатар,ТжКБ ұйымдарын аккредиттеу процесіне қатысып, жетекшілік жасады. Атап айтсақ, 2020 жылдың маусым-шілде айларында М.Қанапиянов атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің колледжін аккредиттеуге сарапшылар комиссиясының жетекшісі ретінде қатысты. 2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

2021 жылдың желтоқсанында Түркияның Анталия қаласында өткен ғылыми және инновациялық зерттеулер бойынша Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Марокко, Македония, Эфиопия, тағы басқа да елдерден жиналған ғалымдармен бірге, халықаралық конгреске оффлайн форматында қатысып, «Case-study технологиясы негізінде тілді меңгертудің тиімділігі» тақырыбында баяндама жасап, шетелдік әріптестерменіс-тәжірибе бөлісіп келді.

Оқытушының даярлаған студенттері қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орындарды иеленуде.Атап айтсақ, облыстық «Тіл шебері» байқауы,республикалық «Туған жерім – Қазақстаным» атты мәнерлеп оқу байқауы,«Үкілі үміт» халықаралық педагогикалық олимпиадасы, «Абай тағылымы» халықаралық мәнерлеп оқу байқауы сияқты сайыстар, байқаулар мен ғылыми жоба қорғату істерінде Айнагүл Елемесқызының шәкірттері жүлделі орындарға ие болып, оқу орнының мақтаныштарына айналған.

Бүгінде отбасында ардақты ана, асыл жар Айнагүл Елемесқызының ұлы Фархат Сағымбай – Көкшені көркем әнімен көріктендіріп жүрген өнерпаздардың бірі, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармонияның әншісі. Қызы Дильназ – Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университетінің студенті.

Өз ісін жетік білетін, оқу әдістемесін жақсы игерген, білім беру саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан шығармашыл ұстаз Айнагүл Елемесқызына шынайы шәкірт лебізіне бөленіп, ұстаздықты ұлықтайтын педагогтар қатарынан табыла беретініне сенім білдіре отырып, алдағы уақытта мықты денсаулық, отбасы амандығы меншығармашылық табыс тілейміз. Алар асуыңыз бен бағындыратын шыңдарыңыз биік болсын!

Рыспай УАИСОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті
жанындағы көпсалалы колледж директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар