Ақмола облысында 2025 жылға дейін 177 ауыл таза ауызсумен қамтамасыз етілмек. Аталған мақсатта 68 ауылда су құбыры желілерінің құрылысы басталып, бүгінде 30 ауылда жобалық-сметалық құжаттамалар аяқталып қалған.
Қалған ауылдарда құжаттар әзірлену үстінде. Бұдан бөлек, тағы 72 ауылда сумен қамту үшін арнайы кешенді блок-модульдар орнатылады. Ал 37 ауылға сүзгілі ұңғымалар қазылып, су беру бекеттері қойылмақ.
Шалғай жатқан ауылдарды ауызсумен қамтамасыз етуді «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бағдарламасы шеңберінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы аталған бағдарламаға сәйкес 2025 жылға дейін барлық қазақстандықтарды 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз ету міндетін жүктеген. Бүгінгі деректер бойынша, Ақмола облысы қалаларында тұрғындардың 95,3 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілсе, ауылды жерлердегі тұрғындардың қамтылуы 89,3 пайызға жеткен.
Тиісті ведомстволар ұсынған деректерге сенсек, қалаларды ауызсумен қамтудың жоспарлы көрсеткішіне құны 3,6 миллиард теңгеге бағаланған 3 жоба аясында қол жеткізіліп отыр. Жобаны аяқтау үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге қаражат бөлінген. Ауылдық елді мекендердегі ауыз сумен қамтасыз ету көрсеткіші едәуір жақсарған.
Аталған көрсеткішке 4,4 миллиард теңгеге бағаланған 10 жобаны жүзеге асыру есебінен қол жеткізу көзделіп отыр. Осылайша тағы 6,5 мың ауыл тұрғыны орталықтандырылған таза ауызсумен қамтамасыз етіледі. Жобаларды аяқтау үшін былтыр 2 миллиард теңге бөлінді. Осы ретте, 13 жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде. Атап айтқанда, 6 нысанның құрылысы салынса, жетеуі қайта жаңғыртудан өтеді. Аталған жобалар жылсоңына дейін аяқталуы тиіс, – дейді Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев.
Ведомство мәліметінше, өңірдің 18 елді мекенінде жерасты су қорының қаншалықты көлемде екенін анықтау мақсатында геологиялық-барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған мақсатқа бюджет қоржынынан 370,2 миллион теңге қаражат бөлінген. Өткен жылы бұл жобалардың бесеуі аяқталса, биыл тағы 13 ауылда осы жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр.
Басқарма басшысы бізбен әңгімесінде жоспарланған 177 ауылды 2025 жылға дейін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылуы тиіс жұмыстарды атап өтті.
68 ауылда сумен қамту желілері салынады. Қазір 30 ауылда жобалық-сметалық құжаттар жасалған. 2023 жылы – 18, ал 2024 жылытағы 15 ауылда жобалық құжаттамалар аяқталмақ. 37 ауылда су беру бекеттері орнатылып, сүзгілі ұңғымалар қазылады. Оған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімдігі «Көкшетау қаласында су құбырын тазарту қондырғыларын кеңейту және жаңғырту» атты жаңа жобаны жүзеге асырмақ. Мердігер болып «СаspiаnСоntractorsТгust» компаниясы анықталды. Жобаға сәйкес суды залалсыздандыруды контейнерлерде сұйық хлорды қолданып, іске асыру қарастырылған. Жоба жүзеге асырылса, Көкшетау қаласы тұрғындарын толығымен қажетті мөлшерде сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Бұл жобаны жүзеге асыру 2024 жылға жоспарланып отыр. Демек, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында қарастырылып жатқан осы шаралар қазір ауыз суының сапасы ешкімді де қанағаттандырмайтын облыс орталығы тұрғындарының неғұрлым сапалы ауыз суды тұтынуына қолайлы жағдайлар туғызады деген сенімге жетелейтіндей.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.