Жақында «Көкшетау» мәдениет сарайында өнерде де, өмірде де жұптары жазылмай бірге келе жатқан Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиеваның ән кеші болып өтті.
«Отан – отбасынан басталады» демекші, 2000 жылдардың басында танысқан жұлдызды жұп жеті жылдан кейін шаңырақ көтеріп, қазір алтын асықтай төрт ұл тәрбиелеп, Қазақстанның өнегелі отбасына айналды.
Кешті Тоқтар қоңыр домбырасымен «Ахау-арман» әнімен бастады. Ол өзінің коронавирустан кейін елдің еңсесі ептеп көтерілген кезде жер жәннаты Көкшеге сағына келгенін айтты. Тоқтар қазақ тілін құрметтеуді, ана тілін білмеудің ұят екенін де еске салды.
Тоқтар Серіков 1975 жылы Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында туған. 1999 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. Ол мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, әнші әрі сазгер. Оның аяулы жары Бейбіт Сейдуалиева 1979 жылы Жамбыл облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Тараз қаласындағы М.Дулати атындағы мемлекеттік университетін тәмамдаған. Концерт барысында Тоқтар да, Бейбіт те коронавирус туралы сөз қозғап, қаншама қазақтың осы қатерлі дерттің салдарынан көз жұмғанына өкініш білдірді.
Бұл жұпты өнер табыстырды десе де болады. Ерлі-зайыптылар алғаш рет Алматыда өткен «Нұр-Мұқасан» тобының концертінде танысқан көрінеді.
–Сол кеште отырсақ, келбетіне, түріне ақылы сай қаршадай қара қыз киелі сахнаға шығып, «Өткен күндер-ай» деген әдемі әнді орындады, – деп еске алды Тоқтар.
Концерт бойы екеуінің қосылып шырқаған әндері кештің сәнін келтіре берді. Соның бірі аяулы аналарымызға құрмет ретінде «Анашым» әні еді. Әншілер өздерінің осындай бақытты жұп болғанын әуелі Алла, екіншіден халқының ақ батасы деп біледі. Осы жолы Бейбіттің орындауында «Бүлдірген», «Сен маған хабарлассаңшы», «Абзал ана» әндері де шырқалды. Кештің қонақтары, Тоқтардың соңына ерген шәкірттері Елдос Дон мен Елжас Оспан сияқты әншілерге де көрермен ду қол шапалақтап, қошемет көрсетті. Көпшілік көңілінен шыққан ән кеші жер шоқтығы Көкшетауға, оның сұлу жандарына арналған «Бақыт таңы», Тоқтар мен Бейбіттің кішкентай ұлы да ата-анасымен бірге шырқаған «Менің Қазақстаным» әндерімен аяқталды.
Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.