Көкшетау көк түтіннің құшағында

Көкшетау – Қазақстанның көркем аймақтарының бірі. Көркем табиғатын кестелі тілмен өрнектеп жер шоқтығына балайтынымыз және бар.  Шынында да Көкшенің бұла табиғатын тілмен жеткізу мүмкін еместей. Көк мұнарлы тауларына көтерілсең, алақаныңда тұрғандай көрінетін шағын қала жер жұмағы сияқты. Бұқпа таудың етегіндегі мөлдіреп жатқан Қопаның өзі алыстан бір қарағанда, мұң тұнған қыз жанарындай. Қалай дегенмен де, күтімі болмаса табиғаттың да сүйкімі кететіндей. Мұндайда Қопа қалай жыламайды? Тауға шығып тыныстайын десең, Көкшетау көк түтіннің құшағында. Кербез Бұқпаның өзі бүк түсіп булығып тұр.

Жылдағы жағдай. Қыс түссе болғаны Көкшетауды көк түтін қаумалайды. Қаланы жылытатын бу қазандығы мен жер үйлердің мұржаларынан қою қара түтін будақтап, ауаға бөлінетін зиянды қалдық тұрғындарды әбден әбігерге түсіреді. Кешкісін серуендейін деп далаға шықсаңыз, сырт киімнің өзіне түтін сіңіп кететіні де өтірік емес. Арқада алты ай қыс. Яғни, жарты жылға жуық пеш жағып отыратындар бар. Жер үйлерде пеш жағатын ағайынмен қоса, көмір арқылы  жылытылатын қазандықтардан шығатын көк түтін тұрғындар тынысын тарылтып отыр. Ал, ақмолалық экологтар қаланың түтінге орануы алдымен ауарайына байланысты болуы ықтимал деп түсіндіреді. Яғни, күн тымық болса, көк түтін де тез сейіле қоймайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенетін болсақ, әлемде жыл сайын 4,2 миллион адамның өліміне ластанған ауа өз әсерін тигізеді екен.  Ал, ауадағы зиянды қалдықтар адамның ғұмырын орта есеппен бір жылға қысқартып отырады. Лас ауамен күнделікті тыныстаған адамда демікпе, ентігу, жөтел, жүрек-қан тамырларының аурулары асқынатыны да белгілі. Ауаның ластануының басты себебі, өндіріс орындары мен жер үйлерде отын ретінде көмірді пайдаланатындығында. Ал, көмір сапалы болса бірсәрі.Түптің түбінде заманауи технологияларға көшіп, арнайы сүзгілер қойылса, бұл мәселені түбегейлі шешуге болады екен. Ол үшін мұржаға десульфуризация, яғни, арнайы сүзгі орнату керек.  Ол түтінді зиянды қалдықтардан 99 пайызға тазалап шығады. Өңірді газбен қамтамасыз ету мәселесі оңтайлы шешілсе, мұның да экологияны тазартуға өз септігі болары рас. Газбен қамтамасыз ету мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Биылғы жылы Аршалыға көгілдір отын келді деп қуанып жатырмыз.

Ақмола облыстық экология департаментінің қызметкері Күләш Рахымованың айтуынша, қаланың көк түтінмен тұмшалануының тағы бір себебі қалада көліктің көбеюі. Кешқұрым қала көшесінде жаяу жүргіншіні көрмейсіз. Зуылдап ағылған машиналардан көз сүрінеді. Ал, Қазақстанға әкелінетін бензиннің де сапасы ойландырарлықтай. Ал, қазіргі таңда халықтың көпшілігінде бір үйде бірнеше көліктен бар.

– Таяуда Ақмола облысы бойынша экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары  Көкшетау қаласы полиция басқармасымен бірлесіп, «Автобус» және «Таза ауа» рейдтік шараларын ұйымдастырды. Рейд барысында Көкшетау қалаішілік 10 автокөлік тексеріліп, оның барлығы нормативтерге сәйкес келетіні  анықталды. Өлшеу жұмыстары бензинмен жұмыс істейтін, еріксіз тұтанатын қозғалтқышпен жарақталған автокөліктерде жүргізілді.Бензинді және көліктерді тексеру ҚР СТ 1433-2017 стандартына сәйкес жүргізіледі. Аталған стандартта өлшеу жұмысын жүргізу жағдайлары, бензин және газбен жұмыс істейтін көліктердегі көміртегі оксидінің (СО) және дизельдік көліктердегі түтінділік мөлшерінің нормативтері белгіленген, – дейді ол.

Тағы бір атап өтерлігі, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап,Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне экология мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының 2021 жылдың 2 қаңтардағы №401 Заңының күшіне  енуіне сәйкес, 2014 жылғы 5 шілдедегі №235 «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан РеспубликасыКодексінің 334 бабында көрсетілгеніндей, шығарындыларда ластағыш заттардың болуы, сондай-ақ, олардың жұмыс iстеуi кезiнде шығатын шудың деңгейi белгiленген нормативтерден (техникалық нормативтерден) асатын авто-мотокөлiк құралдарын және басқа да жылжымалы құралдар мен қондырғыларды пайдаланғанда ескерту беріліп немесе жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, заңды тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады екен. Енгізілген өзгерістерге сәйкес айыппұлдар 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап бес  есе өсті.Яғни, қара түтіні будақтаған көлік иелеріне айыппұл салынады. Тәртіп болғаны жақсы ғой, дегенмен, айыппұл салғанымен жағдай шешіле қоя ма? Жағдайды оңтайлы шешу үшін алдымен автобус паркін жаңарту мәселесін алға тарту керек болар. Мәселенки, Застанционный шағын ауданына баратын №2 автобустардың арасында жай-күйі бүгінгі заман талабына сай келмейтіндері бар. Мұндайды көргенде бізге газбен жүретін электромобильдер керек дегенді айтудың өзі қисынсыз. «Ауасы дертке дауа» Көкшенің көз сүріндірер көркем табиғаты ластанып жатыр. Табиғаттың жаны жоқ демеңіз. Ол жаңбыр болып жылайды, күн болып күледі, ақ қар болып билейді, тұман болып түнереді…

Р.S:… Көкшетаудың аспанын тағы да көк тұман басты. Табиғат та тұнжырап тұр. Бәлкім Тәңірдің өзі қатулы ма?!..

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар