Ауылдағы жастар орталығы

Таяуда Бастау ауылында жастарға арналған мәдени ойын-сауық орталығы ашылды. Бос уақыттарын қалай өткізерін білмей жүрген ауылдықтар үшін ақ түйенің қарны жарылғандай зор қуаныш.

Алыстан көз тартатын сәулетті орталық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынды. Құрылыс жұмыстары екі жыл бұрын басталған болатын. Игілікті іске республикалық және жергілікті бюджеттен 400 миллион теңге қаражат бөлінді. Бір айта кетерлігі, етек-жеңі кең пішілген осынау елді мекенде жастарға қызмет ететін мұндай орталық бұрын-соңды болмаған. Қазір мұнда бір мезгілде 200-ден астам адам спорттық-гимнастикалық, музыкалық үйірмелерге қатыса алады. Қатысуға ауыл  тұрғындары да ынталы. 125 адамға лайықталған көрермен залы бар.

–Ауыл жастарының қуанышында шек жоқ, – дейді жастар орталығының мәдени жұмыстарды ұйымдастырушысы Шәния Құлжабай, – алдағы уақытта жас толқынның көкірегін сәулелендіріп, рухани нәр беріп, игілікті істерге жұмылдыратын боламыз.

Бір жақсысы, осы орталықта ауылдың 12 адамы жұмыспен қамтылып отыр. Әрі осы жерде сервистік әкімшілік те ашылған. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру деп білген жөн. Бұрын мұндай жобалар облыс орталығы мен ірі қалаларда ғана кездесетін болса, енді шалғайдағы шағын ауылдарда да ашылуда. Жағымды жаңалықтың арқасында ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген әрқилы сауалдар орайында жылдам әрі сапалы кеңес ала алады. Айналып келген бар шаруа оңынан оңғарылып, ел ішіндегі ынтымақ сүттей ұйып тұрмай ма?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар