Тектіден текті туады,
Тектілік жолын қуады.
Халық даналығынан.
«Адам – өз өмірінің сәулетшісі» десек, осы сөздің ақиқаттылығы белгілі бір өмір иесінің қарымы мен қасиетіне байланысты екені рас.
Жеке адамның өмірдегі жетістіктері мен табыстарының сырын көбінесе арғы тегіне тарту заңдылығынан алып қарастыруға болады. Екінші жағынан бұл әрбір танымал тұлғаның өскен ортасы мен алған тәрбиесінің игі ықпалы мен жемісі.
Баттал Нұрмұхамедұлы Ибраев Ереймен жұртшылығына жақсы танылған әулеттің өкілі. Атасы Жанайдар ақсақал қолына жалғыз оқты шиті мылтығын ұстап, патша үкіметінің жазалаушы жендеттеріне қарсы күреске шыққанда жасы 22-де ғана жалаңтөс жігіт екен. Ол «жас та болса, бас болып» өзінің замандастарын соңынан ерте алды. Атақты мерген Жанайдар Ыбырайұлы ұзақ жасап, елінің өркендеп дамуына көп үлес қосты. Бірақ, кейбіреулер сияқты жасаған ерлігін мақтан тұтып, кеуде қаққан адам емес. Батырға тән қарапайым да кең пейіл, ақ көңіл, адал жүрегімен өмірден өтті. Ақсақалдың ұлдары Айтмұханбет, Нұрмұхамед ел есінде қаларлық, елі есіне аларлық азаматтар еді. Олар Тәңірінің хақ бұйрығы жеткенінше туған еліне, туған халқына перзенттік парызын қылаусыз атқарды. Кісілігі мен кішілігі, ілтипаты мен мейірі, қайырымы мен ізгілігі , парасаттылығы мен биік өресі өн бойынан табылған асыл азаматтар ұрпақтарын ізгілік пен кісілік жолына бағыттай білді. Оны Ибраевтар әулетінің ұрпағы, самбо күресінен КСРО спорт шебері Рүстемнің өзінің басын өлімге тігіп, достарын құтқарып қалғанынан айқын білеміз.
Баттал Нұрмұхамедұлының бойындағы тектілік оның әр қадамынан, әр ісінен анық аңғарылатыны ақиқат. Бір басына атақ-марапаты да жетерлік. Бірақ, қай істе болсын оңай сыр беріп, сына қоймайтын сырбаз жан. Бұл мен білетін азаматтың бір қыры ғана болар.
Батталдың адамгершілік қасиетін айту бөлек әңгіме. Үлкенге іні, кішіге аға. Қуанышқа ортақтасып, қайғылы жағдайды бірге бөлісуге асығатын азамат. Оқу-білім саласында қызметте жүрген кезінде талай жастарға қамқорлық көрсетті және олардың қанаттанып кетуіне тигізген көмегі де көл-көсір. Баттал Нұрмұхамедұлының іскерлігі, оның білімі, адамдарға жұғымы, кішіпейілділігі мен қарапайымдылығы ерекше.
Азаматты өзге замандастарынан ерекшелей түсетін қасиеті, оның зор жауапкершілігі мен сөзіне беріктігі және ісіне адалдығы. Ол алдына барып, мұқтажын айтқан азаматтарды мүмкіндігінше ренжітпей шығарып салуға тырысады. Қай нәрсені де асықпай, алыстан меңзеп, тереңнен болжап, ыңғайына келтіретін рухы күшті, жігері берік жан.
Біз оны еліміздің ертеңін ойлап, халқымыздың өркениетін арттыруға бар күш-жігерін салып жүрген азамат ретінде білеміз. Еңсемізді көтеріп, алпауыт мемлекеттермен тереземізді тең ұстар тап қазіргідей сындарлы шақта елім деп еміренген зиялы қауым өкілдерінің қоғамға пайда келтірер игі істері мен кемел ойлары ауадай қажет. Аудан әкімінің орынбасары қызметінде Баттал ініміз осы қағиданы бір сәт те жадынан шығармай, өскелең жас ұрпаққа түзу жол сілтеп, ауданымыздың ертеңінің жарқын болуына аянбай атсалысып келеді.
Адам өзіне сеніп тапсырылған жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса, өзіне де, еліне де абырой. Жалпы, біз қандай іс атқарсақ та, мақсатымыз соның көпке септігін тигізу, жемісін тату болып табылады. Сол қасиеттерін көпшілік көріп жүрген, әрдайым салмақты, парасатты қалпынан танбайтын Баттал Нұрмұхамедұлына ешкімнің желеуінсіз, демеуінсіз жеткен биігің құтты болсын дегім келеді. Алда әлі халқыңа, еліңе аянбай қызмет етуді меңзейтін небір сындарлы жол жатыр. Сол жолдың әрі қарай да абыройлы асуынан көріне бергейсің.
Балжан СЫЗДЫҚҚЫЗЫ,
зейнеткер ұстаз.