Германияда инфляция 2022 жылы рекордтық деңгейге жетті

 – Германияда 2022 жылы тұтыну бағасы 2021 жылмен салыстырғанда орта есеппен 7,9%-ға өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Германияның «Destatis» Федералдық статистика басқармасына сілтеме жасап.

2022 жыл бойы елдегі айлық инфляция қарқыны жоғары болды. Былтырғы қыркүйек айында ол 10 пайыздық межеге жетті. 2022 жылдың қазан айында бағаның өсуі ең жоғары қарқынды – 10,4% құрады.

«Destatis» статистикалық кеңсесі жоғары жылдық инфляция Украинадағы қақтығыс басталғаннан кейін энергия мен азық-түлік бағасының күрт өсуімен байланысты екенін атап өтті.

2022 жылдың желтоқсан айында инфляция деңгейі 8,6%-ға дейін төмендеді. «Destatis» өкілдері Германияда 2022 жылы байқалған инфляцияның қарқынын үкімет арнайы шаралар арқылы ішінара жеңілдеткенін айтты. Атап айтқанда, 9 еуроға бір жол жүру билеті, жанар-жағармайға жеңілдік, газ бен орталықтандырылған жылытуға қосылған құн салығын төмендету, сондай-ақ желтоқсан айында тұрғындарға газ және жылу ақысын бір реттік төлеу кіретін болды.

Ең көп қымбаттаған энергия тасымалдаушылар болды – 2022 жылы орта есеппен 34,7%-ға, оның ішінде мазут (+87,0%) және табиғи газ (+64,8%). Электр энергиясының құны 2021 жылмен салыстырғанда 20,1%-ға қымбаттады. Мотор отынының бағасы 26,8%-ға өсті. Германияда азық-түлік 2022 жылы өткен жылмен салыстырғанда 13,4%-ға өскен. Тағамдық тоң майлардың бағасы орташа деңгейден жоғары – 36,2%-ға, сүт өнімдері мен жұмыртқа 19,7%-ға қымбаттады. Ет және ет өнімдері сияқты басқа азық-түлік тауарларының бағасы 14,6%-ға, нан және жарма – 13,5%-ға өсті.

Арнұр Рахымбеков.

 508 Total Views,  6 Views Today

By Арқа ажары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар