Ақық дән аялап, ақтылы мал өсірудің қиындығы шаш-етектен. Дегенмен, шағын шаруашылықты да ширатып шалқыту қажет. Ең бастысы, азық-түлік қауіпсіздігі сақталуы керек.
Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет» деп атап көрсетілген.
Мал шаруашылығының адымын ашырмай, тұсау болып жатқан түйткіл тұс аз емес. Осы тарапта күнді түнге, түнді күнге ұластырып, талмай еңбек етіп жатқан ауыл еңбеккерлері құтты бір уәделесіп қойғандай алға ұмтылған қадамына тұсау болып түскен тұстарын бірдей айтады. Ол ең алдымен жайылым мен шабындық мәселесі. Бурабай ауданындағы «Белгібай» шаруа қожалығының басшысы Белгібай Омаровтың айтуына қарағанда, қазір бесбатпан бейнетті белден кешіп жүрген сыңайлы.
–Ердің жасына толған соң елге бет бұрғым келді. Бала жасымнан көз көріп, қол үйренген шаруашылықпен айналысуға аңсарымның ауғаны, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – қазір ағынан жарылып ақиқатын айтсам, құлшыныс кеміп, бетім қайтып қалды.
Үй жыққандай екпінін ұйытқан тұсын таратып айта кетелік. Алдымен, шабындық жайы. Аталмыш шаруа қожалығында ол мүлде жоқ. Бар болғаны 108 гектар жайылым жері бар екен. Ал, бағымдағы қара малының саны 53 бас. Ғалымдардың есептеуіне қарағанда, әр малға 9-10 гектар жайылымдық жер қажет. Осы есеппен алғанда шаруа қожалығының жайылымдық жері 11 басқа ғана лайықты. Бір қора малды тоқымдай жерге иіріп баққан соң Бурабайдың баурайы қанша жерден құнарлы болса да тұяқкесті болып, шілденің қара қарғаның миы қайнайтын ыстығында шаңы шығып жатады. Қара малдың тісіне ілінер шөп селдіреген соң қоң қайдан жиналсын?! Ал, шабындық жердің болмауы мал асырауға мүмкіндік бермей тұр.
–Солтүстікте қыс ұзақ. Қара мал кемі 7 ай бойы қолға қарайды, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – шабындық жер болмағаннан кейін мал азығын жыл сайын сатып алуға мәжбүрмін. Қазір біздің төңіректе жемшөп қымбаттап кетті. Қоңыр күзде жинаған жемшөбім азайып қалды. Биыл қыстан шыға аламын ба, жоқ па деп алаңдаулымын. Шөп табылғанымен, бағасы қымбат. Бір тоннасы 40 мың теңге, арпаның бір тоннасы 85-90 мың теңге.
Күз жауын-шашынды болды, қыстың басында да ылғалы мол қар соқталанып жауып тұрды да, аяз соққанда сіресіп қатып қалды. Қазір атан жілік айғыр, қуаты мол мама биелер болмаса, тай-жабағы қолға қарауда. Зеренді, Сандықтау төңірегіндегі малсақ қауым жылқыларын ұстап бағып отыр. Ауылдағы ағайын Қамбар атаның тұқымын жыл он екі ай бойы тебінде өз күнін өзі көреді деп есептеп, қысқа мұқият қамдана бермейді. Биылғыдай қыста үйір-үйір жылқы қолға қараған соң, жемшөптің бағасы күрт қымбаттап кетті. Ал, «Белгібай» шаруа қожалығы басшысының айтуына қарағанда, Бурабай баурайын әзірге мұндай қауіп жайлаған жоқ. Қыс дендеп енгенше қара малын жайып бағып, жемшөбін үнемдеген екен.
2019 жылы Словакиядан симментал тұқымды сиырларды сатып алып, шаруашылығын бастаған Белгібай Омаровтың ойға алған жоспары аз емес еді. Әйтсе де үйдегі ойды базардағы нарық бұзып тұр. Соның бірі қолдан ұрықтандыру мәселесі.
–Бұл арада екпін түсіріп айта кететін бір жай бар, – дейді шаруашылық басшысы, – егер сиырды қолдан ұрықтандырмасақ, бұзауларына асыл тұқымды деген анықтама берілмейді. Анықтамасы, есептік нөмірі болмағаннан кейін осы төңіректегі тұқымы азған қара малдың есебінде. Тиісінше бағасы да төмен. Бізге мал төлін сату үшін анықтама қажет. Сондықтан, амалсыз қолдан ұрықтандыру станцияларының қызметіне жүгінеміз. Астана қаласындағы осындай бір станциямен келісім-шарт жасап, бірнеше жыл бойы қызметін пайдаландық. Бірақ, көңілім толмайды. Мысалы, өткен жылы 35 сиырымның 15-і қысыр қалды.
Мал иесінің өкпесі қара қазандай. Оны да түсінуге болады. Айналдырған 35 сиырдың 15-інің қысыр қалуы үлкен шығын. Өйткені, ол сиырлардың соңынан не төл ермейді, не сауа алмайды. Ақыр аяғында әлгі 15 сиырды бір жыл бойы текке бағады. Сойып сатуға тағы келмейді. Мал басын өз төлі есебінен көбейтуді мұрат тұтқан шаруашылыққа бір қолын екі ете алмай отырғанда, бағымдағы жарты малын пышаққа жығу қып-қызыл шығын. Игілікті істі бастаған кезінде мал тұқымын қапысыз дұрыс таңдағанына өзі де риза. Симментал етті әрі сүтті тұқым. Төлдері 20 айдың төңірегінде 4 центнерге еркін жетіп қалады, сүттің майлылығы 5,3 пайызға жетеді. Қазір сүт зауыттарына әр литр сүтті 200 теңгенің көлемінде өткізіп жатыр. Олай болатындығы, майлылығы есепке алынған. Сиырларының аузы көк шөпке іліккен соң тәулігіне 20 литрге дейін сүт беруі мүмкін. Сол кезде тәп-тәуір табыс табады.
Биыл бұзаусыз қалмауы үшін сапалы қолдан ұрықтандырудың сапалы қызметін көрсететін мекеме іздемек. Шаруа қожалығы басшысының айтуына қарағанда, бұл жалғыз өзінің басында ғана дүние емес, маңайдағы барлық дерлік малсақ қауымның тартып отырған мехнаты. Қаны шығып тұрған мәселені талай рет көтерген. Әйтсе де әлі шешімін таппапты. Қиындықтан шығар жалғыз жол табынға асыл тұқымды бұқаларды қосу. Бірақ, ол кезде мал тұқымының асыл екендігін анықтайтын анықтаманы қайдан алмақ. Ендігі бір мәселе, мал басын көбейту. Бағымдағы малы елу басқа жетпеген шаруа қожалығы мемлекет тарапынан берілетін субсидиядан дәмете алмайды.
–Сонда біз сияқты 35-40 асыл тұқымды сиыр бағып, бейнетін белден кешіп жүргендер қайтпек? – дейді шаруа қожалығының басшысы, – біздің қолымызды байлап отырған шабындық, жайылымдық жердің жоқтығы ғой. Әйтпесе, біз де көбейтер едік. Өрісімізді көбейтіп, қонысымызды берекеге айналдырмас па едік. «Аттыны көріп, жаяудың аяғы талады» дегендей, жұрт жарылқанып жатқан көмекті біз де көруге ынталымыз.
Өз еңбегіне жалынған шаруа қожалығы мемлекет тарапынан берілетін көмектен қағылса да өз қотырын өзі қасып жатыр. Өткен жылы 5 миллион 700 мың теңгеге сүт салқындататын тоңазытқыш сатып алыпты. 6 миллион 500 мың теңгеге мал азығын тарататын құрылғы алған. Жемшөп таситын су жаңа трактор мен шөп тайлағышты да қымбаттығына қарамай қалтасының түбін қағып алған көрінеді. Онсыз алға басу тағы жоқ. Әйтеуір осы шаруамен айналысқан соң мүмкіндігінше қамдана бермек. Алға басамын деп ұмтылған осындай шаруаларды қолтығынан демесе, қыр асып кететін түрі бар. Демек, алдағы уақытта азық-түлік молшылығын жасауға өз үлесін қосып жатқандарды ескерген дұрыс-ау.
Мал басын көбейтер-ау, бірақ сол малға ие болатын малшы мен сауыншы табу ел ішінде кәдімгідей шешілуі қиын түйінге айналған түрі бар. Осы шаруа қожалығы айына 120-130 мың теңге төлесе де, малшы таба алмай отыр. Амалсыздан бар мехнатты өздері шегуде. Жоғарыда аталған еңбекақы екі қолға бір күрек таба алмай отырған ауылдағы жастар үшін тәп-тәуір табыс емес пе?!
Мал шаруашылығын өрге бастырудың жолында кесе-көлденең жатқан бірқатар қиындық осындай. Шешімін таппаса, берекенің үйірілуі де қиын.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Бурабай ауданы.