Төрт түлік қолды болып жатыр

 Мал ұрлығы өршіп кеткен соң бұл тарапта малсақ қауымның ақадал игілігіне көз алартатындардың жазасы қатайғанымен, оқыс оқиғалар әлі де тыйылмай тұр.

Өткен жылы өңірде мал ұрлығының 86 дерегі тіркеліпті. Жалпы құны 137 миллион теңге көлемінде шығын келген. Сәл таратып айтатын болсақ, 999 бас мал ұрланған. Елдегі мал сүмесімен күн көріп отырған ағайын үшін қаншама шығын екендігі айтпаса да түсінікті. Қолды болған малдың 287-сі жылқы, 75-і қара мал, қалғаны ұсақ тұяқ.

Мал иелерімен құқық қорғау органдарының қызметкерлері «екі аяқты» қасқырлар қолды қылған малдың 87,6 пайызын немесе 875 басын қайтарған. Осы арада айта кететін бір жай, кеңпейіл қазекеңнің мінезі. Ұры қолға түсіп, айыбы мойынына ілініп тұрса да, малының табылғанына шүкіршілік етіп, кешірім жасай беретіндігі. Оңай құтылған ұры келесі жолы тағы да «Ет  тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім» дегендей, түн жамылып түндікке түспесіне кім кепіл?! Егер қылмысына сай жазасын тартса және ол ақпарат жалпақ жұртқа таратылса, бәлкім аяғын аңдап басар ма еді. Қазір жоғалған 124 бас мал іздестірілу үстінде. Оның дені жылқы. Соғым уақыты болған соң жылқы етіне сұраныс та көп. Бәлкім ұрылардың құрығы қылқұйрықтыға түсіп тұрғаны да содан шығар.

Қараусыз мал да көп. Өңірде иесіз жүрген малды уақытша қамайтын 204орын дайындалған. Өткен жылы бұл орындарға 5596 бас мал қамалған. Осыдан-ақ, мал иелерінің бейқамдығын аңғара беріңіз. Қалай болған күнде де мал сүмесімен күн көріп отырғандықтан, етек-жеңді жинайтын кез келген сияқты. Ендеше, бар малыңа абай бол, ағайын!

Б.ҚАЙЫРЛИН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар