Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Пейзаж шеберінің көрмесі - АРҚА АЖАРЫ

Пейзаж шеберінің көрмесі

Таяуда Ақмола облыстық әдебиет және өнер музейінде суретші Мұрат Ғизатовтың «Пейзаж» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты болып өтті. Ауыл балаларын сурет өнеріне баулып жүрген суретшінің жеке көрмесіне автордың соңғы жылдары салған біраз туындылары қойылды. Суретшімен кездесуге оның өнердегі әріптестері, зиялы қауым өкілдері мен Көкшетау қаласындағы балалар көркемсурет мектебінің оқушылары келді.

Көрменің ашылу салтанатында облыстық әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралин құттықтау сөз сөйлеп, суретшіге Алғыс хатын табыс етті. Салтанатты іс-шараны музей қызметкері Нұрболат Әлменов жүргізді.

Кездесу барысында суретші өз шығармашылығы, көрмеге ұсынылған туындылары жөнінде айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Көрмеде орын алған туындылар жөнінде жылы лебізін білдіргендер қатарында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Дужан Мағзұмов та болды.

Өнерге қашанда қолдау қажет. Өнерді бағалау, талантты құрметтеу талант иесінің мерейін өсіріп, шабытын шыңдайтыны бар. Осы орайда, Ақмола облыстық әдебиет және өнер музей ұжымына зор алғыс білдіремін, – деді ол.

Бала кезден суретші болуды мақсат еткен Мұрат Ғизатовтың ендігі бар арманы бойындағы табиғат сыйлаған табиғи дарынды өскелең ұрпаққа үйрету. Ерекше екпін түсіре айта кететін жайт, ол Шортанды ауданына жақын орналасқан бес елді мекеннің балаларына арналған «Сиқырлы қылқалам» көркемөнер және кескіндеме студиясын ашып, қазіргі таңда барлығы 150-ге жуық шәкірт тәрбиелеп отыр. Алдағы уақытта ауыл балаларын бейнелеу өнеріне баулитын мектеп ашуды да жоспарлаған екен.  Бірақ, бұл үшін мемлекеттің қолдауы ауадай қажет.

Тағы бір атап өтерлігі, өткен жылы облыстық әдебиет және өнер музейінде Мұрат Ғизатовтың шәкірттерінің көрмесі ұйымдастырылған болатын.

– Ақын өз ойын кестелі жырмен өрнектесе, жазушы көркем тілмен жүрек сырын жазады.Сол ойлы, сырлы, жүрек жазбаларын оқырманына жеткізуге асығады. Сол сияқты суретші де салған өз туындыларын өнерсүйер қауыммен бөлісуге асығып тұратыны бар.  Адам бойындағы талғамды бала кезден тәрбиелеу керек. Ал, бейнелеу өнеріне бала кезден бейім болған бала болашақта сұлулыққа іңкәр, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарайтын рухани байлығы кемел бала болып тәрбиеленетініне сенімім зор. Сол себепті де соңғы жылдары ұрпақ тәрбиесіне, балаларға білгенімді үйретуге зор көңіл бөліп келемін, – дейді ол.

Мұрат Ғизатовтың кез-келген суретінен дала тынысын, сиқырлы әлемнің сырлы сәттерін, табиғаттың тылсым ғажабын аңғаруға болады. Оның суреттерінен рухани қуат алып, табиғаттың тамашасына тәнті бола түсесің, сұлулыққа ынтызар болып, мына тылсым дүниенің сырына бойлай түсетінің бар. Әрбір күннің, әрбір сәттің, әрбір заттың өз құндылығы бар екендігіне иланасың.

Көрмеге келген оқушы балалар да сырлы сурет тұнған сиқырлы әлемге бойлай түсті.

– «Алқызыл желкендер», «Бурабай» немесе «Италиялық ару» картиналары көздің жауын алады. Әсіресе, суретшінің өзіндік қолтаңбасы мен бояулардың үйлесімділігі ұнады. Көрмеге қатысқандардың көбі әр туындының зор сүйіспеншілікпен салынғанын айтып жатыр. Өзіме өте қатты ұнады, – дейді балалар көркемсурет мектебінің оқушысы Таир Тәуішкеев.

Мұрат Ғизатовтың «Пейзаж» атты жеке шығармашылық көрмесі облыстық әдебиет және өнер музейінде бір ай көлемінде жалғасын табатын болады.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар