Тарихтың тарланы – Қадекең

Асылдарымыз туралы қалам тартып, сөз еткенде киелі топырақтан жаратылған деп жатамыз. Сал-серілерімізді, батыр-билерімізді айтамыз, хандарымызды дәріптейміз. Шынында бізге сұлу табиғатымен тәнті еткен киелі Көкше қандай қымбат болса, оның бауырында өсіп-өніп шайқалған тұлғалары соншалықты қадірлі де қымбат.

Бұл естелігімізде Көкшенің төл перзенті кезіндегі Айыртау елінің тумасы, өнірден шыққан алғашқы тарих ғылымдары докторларының бірі, ғалым, ұстазымыз Қадыржан Қабиденұлы Әбуев әңгіме арқауы болмақ. Шынайы өнерді, ғылымды тудыратын орта десек, Көкше топырағынан ғалымдардың ғалымы Шоқан Уәлиханов, алғашқы педагог-ғалымдардың бірі, қазақтың тұңғыш ғылым кандидаты Сұлтанбек Қожахметов, 1932-1938 жылдары Абай атындағы қазақ педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі болып, кейін саяси қуғынға ұшырап, атылып кеткен Шарафи Әлжанов, академик, батыр, жазушы Мәлік Ғабдуллин, халқымыздың тұңғыш астроном-ғалымы қазақ каленьдарын жазған Мыңбай Ысқақов, «Қазақ әдебиетінің еңбек торысы», – деп Мұхтар Әуезов баға берген әдебиет зерттеуші, ғалым Есмағамбет Ысмайылов,тағысын тағы небір асылдар Мағжан айтқандай,«Күңіренген Көкшенің маңайында туып-өскен…». Құдіреті керемет біртылсым күш осы бір дарын иелерін Көкшенің айбарлы да асқақ, асыл ақықтай сұлу табиғатының аясында тудыра салғандай. Міне осындай рухани үндестіктен сусындағандардың бірі Қадыржан Әбуев ағамыз еді. Арғы атасы кезінде Орта жүз игі жақсыларының  құрамында Петерборға барып, екінші Александр патшадан шен-шекпен алған әйгілі Шөбек болыс, бергі атасы әйгілі  Сарт болыс, туған нағашысы  Кеңес Одағының Батыры, Жеңіс парадына екі рет қатысқан Жәлел Қизатов, әкесі соғыс жылдарында бірнеше колхоздың басқармасыболған Қабиден Әбуев болса, өзі Науан Хазірет, Мәмбетәлі Сердалин, Ақан серілер басқан алтын тұғыр, ыстық ұя, асыл мекен, тарихи топырақта дүниеге келсе – болашақ ғалым Кәдекеңнің де осынау ортадан өлшеусіз нәр алып, тұлға болып қалыптасуы да заңдылық па дейсің.

Қадыржан Қабиденұлы Әбуевпен танысуым Зеренді жерімен байланысты. Оқу бітіріп келген соң Үлгілі орта мектебінде тарих пәнінен орыс кластарында сабақ беріп, 1987 жылы Зеренді №2 орта мектебіне ауысқанмын, көп ұзамай бір жыл өткен соң аудандық партия комитетіне «Білім» қоғамына жауапты хатшы болып шақырылдым. Ол кезеңде аталмыш ұйым саяси, ғылыми үгіт-насихат жүргізеді, ұжымдарда лекциялар ұйымдастырады. Тақырыптар сан алуан, «қайта құру» жылдары, халықаралық жағдай, жариялылық, кооператив, аренда сияқты толып жатқанжаңа ұғымдар… Бір күні облыстық басқармадан Валентина Алексеевна Соломина бастығым хабарласып, лекция оқуға облыстық деңгейдегі лектор Әбуев келеді деді. Сонымен, Қадекеңді қарсы алып, бір күн бойы «Зеренді», «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы, «Айдабол» совхоздарына апарып, халықпен кездестіріп, үнемі қасында жүрдім. Қадекең ол уақытта Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік пединститутында КПСС кафедрасында оқытушы, ғылым кандидаты, доцент, партия ұйымының хатшысы, сонымен қатар,«Білім» қоғамы арқылы облыстық партия комитетінің атынан партияның саясаты, бағыты туралы лекциялар оқиды екен. Таныстығымыз жалғасып, кейінде бірнеше рет кездестік. 1994 жылы қалада бір іссапармен барғанда жерлес ағам, журналист Тоқтар Баймағамбетов болмай, Қадыржан Қабиденұлына алып барды.Мамыр айы болатын. Мен Алматыға Ғылым академиясының Тарих институтының ізденуші болып тіркеліп, ғылыми диссертациялық тақырып пен ғылыми жетекшімді бекіткен кезім,Зеренді қазақ орта мектебінде директормын. Қадекең осы жағдайдың бәрін естіп-біліп, бірден ұсыныс жасады. «Былтырдан бері тарих мамандығын аштық, әзірше сырттай бөлімге қабылдадық, биыл Алла жазса күндізгі бөлімге студенттерді қабылдаймыз, сен бізге ауыс, қабырғаңмен ақылдас, мүмкіндігінше жағдай жасаймыз», – деді. Содан жолдасым Бақытгүлмен ақылдасып, келісімімді бердім. Келесі келгенде Қадыржан Қабиденұлы  институт ректоры  Абай Ахметқалиұлына алып барып жүздестірді. Ол кісі тарихшы мамандар қажет екендігін, институт жанындағы жатақханадан екі бөлме беріп, жолдасымды да қазақ тілі, әдебиеті кафедрасына қабылдайтынын айтты. Сонымен, Зерендідегі үйімізді туыстарға тапсырып, тамыздың басында Көкшетауға көшіп келдік. Қадекеңмен сияқты Чкалов ауданынан келген Владимир Васильевич Альберготпен біргебірден қабылдау емтиханының комиссиясына кіргізіп жіберді. Осылай оқытушылық қызметіміз басталып кетті.

Қадыржан ағамыз жұмысқа тыңғылықты, ұқыпты, жауапты болатын. Бірінші күннен бастап жоғары оқу орнының, ғылым саласының қыр-сырын үйрете бастады. Міндетті түрде мақала жаздырып, конференцияларға қатысуымызды қадағалап, екі тілде сабақ беруімізді, кәсіби шеберлігіміздің үнемі өсуін бақылап отыратын. Лекциямызға қатысып, тіпті жеке оқу-әдістемелік жоспарымыздың орындалуын бақылауда ұстайтын. Өзі де талапшыл, кафедрадан да соны талап ететін. Қадекең тік мінезді, жалтақтауды білмейді, айтатынын тура айтады, басшыларға кейде сонысымен жақпай да қалады, бірақ ең бастысы, қара басы өте таза, жұмыс-ісінде бір мін жоқ, сонысымен елге сыйлы.

Бастапқы кезде тарих кафедрасы біреу болып, кейін студенттер саны ұлғая келе, Қазақстан тарихы, жалпы тарих кафедрасы болып бөлінді. Ол кезеңде кафедраның «жастары» Ақбота Тастанбекқызы, Владимир Альбергот, мен болатынмын. Кафедраның құрамы да салмақты, ірілеу, кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін жайсаңдар болатын, ғылымның жілік майын шаққандар өңшең.  Гуманитарлық ғылымдардың бәрі бізде шоғырланғанды: политология, социология, философия, тағы басқа ілімдер.

Ұлы Отан  соғысының ардагері, философ Жапар Теңізбаев, ғалымдар Ермек Ерманұлы Байленов, Сайлаубек Садықов, Нұрбек Сафиұлы Бозов, Жарас АқышұлыЕрмекбаев,Тоқтар Қожин, Ирина Воробьева, Бауыржан Бижанов, Ажар Ботақызы Құсайынова, Ақжүніс Мұсырманова сияқты көптеген білікті мамандар істеп еді. Әрқайсысынан белгілікті дәрежеде үлгі-өнеге, сабақ, үйренерлік іс-тәжірибе алуға болатын. Дегенмен, Қадекеңнің орны ерекше еді…

Шын мәнінде Қадыржан ағамызды осы Көкшетау өңіріндегі жоғары оқу жүйесінің бастауында тұрып, тарих ғылымдарының іргетасын қағып, тамырын бекітуде орасан зор еңбегі бар екенін айтуымыз керек. Кезінде осы тарих мамандығын ашу үшін қиюы күрмелі мәселені ректордан бастап, облыс әкімі  Қызыр Жұмабаевқа, Оқу министрі Шаяхметов Шайсұлтанға дейін айтып жеткізуі, ой-пікірін дәлелдеуі ерлікке пара-пар еді. Сол кезде қарсы уәж айтқандар да, келіспегендер де баршылық еді. «Петропавлда, Ақмолада тарихшылар даярлайды, соның қажеті Көкшетауда барма…?» деген сан-алуан әңгімелер көп айтылып жүрді. 1997-1998 жылдары Көкшетау облысы жабылып, Солтүстік Қазақстан құрамына өткенде, «бір облысқа екі университеттің қажеті қанша?» деген көлденең сөздер көтерілгенде Қадекең ректор Абай Айтмұхамбетовпен бірге оқу орнының мүддесін әкімшілікте, жоғары жақта қорғағанын бүгінде біреу білсе, енді қайсыбірі біле бермейді.

Кезіндегі Әлихан Бөкейхановтың қазақ автономиясының субъектісін Уақытша үкімет, кейін большевиктер алдында көтеріп, нақты территориясы мен шекарасын қорғағанын, кейін Кеңес құрамындағы одақтас республика атанып, соның негізінде ел тұтастығын сақтағанымызды, сөйтіп, егеменді ел болғанымызды, осыған орасан еңбек сіңірген сол Әлихандарға біздің қарыз екенімізді білгеніміз, кейінгі ұрпақтың ұмытпағаны абзал емес пе?! Сол сияқты, Қадекеңнің де осы бір ел басына күн туған уақытта өзінің азаматтығын, тұлғалық келбетін жоғалтпағанын осы күні Көкше жұрты, шоқандықтар әсте естен шығармауы керек. Талай басшылар университетке келгенінде халықтың атынан мұң-мұқтажын, арыз-тілегін де қаймықпай қасқайып тұрып, қара қылды қақ жарып айтуыда осы күні көп әріптестеріміздің есінде. Жатақханалардың жеке меншікке кетіп қалуы, университет жерінің қала аумағына еніп, тұрғын үй құрылысына берілуі, бір кездегі «Буревестник» лагерін, қазіргі Зеренді көлі жағасындағы «Тұлпар» спорттық-сауықтыру кешенін ұжым меншігіне алып қалынуы, осылардың бәрі Қадекеңнің жанына бататын, қабырғасын қайыстырса да, күрмеуі көп тіршілігін ығыстырып, білегін сыбана кірісіп кететін. Өзім де сондай жағдайлардың талай куәсі болып едім.

Ал, енді адами қасиетінен басқа кәсіби қасиеттері тіпті де кісіні бейжай қалдырмай тәнті етуі бір басқа. Кафедра, ұжым болған соң ала да құла да  немесе «қарын май құмалақсыз» болмай  тұрмайтыны белгілі емес пе…. Біреуіміз жұмысқа кешігіп қаламыз, қайсыбірінен емтихан-сессиядан олқылық, енді біреуінің әртүрлі «еркеліктері» болып жатады, сондай кезде бәрімізді жеке отырғызып қойып, тәрбиелейтін. Әкең сияқты ақыл айтып, қажет кезінде ұрсып немесе жолын айтып жөнді бағытқа салып отырушы еді. Ұжымның мүддесі, ұжымның намысы, ұжымның абыройы ол кісі үшін бірінші кезекте тұратын. Мемлекеттік емтихан алу ма, кафедра отырысы ма, қоғамдық іс-шара немесе әріптесіміздің туған күні дейміз бе, бел ортасында жүріп, өзі де  ерте келіп бәрімізді тексеріп отыратын. Үлкен басымен төрде отырған соң,өзің де етек-жеңіңді жинақы ұстап, сұрануға да ұяласың, атына кір келтірмеуге тырысасың. Ал, әлдеқайда үйіне бара қалсаң, отырғызып қойып, шәйсіз,жылы-жұмсағын бермей, жібермейтін және де стол басында өзі тізе бүгіп отырмай, қонағын күтіп жік-жапар болып жататын.

Ендігі бір айтарымыз – ол ғалым ретіндегі тұлғасы, болмысы, көрінісі. Біздің ұғымымыздағы классикалық, университет жүйесіндегі нағыз ғылым иесіне тән касиеттердің бәрі осы Қадекеңнің тұла бойында «мен мұндалап» тұратын. Кәдімгі пендеге тән мінез-құлық ол кісінің дара бойынан көрініс таба бермейтін. Күнделікті күйбең тіршілікке бейімінің жоқтығы, ұсақ-түйекті көзге елемеу, ұмытшақтық, қарапайымдылық, көлденең сөзден ада болу, ғылымнан басқа тіршілікті мойындамау сияқты көріністер көзге бірден түсетін.Сонымен қатар, кәдімгі галстук байлаудың әдісін білу, бүгінде көпшілік біле қоймайтын проферанс ойынын шебер меңгеру, шахмат ойынының хас шеберіне қоса, саяси анекдоттарды дәмін келтіре тұздығымен  айтқанда амалсыздан ауызымызды ашып қалатынбыз. Кітапқа деген ықыласы, көзқарасы мүлдем бөлек еді. Шет ел ме, Мәскеу, Омбы, Уфа шахарлары болсын, барған жеріндегі іздейтіні архив пен кітапдүкендері болатын. Жұмыс кабинеті, үйдегі жұмыс бөлмесі, гараж дейсіз бе, бәрі толған кітап, кітап, кітап… Энциклопедия, эпоха деген теңеуге толық саяды бітім-болмысы.  Әңгімелесе қалсаң кіммен кездеспеген, кіммен дәмдесе болмаған, толық бір хикая дерсің. Академик Әлкей Марғұлан, қайраткер Еркін Нұржанұлы Әуелбеков, тарихшы Манаш Қозыбаев… тағысын тағылар. Облысымыз жабылғанда талай оқу орындарына, ұлттық университеттерге проректорлыққа, профессорлыққа әдейі шақырылғанына қарамастан, қара шаңырағымыз – Шоқан білім ордасының ыстық-суығына бірге төзіп, өз таңдауын жасаған-ды. Қынжылып отыратын, саналы өмірінің көбі партия, совет уақытының идеологиясын зерттеумен өтті деп. Ағамыздың нағыз ғалымдық қара жолы тәуелсіздік алғаннан кейін басталды десек арттық айтпаспыз.

Абылай хан тойы мен конференциясын өткізу, «Шоқан тағылымы» халықаралық конференциясы, Шоқан, Уәлихан, Ғұбайдулла, Мәмбетәлі Сердалин, Науан Хазірет, Көкшетаутарихы, тың игеру науқаны, Сібір хандығы дейсіз бе, ауқымды энциклопедияларды жазу, бұған толып жатқан қала, облыс көлеміндегі ономастика, ақсақалдар алқасы, диссертациялық Кеңес, тағы басқаларды қоссаңыз, Қадекеңді небір қырынан көрер едік.

Қадекеңнің тәуелсіздік жылдары шыққан ең алғашқы құнды еңбегі, бірінші қарлығашы 1994 жылы Алматы қаласында «Қазақстан» баспасынанжарық көрген «Қазақстан тарихының ақтаңдақ беттерінен» атты кітабы. «Халқымыздың өткен тарихы Ресей империясының тарихнамасының ықпалымен, кейін коммунистік идеологияның қағидаларына сәйкес өңі өзгеріп, мүлдем теріс бағаланып келгені баршаға аян», – дей келіп, Абылайхан, Шоқан, Мәмбетәлі Сердалин, «Тың хикаясы», «Мәдени революция» туралы ойларын, ашық пікірін жазады. Кейін осы тарихи мәселелер жеке-жеке монография болып шықты. Айтайын дегенім, осы кітапта автор алғаш рет Көкшетау тарихына байланысты мәселелер, жер-су аттары, жекелеген тұлғалар бойынша сол кездегі қалың жұртшылықты дүрліктіріп, үлкен қоғамдық пікір туғызған Н.Шевченконың «Номадтар елі», Виктор Терещуктің«Рассказы о Кокчетаве» кітаптарындағы тұжырымдарына ғылыми тұрғыда жауап береді. Әсіресе, Терещуктің 1993 жылы 15 мың данамен Омбы қаласының «Омич» баспаханасынан шыққан «Рассказы о Кокчетаве» кітабындағы толған ұлыдержавалық, шовинистік көзқарастарына, қазақ халқының намысына тиетін әртүрлі теңеулер мен пікірсымақтарына батыл да дәйекті, дәлелді түрде тойтарыс береді. Кенесары хан, Ғұбайдолла сұлтан, Көкшетау, көше аттары жөніндегі жаңсақ пікірлеріне үлкен де ресми мінбелерде алғаш рет тойтарыс берген осы Қадыржан ағамыз еді. Терещуктің кітабында мынадай «реніш» сөздері бар:«Көкшетау қаласының атқару комитеті қаланың бірнеше көшелерінің атын өзгерту туралы шешім қабылдады, оларға Көкшетауда белгісіз адамдардың аттары берілді», –дегені сол жылы Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың есімдерінің көше аттарына берілуін меңзеген болуы керек. Осы дүдәмәл көзқарасқа  немесе аталмыш мырза казачествоны патша үкіметінің отарлау саясатының қолшоқпары емес, қазақ жеріне зорлықпен жайғасушы емес, керісінше, осы сайын даланың алғашқы тұрғындары ретінде көрсетіп, еліміздің тарихи беттерін бұрмалау арқылы пәлсафаларға Қадыржан ағамыз шынайы тарих тұрғысынан нақты фактілермен, архивтік деректермен, объективті сілтемелермен саралап, түбегейлі түрде қарсы шығады, түйіндейді, заңды жауапқа шақырады, үлкен мінбелерден ашына айтады. Міне,идеология майданындағы Қадекеңнің шайқасының бір көріністері ғана бұл айтқанымыз. Аталмыш еңбек кезінде тарихшы мамандардың, сарапшылардың жоғары бағасын алып, тарих майталмандарының сілтемелік, сүйенерлік, арнайы жұмыс кітабына айналған-ды.

Қарап отырсақ тарихшы ретінде, қоғам қайраткері ретінде, ұлтжанашыры ретінде Қадыржан Қабиденұлының төл тарихымыздың келелі де аз зерттелген көмескі беттеріне қалам тартуы ұлттық санаға, ұлт тарихына көз салу болып табылады. Осы ретте академик, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, қос мәрте еліміздің «Үздік оқытушысы» атанған Қадыржан Қабиденұлы Әбуевтің 8 монографиясы, 240-қа жуық ғылыми мақалары, қос саяси сөздігі, 4 энциклопедиясы, дайындаған төрт бірдей ғылым кандидаттары, жиырмадан астам тарих магистрлары – ұлттық мүдде, құндылықтардың және ұлттық мемлекет қалыптастыру жолындағы, тарихи, көрнекті тұлғалардың ел, мемлекет болашағы үшін атқарған қызметтерінің тағылымын қалың жұртшылықтың танымына жеткізу болып табылады. Бұл дегеніміз, қазақ ұлттық санасының өрлеу жолына өзіндік сүбелі үлес қосқан Қадекең жолы деп айтуымызға болады.

Ұлттың өзін-өзін тануы, тарихын түзеуі кезеңінде жазылған Қадыржан Қабиденұлы  Әбуевтің еңбектері, өмір жолы, біздің ойымызша бүгінгі күні өз бағасын алып, халық танымынан, зерде тезінен өтіп, нақ ғылымның төрінен лайықты орын алуы қажет. Ендеше, Әбуевтану саласын текшелеуді де қолға алу бүгінгі тарихшылардың төл міндеті болмақ.

Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті  ректорының  кеңесшісі, тарихшы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар