Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тіліміздің даму мәселесі жете көңіл бөлуді тілейді - АРҚА АЖАРЫ

Тіліміздің даму мәселесі жете көңіл бөлуді тілейді

Жеке мемлекет болғандардың бәрі тіл мәселесін жоғарғы орынға қояды. Бұл проблема өз ішінде ғана емес, бүкіл дүние жүзінде шешуді қажет етеді. Жер шарының төрттен үш бөлігінде ағылшын, қытай, испан, араб тілдері басым болса да, жеке тілдердің дамуы мен қолданылуы өзгеше. Тіл неге керек?! Ол халықтың бар екенін көрсететін құрал. Ішкі сезімнің, жаратылыстың жеке бір бөлігі. Оны құртпау керек, барынша құрметтеген дұрыс.

Африка, Азия және Оңтүстік Американың біраз тілі эксплуатацияның әсерінен жойылып кетті. Енді өзінен-өзі орнына түсуі мүмкін емес. Бұл бір мәдениеттің жойылғаны, халыққа қысымшылдық жасағанның салдары, болмаса мәдениеттің кемігені деп білу керек. Қазіргі заманғы халықаралық тілдердің жалпы саны мен меңгерілу реті былай сипатталады.

Реті Тіл Ана тілі

ретінде

Екінші бір елдерде Қолданушылардың жалпы саны
1 Қытай тілі 1,2 миллиард 300 миллионға дейін 1,5 миллиардқа дейін
2 Ағылшын тілі 500 миллион 1 миллиардқа дейін 1,5 миллиардқа дейін
3 Испан тілі 425 миллион 125 миллионға дейін 550 миллионға дейін
4 Араб тілі 300 миллион 120 миллионға дейін 420 миллионға дейін
5 Орыс тілі 160 миллион 100 миллионға дейін 260 миллионға дейін
6 Португал тілі 230 миллион 30 миллионға дейін 260 миллионға дейін
7 Неміс тілі 120 миллион 80 миллионға дейін 200 миллионға дейін
8 Француз тілі 75 миллион 195 миллионға дейін 270 миллионға дейін

Көрсетілген кестедегі осы тілдерді қолданушылардың жалпы саны 5 миллиард көлемінде. Жер шарындағы адамдардың саны 7,6 миллиард болса, соның 65 пайызы осы тілдерде сөйлейді. Қалған 35 пайызы, яғни, 2,6 миллиард халық жергілікті тілдерді қолданушылар. 211 мемлекеттің 8-інде дүние жүзінің 80 пайыз байлығы шоғырланған. Ішкі шығарылған өніммен, сырттан алатын ақшамен есептегенде бұл байлық әрі өсетін түрі бар. Ал, адамдар саны оған қарағанда мынандай жағдайда тұр:

Сарапшылар болжамы бойынша жер бетіндегі халық саны 2050 жылға қарай 10 миллиардқа жетеді екен. Адам санының өсімі бойынша Африка елдері алда келеді. Нигерия мемлекетінде орташа есеппен бір отбасындағы бала саны жетеу. Чад, Сомали мен Малиде – 6, Оңтүстік Судан, Буркина-Фасо, Бурунди, Уганда, Конго Демократиялық Республикасы, Анголада бір отбасында кем дегенде 5 баладан өсіп келеді. Демографиялық өсім көп елдерде айқын байқалады. Соңғы уақытта әлемнің 104 елінде халық саны артқанымен, халықтың тұрмыс жағдайы төмен. Бір отбасында екі баладан көп емес 90-ға жуық ел бар. Оған Ұлыбритания, Австралия, АҚШ, Сингапур, Норвегия мен Оңтүстік Корея жатады. Керісінше кейбіреуінде адам саны азайғандар да бар. Мысалы, 2010-2017  жылдар аралығында Испания, Грекия, Румыния, Польша, Португалия, Жапония және Кубада демографиялық өсім төмендеген. Статистика есебінде, осы жылдары адамдардың өмір сүру ұзақтығы да артқан. Мысалы, 1950 жылы ерлердің орташа өмір сүру жасы 48, әйелдердікі 53  болса, қазір ерлердің өмір сүру жасы– 71, әйелдердікі 76 жас. Мұны ғалымдар медицинаның дамуымен, адамдардың салауатты өмір сүруімен байланыстырады. Вашингтон университетінің (ІНМЕ) дерегі бойынша адамдар көбіне жүрек, өкпе және асқазан дерттерінен қайтыс болған. Соңғы уақытта инфекциялық аурулардан да халық саны азайған. Семіздік дерті де қоғамды жайлап келеді. Орыс басқыншылығынан босаған мемлекеттер орыс тілін ұнатпай, қайта өз тілдері мен елдерін дамытуға кірісті. Украина, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Грузия және Балтық теңізінің жағалауындағы мемлекеттер (Латвия, Литва, Эстония) өз тілінің қадірін ұмытпай, орнына келтіруге тырысып жатыр.

Сол сияқты, қазақ тілі де 70 жылдық тепкіден кейін ептеп дамуға бет алғандай. Үш рет орфографиясы өзгеріп, 1929 жылға дейін араб алфавиті, сосын латын әліпбиіне көшу басталып, ол 1940 жылға дейін созылды, ал, 1940 жылы бұйрықпен кириллица әрпін қолдану іске асырылды. Бұндай жазу мен оқудың қиындығы қазақтың өзін үшке бөліп, атамыз араб тілін, әкеміз латын тілін, ал, біз, соғыстан кейін туғандар кириллица жазуымен білім алдық. Қазақтың тілін, әдебиетін, әдет-ғұрыптарын тек ауызша айтқаннан ұқтық. Мұның өзі әдебиетіміз бен мәдениетімізді толық түсінуден шеттетіп, мектептегі оқулық саяси түрде жасалып,  орыс тілінің аудармасы сияқты боп кетті. Діннің бір сөзі де жазылмай, қалай, қашан келгенін сырттан білдік.

Міне, 30 жыл өз алдымызға дербес өмір сүрген тәуелсіз халық есебіндеміз, бірақ, қазақ тілі әлі күнге дейін толық меңгерілмегендіктен, балаларымыз орыс тілін өзінің ана тіліндей көріп, қазақ тілі оның тасасында қалуда. Бертін құрдымға кеткен қыпшақ тілі «Кумникос» Кодексінде жазылғанындай, ХІІІ-ХV ғасырларда қазіргі ағылшын тілі сияқты ортақ тіл болыпты. Оның орнында қалған қазақ елі ата жері боп есептелетінін тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар М.Әбсәмәтов, Б.Кәрібаев, Қыдырәлі Дархан  мәнді деректер келтіріп жазды. Қазір біз бұрынғы хазар халқының жалғасы сияқтымыз. Бұған кімді кінәлаймыз десек, әрине, халықтың көбі үкімет орындары деп айтады. Мұның артық тұсы жоқ сияқты.

Қазақ тілі ең икемді, айтуға жеңіл, грамматикасы айқын. Әсіресе, өткен 70 жылда 1920-1990 жылдар аралығында көп төмендеп қалды. Қазақ тілін жетік білетін ұлты неміс болса да, қазақ болып кеткен көрнекті жазушы Герольд Карлович Бельгер көзінің тірісінде: «…Өмірімнің 43 жылын қазақтардың арасында өткізіп, қазақ тіліне құлағымның құрышын қандырумен келген едім. Менің ұғым-түйсігімде қазақ тілі құдды қазақтың осынау кеңпейіл, мейірбан дархан даласы сияқты ғажайып ұшан-теңіз бай, шешен де көркем тіл. Тек сол оралымды бай тілді «қиыннан қиыстырар ел данасы» керек. Өз басым осылай түсінемін» – деген екен. Жазушының қазақ тілі туралы бұл пікірі кімді болса да бей-жай қалдырмайтыны анық. Қазақтың тілі мен ашық-жарқын мінезі дүние жүзін таң қалдырады. Тек сол тілді құрметтеу керек. Оған мына ғұламаларымыздың сөздері дәлел. Ахмет Байтұрсынов «Өз алдына ел болуға өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз» десе, «Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды» дейді Мұхтар Әуезов.

Қазақстанда орыс тілі әлі қазақ тілін сырғытып, орнын бермей отыр. Жастайынан орысша оқыған қазақ балалары жазу, сөйлеуді орыс тілімен жалғастырып келеді. Бұның өзі қазақ тілін дамытуға, жұрт қатарлы кемістігін кетіріп, жаңа заманға сай бейімдеуге тақа мүмкіндік бермей отыр. Мекемелердегі іс қағаздары негізінен, орыс тілінде жүргізілгесін, көпшілік әлі оны өз тілім деп санамайды. Алдағы уақытта не боларын ойласақ, екі жолды айтуға болады. Бірі осы бетімен кете берсе, қазақ тілі біртіндеп «өлетіні» көрініп тұр. Ол жойылған 400 тілдің қатарына қосылып, баяғы шумер, қыпшақ тілдері сияқты қайтпас тілге айналуы мүмкін. Екінші жол, егер Үкімет пен ғалымдарқолға алса, жаңа латын әрпін кіргізсе, басқа озық мемлекеттердің әдебиеті мен оқулықтарын аударса, мектептер мен барлық оқу орындарында қазақ тіліне басымдық берілсе, іс қағаздары қазақша жүргізілсе тіл тез арада жетіліп, аз жылдың ішінде дүниежүзілік деңгейге жетер еді. Бұл – халықтың тілегі. «Тілі жоқ елдің, өзі де жоқ» деген сөздер шын мәнінде халық сөзі. Оны қазіргі еврей халқының өмірінен байқаймыз. Израиль мемлекеті құрылғаннан бастап тіл мәселесін қатты қолға алғасын, әр елде жүрген адамдары жиналып, дүние жүзілік беделге ие болды. Өткен 30 жылда тілге шамасы келмеген мемлекет енді осыны біліп, дұрыс жолға түседі деген ойдамыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев айтқан «Жаңа Қазақстанды» қазақ тілінен бөліп қарау мүмкін емес. Біз өз тілімізді өзіміз құрметтейалмай отырмыз. Қытай халқының бір мақалында «жауыңды жеңем десең, жастарын тәрбиеле, оны өзіңе көндір» дегені рас болып отыр. Жас буынды бұлай көндірсең, өзіңе қас емес, дос табасың дегеннің белгісі. Біз де қазір сондай жағдайда тұрмыз. Көбі орысша оқығандар, ана тілінің қасиетін білмей, түпсіз қиянға түсіп кеткелі тұр. Тіл болмаса халық та, ұлт та, ел де болмайды. Осы жағын біздің әлі де орыс тілін жөн көретін басшылар ұмытпауы тиіс.

Қасымхан ҚҰСАЙЫНОВ,
профессор, экономика ғылымының докторы.    

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар