Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ өнерінің саңлағы - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ өнерінің саңлағы

2023 жылғы мерейтойлар қатарында Бикен Римованың жүз жылдығы да бар. Кино экраны мен театр сахнасында қазақтың талай ару қызы мен абзал аналарының сүбелі образын сомдаған талантты актриса, қаламгер-драматург, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қырғыз Республикасы өнерінің еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бикен Римованың туғанына 2023 жылы бір ғасыр толды. 

Бикен Римова 1923 жылы сол кездегі Талдықорған облысы Қаратал ауданы (қазіргі Қанабек ауылында) туған.

1939 жылы Бөрілтөбе аудандық орта мектебінің 7 сыныбын бітірген соң Алматы есеп-кредит техникумының экономика факультетіне оқуға түскен. Жарты жылдан кейін бұл оқуды тастап, театр-көркемсурет училищесіне түскен. Сонда оқып жүрген кезінде «Абай» қойылымында көпшілік сахнаға қатысқан. Бұл Бикен Римованың театр табалдырығын ең алғаш аттаған кезі болды.

1943 жылы 3-курста оқып жүргенде актер шеберлігінен сабақ беретін атақты режиссер Асқар Тоқпанов Бикен Римоваға «Еңлік – Кебек» пьесасындағы Еңлік рөлін береді. Содан кейін Бикен Римова академиялық драма театрына актер болып қабылданған. Сол себепті училищені сырттай оқып, 1953 жылы бітірген.

Бикен Римова өмірінің 60 жылын театр өнеріне арнаған. Әуезов атындағы драма театрда 80-ге жуық рөлді сомдаған. Олардың ішінде Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебегінде» Еңлік, «Қарагөзінде» Маржан, Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер анасында» Жер-Ана және «Ақ кемедегі» Кемпір, Әбділда Тәжібаевтың «Майрасындағы» Майра, Мольердің «Сараңдығында» Элиза, Гогольдің «Ревизорында» Пошлепкина, Шахмет Құсайыновтың «Алдаркөсесінде» Меңсұлу, «Сырымбет саласында» Зылиқа, Иоселианидің «Арбаң аман болсын» қойылымында Касария секілді көптеген рөлді сомдаған.

«Бикен Еңлік үшін туған. Еңлік бақытты Бикенге кездескен», – деген болатын заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов өзінің бір сөзінде.

Бикен Римованың қазақ киносында да еңбегі зор. Қазақ киносындағы «Шабандоз қыз», «Менің атым Қожа», «Ана туралы аңыз», «Тақиялы періште», «Арман, арман…», «Ақ аруана», «Махаббат туралы дастан», «Абай», «Ұлдың оралуы», «Ай астындағы үй», «Несібелі», «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Құланның өлімі», «Гауһартас» тәрізді жиырмадан астам фильмде көптеген рөлдерді сомдаған. Олардың бірқатары басты рөлдер.

Қазақтың ең алғашқы көп сериялы «Тоғысқан тағдырлар» телефильмінде Нұрбибі бейнесі арқылы да көпшілік есінде қалды.

Бикен Римова 2000 жылы 6 қаңтарда 77 жасында Алматыда дүниеден өтті.

Жетісу өңірінің тумасы болып табылатын Бикен Римова анамыз бізге, ақмолалықтарға да бөтен емес. Өйткені, ол Көкшетау облысының Айыртау өңірінде дүниеге келген қазақтың атақты драматург жазушысы, әлі күнге еліміздің көптеген театрларында қойылып келе жатқан құнды пьесалардың және киносценарийлердің авторы Шахмет Құсайынов ағамыздың өмірлік жары. Бір шаңырақта ғұмыр кешкен әдебиет пен өнер тарланы асқан дарындарымен қазақтың өнері мен мәдениетінде ерекше із қалдырған тұлғалар. Сол себептен жерлестеріне Шахмет ағаның жарқын бейнесі қаншалықты ыстық болса, Бикен Римова апайымызбен де солай. Көзі тірісінде саңлақ актриса өзі қызмет атқарған театр труппасымен Көкше жерінде талай болып, осы ерекше құрмет пен сыйластықты жақсы сезініп кеткен жан.  Биыл туғанына жүз жыл толып отырған ұлттық театр саңлағы өзін білетін және шоқтығы биік өнеріне әрқашан риза отандастарының бәрінің де жүрегінде мәңгі сақталатыны анық.

«Арқа ажарының» өз ақпараты. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар