Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Берекесіз мердігер ауыз судан тұтас бір ауылды тұралатып тұр - АРҚА АЖАРЫ

Берекесіз мердігер ауыз судан тұтас бір ауылды тұралатып тұр

Зеренді ауданының Алексеев ауылындағы су құбыры желілерінің құрылысы аяқталмағанына міне, үшінші жыл. Елді мекенге жаңа су желілері 2020 жылы жүргізіле бастаған. Тұрғындар бірнеше жыл бойы су құбырын өз беттерінше салуға тырысып жүр.  Желілердің тозуы салдарынан су екпіндері мен апаттар жиі орын алатын болды.

Басшылар ауыл тұрғындарына жаңа су құбырын жүргізуді бастап, жыл соңына дейін әр үйде су болады деп уәде еткен. Ол үшін республикалық бюджеттен 360 миллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Алдымен жоба 2021 жылға ауыстырылды. Содан кейін жаңартылған желілерді іске қосу мерзімі 2022 жылға ауыстырылған. Өткен жылы жергілікті тұрғындар су құбырының құрылысы ұзаққа созылғанына наразылықтарын білдірді. Олар бірнеше рет аудан әкімдігіне де жүгінді. Іске «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысы филиалының белсенділері де араласты. Бірақ, жаңа желілердің уақтылы берілуіне қол жеткізудің барлық әрекеттері нәтижесіз болған. Жаңа жылға дейін жиырмаға жуық үйге ғана су қосылды, өйткені, олар ескі су құбырынан мүлдем ажыратылған.

– Жаңа жылға дейін ескі желіден жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі жоқ адамдарға жаңа желіден су берілді. Олар бір-екі ай бойы сусыз отырды. Су бірнеше күн болды, содан кейін судың қысымы төмендеп, тамшылап қана ағатын болды. Кей үйлерде зейнеткерлер, мүгедектер тұрады. Сондай отбасыларға қиын болды. Ескі желілерде су таңертең, түскі уақытта және кешке екі сағаттан ғана беріледі. Сонда бәрін есептегенде, тәулігіне алты сағат қана, – дейді Алексеевка ауылының тұрғыны Владимир Евсеенко.

Жаңа су желілерінің өзі дұрыс жұмыс істемейді, дейді ауыл тұрғындары. Олар тіршілік көзі – судың үнемі тоқтап қала беріп, үзік-үзік болып келетініне наразы. Жаңа су құбырының өзі нашар жасалған. Бұған дәлел, бірнеше рет орын алған апаттар. Жергілікті тұрғын Азамат Сатыбалдинов жаңа желілер қысымға төтеп бере алмайды, сол себепті апаттар жиі орын алады дейді.

–Үшінші жыл бойы су құбырын әлі аяқтай алмай отыр. Биылғы 10 қаңтарға дейін олар қалған жабдықтарды, генераторды, есептегіштерді әкелуге уәде берген. Мысалы, адамдар суға қосылғаннан кейін есептегіштер қою керек қой. Осы уақытқа дейін қарапайым есептегіштердің өзін әкелу сағыздай созылып отыр. Жұмыс сапасында кемшіліктер өте көп. Орта ғасырлардағыдай су сағат сайын ғана беріледі. Кейде су сорғыш станциясындағы жаңа ысырмаларды өзіміз ауыстырып қоямыз, – деп шағымын білдірді Азамат Сатыбалдинов.

Мәселені жоғарыда айтқанымыздай, «Әділдік жолы» РҚБ облыстық филиалының қоғам белсенділері де көтерді. Олардың айтуынша, Алексеевка су құбырын салатын «Монолит» серіктестігінің мердігер ұйымы Бұланды ауданының Никольское ауылында, Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында, Жарқайың ауданының Шойындыкөл ауылында және Есіл ауданының Заречное ауылында осындай желілерді қайта жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың барлығында жұмыстар аяқталған жоқ және тиісті нысандар әлі пайдалануға берілмеді. Осы сияқты құрылыстардың уақытында аяқталмауы жобаның қымбаттауына және бюджеттік қаражаттың артық,  тиімсіз жұмсалуына әкеп соғатыны белгілі.

– Тапсырыс беруші Зеренді ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі атынан осы жобаның іске асырылуы тиісті түрде бақыланған жоқ. Бұл жоба 2021 жылға жоспарланған, қазір 2023 жыл. Соның салдарынан ауыл тұрғындары ауыз суға қатысты қиындықтарға тап болып, не істерлерін білмей келеді. Егер сот басталса, оның да ұзаққа созылатын түрі бар. Себебі бірнеше сатылардан өтуі керек. Тіпті, жыл бойына созылуы мүмкін. Ал, бұндай қарқынмен су мәселесі бүгін-ертең шешілмейді, – деді «Әділдік жолы» РҚБ облыстық филиалының директоры Алмат Исмағұлов.

Жергілікті билік жобаның аяқталу уақытын жылдамдатуға тырысып жатыр. Зеренді ауданының әкімдігі ауыл тұрғындарының үйлерін  жана су желілеріне қосу мердігер ұйымның жауапсыздығына байланысты мүмкін болмады деп түсіндіреді. Жобалық-сметалық құжаттамада да проблемалар мен кемшіліктер жоқ емес. Сол себепті,  жобаны жүзеге асыруда белгілі бір қиындықтар туындағаны анық.

– Су сорғыш станциясының құрылғыларын жеткізу мерзімі 18 аптадан 20 аптаға дейін ұзартылған. Бұл жабдықты іске қосу үшін ұялы байланыс, дизель генераторы, су сорғыш станциясының компоненттері қажет. Мердігер келісім-шартты 2023 жылға ұзартуды сұрады. Бүгінгі таңда біз бұл мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арыз бердік. Сондай-ақ, оны осы жұмыстарды аяқтауға және өсімпұл төлеуге міндеттеу туралы талап қойылды, – дейді Зеренді ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Рүстем Жұмабеков.

Қазір аудан әкімдігі мен мердігер ұйым арасындағы келіспеушілік сотта қарала бастады. Осыған қарамастан, жергілікті билік 1 маусымға дейін жаңа су құбырын іске қосуға уәде беріп отыр. Бірақ, ауыл тұрғындары көкейінде үлкен күмән бар. Алексеев ауылы тұрғындарының әлі күнге ауыз суға жарымай отырған бұл сергелдеңі қашанға дейін созылар екен. Сонда берекесіз мердігер тендерде бүкіл облыс бойынша бірнеше нысанды қалай алып алған?!.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар