Жуырда көрікті Бурабай баурайында «Отан» патриоттық акциясы өткізіліп, оған қатысушылар Қазақстанның ең үлкен туын жайып көрсетті. Мемлекеттік ту екі жерде – Абылай хан алаңында және Жұмбақтас жанында осылай көтерілді. Бұл көк байрағымыздың ұзындығы 30 метр, ені 15 метр болды.
Игілікті шара Атырау қаласынан келген «Atyrau Nomads» экспедициялық клубының бастамасы бойынша ұйымдастырылды. Ақмола облысында «Техно ресурс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры Рамиль Набиулин осы шараның бастамашысы ретінде белсенділік танытты.
Ақмола облыстық және Бурабай аудандық әкімдіктері, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы, облыстық мәслихаттың депутаты Умар Шоназаров, облыстық жастар ресурстық орталығы, «Visit Akmola» туристік ақпарат орталығы патриоттық акцияны қолдап, оның ойдағыдай өтуіне қолайлы жағдай туғызды.
Әсіресе, жастар арасында Отанға деген сүйіспеншілік сезімін арттыруға игі ықпал ететін бұл шараға барлығы 200-ге жуық адам, соның ішінде Ақмола, Көкше өңірлері мен Атырау қаласының волонтерлері, сондай-ақ, Бурабай курорттық аймағының қонақтары қатысты. Қонақжай жергілікті ұйымдар шараға ат салысқан үлкен-кішіге бауырсақтар мен шоколад, ыстық шай таратты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.