2016 жылдан бастап сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу институтының жұмыс істеу кезеңінде 58 ақмолалық 8,8 млн теңгеден астам қаражатқа ие болды, 1-еуі алғыс хатпен марапатталды.
2022 жылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлаған 13 адам 2,1 млн теңгемен көтермеленді. Көбінесе азаматтар парақорлық фактілері туралы хабарлаған. Мысалы, квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғасының пара бергені туралы хабарлаған өңір тұрғынына 214 410 теңге төленді.
Сонымен қатар, іс жүзінде өзінің сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілігін дәлелдеген және қызметтік міндеттерін орындау кезінде өзіне пара беру әрекеті туралы тікелей басшылығына уақтылы баяндаған полиция қызметкері грамотамен марапатталды.
Айта кетейік, 2020 жылдан бастап сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлама жасаған азаматтарға берілетін сыйақының сараланған жүйесі жұмыс істеп келеді. Осыған сәйкес азаматтар ең жоғары сомасы – 13 млн теңгеден астам қаражат ала алады.
Пара немесе келтірілген залал сомасы немесе ұсынылған жеңілдіктердің не болмаса көрсетілген қызметтердің құны 1000 АЕК – тен (3 450 000 тг) аспайтын сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша сыйақы сомасы қылмыстың ауырлығына байланысты 30-дан 100 АЕК-ке дейін барады. Көрсетілген сомадан артық – сыйақы 10%-ды құрайды, бірақ 4 мың АЕК-тен аспайды (13 800 000 тг).
Көтермелеу әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы, айыптау үкімі не қылмыстық істі ақталмайтын негіздер бойынша қысқарту туралы сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін жүзеге асырылады.
Егер азамат ақшалай сыйақыдан бас тартса, онда ол грамотамен немесе алғыспен көтермеленуі мүмкін. Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткен азаматтар көтермеленіп қана қоймай, мемлекеттің қорғауында болады. Ағымдағы жылдың 3 қаңтарынан бастап заңнамалық түзетулерге сәйкес бұл адамдар тәртіптік комиссияның немесе өзге алқалы органның ұсынымдарынсыз тәртіптік жауапкершілікке тартыла алмайды, қызметінен босатыла алмайды немесе басқа лауазымға ауыстырыла алмайды.
Ақпарат берушілерді көтермелеудің сараланған жүйесі, ең алдымен, адамдардың сыбайлас жемқорлыққа байланысты заңға қайшы әрекеттерге төзбес көзқарасын дамытуға, сондай-ақ халықты осы әлеуметтік зұлымдыққа қарсы тұруға және онымен күресуге белсенді тартуға бағытталған.
Осыған байланысты әрбір азаматты парақорлықтан, парашылдықтан және сыбайлас жемқорлықтың басқа да белгілерінен бас тарту әдетін қалыптастыруға шақырамыз, осылайша қоғам өмірін сауықтыру үшін кез келген заңсыз әрекеттерге төзбеушілік танытамыз.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға тап болған жағдайда Агенттіктің 1424 Call-орталығына немесе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне хабарлауға шақырамыз.