Бәріне баға өскен. Қымбатшылық  халыққа оңай соқпауда…

Бұл күнде басқасын айтпағанда тіршілік үшін аса қажетті заттардың күн санап тіпті, сағат сайынқымбаттап жатқаны өтірік емес. Солардың ішінде халыққа аса қажетті азық-түлік бағасы шарықтап, құрық салдырмауда. Мысалы, соңғы бір жылдың, яғни, өткен жылдың өзінде азық-түлік бағасы 25 пайызға қымбаттаған екен. Бұл ресми дерек. Ал, іс жүзінде одан да көп болуы мүмкін. Өйткені, күннен күнге қымбатшылық халықтың жанына батып барады.

Айлығы шайлығынан аспайтын қара халықтың басым көпшілігі азық-түлікті несиеге алып отырғаны өтірік емес. Ауылдағы ағайынды айтпағанның өзінде қала халқының тұрмыстық ахуалы көңіл көншітпейді. Ақмола облыстық статистика басқармасының сайтында жарияланған деректерге көз жүгіртер болсақ, өткен жылғыүшінші тоқсанда ақмолалық қызметкерлердің орташа айлық атаулы жалақысы 248008 теңгені құрады. Сонымен қатар, сала қызметкерлерінің зерт жұмыстарына зер салар болсақ, халық еңбек қызметінен түскен табысының 89 пайызын азық-түлік тауарларын сатып алуға, ақылы қызметтерді өтеуге және азық-түлік емес тауарларды сатып алуға жұмсайды екен. Сонымен қатар, жалақыларының 11 пайызын салықтар мен несие қарыздарды өтеуге, 2,2 пайызын туыстары мен таныстарына материалдық көмек, тағы басқа қажеттіліктерге жұмсайтын көрінеді. Бұл 820 респондеттің мысалы есебінен шығарылған жалпы ахуал.

Мұндайда әр қазақтың жүрегінде жатталып қалған Қасым ақынның «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды…»  деген сөзі еріксіз ойға оралатыны бар. Алыстан арбалап қайтеміз, қара халықтың санатындағы өз жағдайымыз да алақанымызда.  Дүкенге барып азық-түлік сатып алғанда санаулы зат үшін бес-он мың теңгеңді қалай жұмсағаныңды білмей қаласың. Алла көпсінбесін, бірақ сөздің ашығы, балалы-шағалы отбасы үшін шығыстың бұдан да көп болатыны бар.  Бұл мәселе Үкімет назарында дейді билік басындағылар. Қалай дегенмен де, әлі де болса ауыз толтырып айтар нәтиже байқалмай жатқаны анық.

Байыған базарда отырмайды. Дегенмен де, бүгінгі саудагердің айы оңынан туып тұрғаны да өтірік емес. Әйтпеген күнде алыпсатардың осынша көп болмайтыны да анық қой.Бәрінің мақсаты бір.  Қайтсем напақамды арттыра түссем дейді. Қайтсем байысам дейді көбі. Оларды сөгуден де аулақпыз. Дегенмен де, өзі қымбат тауарға бірнеше есе қосып сатудың өзі қиянат екендігін бірі ескерсе, енді бірі ескере бермейтіні бар. Сондақара халықтың қамын кім ойлайды? Қарапайым халыққа жейтін тамақтың өзі қат болса, қайтіп күн көреді?..

Соңғы жылдары базардағы бағаға қарағанда бағасы арзан әлеуметтік павильондар ашылғаны белгілі. Алғашқысында қуана бөркін аспанға атқан халық қазіргі кезде осы павильондарға қатысты өз наразылықтарын да бірлі-жарым айтып қалғанын естіп жүрміз. Мәселен, ондағы сатылымдағы тауарлардың өзі шектеп сатылады.  Яғни, бір қолға бір келі дегендей. Өткен жылғы жаз мезгілінде қанттың қат болғанын ақмолалықтар ұмыта қойған жоқ. Сауда үйлерінде былтырғы жылы қант бағасы 900 теңгеге дейін көтерілген болатын. Ал, әлеуметтік павильондарда қант бағасы екі есе арзан еді. Бір өкініштісі, тағы да бұрынғыдайбір қолға шектеп сатылатын. Бірақ, осыған қарамастан,  бозала таңнан ұзын-сонар кезекте тұрғандардан көз сүрінетін. Биыл тағы да қант таба алмай, қаңтарылып қалмаймыз ба? Ақмола облыстық тұрақтандыру қорының берген мәліметіне сүйенетін болсақ, баға мәселесі басты назарда. Қор қызметкерлерінің айтуынша, Ақмола өңірі қант зауытымен келісім-шарт жасасқан.

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың жаңа тәсілдерін іске асыру шеңберінде «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Жетісу облысындағы «Көксу қант зауыты» серіктестігімен шартқа отырды.Таяуда келісім-шарт жасасу бойынша барлық қажетті рәсімдер аяқталды.Шарт аясында зауыт Ақмола облысының базарларына екі мың тоннадан астам қант жеткізетін болады.Осыған дейін жүргізілген осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 2021 жылы «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» «Көксу қант зауытымен» 678 тоннаға қант сатып алу шартын жасасты. Бұл қантты килограмына 342 теңгеден 495 теңгеге дейін сатуға мүмкіндік берді.Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорының бөлімдерінде бір килограмм қант 475 теңге тұрады, – дейді олар.

Біз базардағы қант бағасын бағамдап көрдік. Бірнеше адамдармен де тілдесіп, сөзге тарттық. Солардың бірі  – Баян Дулатқызы. Оның айтуынша,  Көкшетау қаласындағы «Светофор» дүкенінде қазірдің өзінде қанттың бағасы 420 теңгеден сатылып жатыр.

– Мен жыл бойы сол жерден сатып аламын. Ал, сіз айтып отырған әлеуметтік дүкендерде қант бағасы қымбаттау. Сондықтан аталмыш дүкен орталықтан алыстау болса да, жолдасым екеуіміз демалыс күндері сонда барып, көбірек сатып аламыз. Оның үстіне ол жерден қанша сатып алсаңыз да шектеу жоқ, – дейді Баян.

Қалай дегенмен де, биылғы жаз айларында, яғни, тосап қайнатып қысқа қамданатын сәтте, былтырғыдай қант іздеп сергелдеңге түспесек болғаны. Дәл өткен жылдағыдай қант қат болмайды деп сендірді бізді тұрақтандыру қорындағы қызметкерлер. Айта кетуіміз керек, тұрақтандыру қорының өнімдері өңіріміздегі 4 әлеуметтік павильоннан басқа, «Инмарт» сауда үйлерінде де сатылады.

Жалпы, азық-түлік бағасын тілге тиек етер тұста, көңіл тек қант мәселесіне алаңдап отырған жоқ. Жалпы, өңіріміздегі кез-келген тауарда өсім байқалатынын аңғарып отырмыз.Бұрнағы жылдары халық тұрмыстық техниканы, үйге қажетті жиһазды бөліп төлеп немесе несиеге сатып алып жүрсе, қазіргі таңда нанның өзін несиеге алып жатқандар баршылық. Алмай қайтіп күн көрмек? Мәселен, облыс орталығындағы «Small»ірі сауда үйінде өзіміздің Зеренді ауданында өндірілетін майлылығы 3,2 пайыздық  1 литрге жетер-жетпес «Садовый» сүтінің  бағасы 405 теңге көлемінде, ал 1 пайыздық майлылығы бар қатық  450 теңге тұрады. Өзімізде өндірілетін жоғары сұрыпты «Жақсы» ұнының5 келісі 2070 теңге екен.

Астықтың бел ортасында отырып, ұнға қарық бола алмай отырғанымыз өкінішті-ақ. Қарық болғанда, жетіп артылады-ау. Тек бағасы қолжетімді емес екендігі қынжылтатыны бар. Оны отандық өнім деп жазып қойыпты. Солайы-солай, дегенменбағасын көргенде осыған қанағаттанарымызды, қанағаттанбасымызды да білмей,абдырап қалғанымыз бар. Тағы бір мысал, Ресейде өндірілген «Макфа» ұнының 5 келісі бұл дүкенде 2330 теңгеден сатылып жатыр. Ресей қайда, біз қайда? Екі түрліжерде өндірілген ұнның бағасының айырмасы бар-жоғы 330 теңге. Павлодардан шыққан қарақұмықтың 3 келісі 2755 теңге көлемінде, сонда мұндағы қарақұмықтың 1 келісі 918 теңгеден шығып тұр.  Жоғарыда біз санамалап өткен азық-түлік үйге қажеттінің  бір парасы  ғана. Қазір мың теңгенің бәсі төмен, оны айтасыз осы мың теңгеге де мардымды зат ала алмай қалған күйге жеттік.

Иә, базар барсаң қынжылып қайтасың. Көңілің пәс, еңсеп езіліп келеді. Айт-айтпа сананы тұрмыс билейтіні өтірік емес. Ел халқы жағдай қашан түзеледі деп алаңдайды. Билік басындағылар баға басты назарда деп сендіреді. Ендеше, жақсылықтан үмітті болайық деп өз-өзімізді тағы да сабырға шақыруға тура келеді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар