«Ақмола жұлдыздары» – көркем өнердің қайнар көзі

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен Балалар жылына арналған «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқауының гала-концертінде қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Өңір басшысы жүлдегерлер мен жеңімпаздарға ұйымдастыру алқасының дипломдары мен ақшалай сертификаттарын, ал, үш аталым бойынша үздік атанған өнер ұжымдарына  «Chevrolet Nexia» автокөлігінің кілттерін табыс етті.

Сонымен қатар, мәдениет саласына еңбегі сіңген сала қызметкерлері мен ардагерлерін марапаттады. «Еңбек ардагері» медалімен Шортанды ауданының қолөнер шебері, халықаралық байқаулардың жеңімпазыКәрім Бектас марапатталса, Ақмола облысы әкімінің Құрмет грамотасымен Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің дирижері ТұрлығожаБазаров, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық бөлімнің жоғары санатты солисі, дәстүрлі әнші ЭльмираТөлеубаева, «Көкше» мәдениет үйі директорының орынбасарыЕсімжанЖапаров және тағы басқалары  марапатталды.

«Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқауы 23 жылдан бері өткізіліп келе жатқан мәдениет саласындағы өңірлік ең ірі әрі ең ауқымды жоба болып табылады.
Аталмыш жоба ата-баба дәстүрін сақтауға, төл өнерді дамытуға, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, жаңа таланттардың талабын жанып, олардың есімдерін өнерсүйер қауыммен қауыштыруға жол ашатын ауқымды байқаулардың бірі. Жыл сайын байқауды қаржыландыруға жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді.

Мәселен, тәуелсіздік жылдары байқау қорытындысы бойынша барлығы 25 жеңіл автокөлік, 7 шағын автобус табыс етіліп, осының арқасында жеңімпаз ұжымдармузыкалық жабдықтар, аспаптар, LED-экрандар, сахналық костюмдер сатып алып,  мәдени ошақтардың материалдық-техникалық базасын айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік алды. Аудандық және қалалық әкімдіктер тарапынан байқауға зор көңіл бөлінеді. Демеушілер мен меценаттар фестиваль концерттерін дайындауға және өткізуге үлкен көмек көрсетіп отыр. Бір ғана мысал,  өткен 2022 жылы материалдық-техникалық базаны нығайтуға 371,8 миллион теңге бөлінсе, 44,4 миллион теңге көлемінде демеушілік қаражат тартылды. Сонымен қатар, 2022 жылғы байқау қорытындысы бойынша 129 солист-орындаушы және 86 көркемөнерпаздар ұжымы анықталды.

Жыл сайын бастапқы іріктеу турларына қатысушылар саны да артып келеді. 2021 жылы байқаудың бірінші іріктеу кезеңіне 23175 адам қатысса, 2022 жылы 189 ауылдық округ пен облыстың үш қаласынан 50242 адам қатысты. Аудандық гала-концерттерде вокалдық, хореографиялық, аспаптық, поэтикалық және театрлық жанрлар, сондай-ақ, аймақтардың сәндік-қолданбалы өнері кеңінен ұсынылды. Биылғы жылы халық шығармашылығы байқауына тұңғыш рет «Мемлекеттік-шығармашылық тапсырыс» жобасы аясында жұмыс істейтін көркемөнерпаздар ұжымы қатысып, оны іске асыруға 2022 жылы 8500 баланы қамту үшін 1,3 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, аудандық гала-концерттер аясында 1 мыңға жуық сәндік-қолданбалы өнер шеберлері түрлі жанрда орындалған 3 мыңнан астам туындыларын ұсынды. Атап айтсақ, олардың арасында сүйектен және ағаштан көркем ою, металды көркем өңдеу, авторлық қуыршақтар, былғары өңдеу, патч техникасы, әйнекті көркем өңдеу, зергерлік өнер, этникалық зергерлік өнер, авторлық этникалық киім, тоқу, кесте тігу, кескіндеме, акварель, макет жасау, жұмыс техникасы бар. Қолөнершілердің бұйымдары дәстүрлі ұлттық қолданбалы өнер түрлері мен жаңа заманауи материалдардың қызықты үйлесімімен ерекшеленді.

Гала-концерт басталмас бұрын, жиналған қауым назарына мәдениет сарайының фойесінде сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі ұсынылды. Олардың арасында Атбасар ауданының жібек ленталардан көз суырар көркем туынды өретін, сурет шебері Татьяна Дифенбах пен Шортанды ауданының «Әлем халықтарының  сүйек кесу өнері» ІІІ халықаралық фестивалінің жеңімпазы Кәрім Бектастың туындылары, Көкшетау қаласының шебері Арман Исеновтың қыштан жасалған бұйымдары, Жақсы ауданында тұратын аппликация техникасындағы жұмыс, панно және кескіндеме шебері Эльза Гезгтің сырлы суреттері, Қосшы қаласының қолөнер шебері Әбілқайыр Оразбаховтың былғарыдан жасалған бұйымдары, Степногорск қаласынан келген Е.Пушкареваның мамықтан жасалған жұмыстары, Зеренді ауданында тұратын А.Матерннің гравюралары, Аршалы ауданының балалар шығармашылығы орталығының «Сазды ойыншық» үйірмесінен жас шеберлердің қолөнер бұйымдары бар.

Сахна шымылдығы Қосшы қаласының «Мұра» тобының орындауындағы Мұқағали Мақатаевтың  «Отан» әнімен ашылды.  Гала-концертте Ерейментау, Целиноград, Аршалы аудандарынан біріккен балалар халықтық аспаптар оркестрінің Сапарғали Ахметжановтың жетекшілігімен  Х.Тастановтың «Би күйі»,  сонымен қатар, оркестрдің сүйемелдеуімен Аршалы ауданының жас әншісі Жібекшаш Дәулетқызының орындауындағы Н.Тілендиевтің  «Саржайлау» әні көрермен көңілін бір серпілтіп тастады.

Жауқазын қыздың жарқын дауысы әнсүйер қауымды  тәнті етті. Қазақтың ән мұрасын шашау шығармай, сол саф күйінде кейінгіге жеткізіп жүрген дәстүрлі әншілердің орны ерекше қашанда. Гала-концертте целиноградтық әншілер Жақсыкелді Маясаров пен Ақтілек Дүйсебаева, аршалылық Әйкерім Жаңатілекова, көкшетаулық Аслан Мұхамедияров пен Әділ Құсайынов және  атбасарлық Қылышбек Сынабай есімді әншілер терең толғанысқа толы кең тынысты, әуезді әндерді шырқап, құлақ құрышын қандырды. Сонымен қатар, концерт барысында Көкшетау, Қосшы қалаларымен Бурабай және Зеренді аудандарының өнерпаздарынан құралған этно фольклорлық ансамбльдерінің орындауында «Поппури»,  «Жас қыран» домбырашылар ансамблі (Бұланды ауданы), «Карнавал» би ұжымының (Жақсы ауданы) өнерлері тамсандырды. Жеке солистер  Ақбота Құснадин, Димаш Алпысбай, Нығмет Аманжол, Асылзат Нұғыманова, Диас Нұртаза және тағы басқа талантты орындаушылардың өнерлеріне өнерсүйер қауым тәнті болды.

– Бұл байқау өңіріміздегі ауқымды мәдени жоба. Іріктеу кезеңдеріне өңіріміздің 50 мыңнан астам өнерпазы қатысқандығының өзі осының айғағы деп білеміз.  Біз облысымыздың  өнерпаздарын әрдайым мақтан тұтамыз. Олардың өнеріне өріс ашып, талабын ұштауға, қолдауға барынша көмек көрсетіп келеміз. Бұл байқау өнер көгінде жаңа жұлдызды есімдердің жарқырай түсуіне  жол ашады деп есептеймін, – деді облыс әкімі салтанатты шарада. Ол өз сөзінде Ақмола облысының барлық аудандары мен қалаларында мәдениет саласының дамуына да тоқталып өтіп, жалпы ахуалды баяндады. Өткен 2022 жылы 16  мәдени нысан жөнделді. Зеренді ауданының Айдабол, Баратай ауылдарында, Ерейментау ауданының Новомарковка ауылында мәдениет ошақтары ашылды. Ауылдық мәдениет нысандарына блоктық-модульдік қазандықтар сатып алынды. Биыл Бурабай және Аршалы аудандарында мәдениет үйлерінің, сондай-ақ, Сандықтау аудандарында мәдени-демалыс орталығының құрылысы басталады.

Байқау жеңімпазсыз болмайды. Кез-келген бәйгенің өз Құлагері бар. Биылғы өнер додасында да ақ боз атының маңдайы жарқырап, мәреге бірінші болып жетіп, жеңімпаз атанғандардың мерейі үстем болды. Әдеттегідей байқау үш аталым бойынша сарапқа салынды. Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде және I, II, III жүлделі орындар анықталды.  «Облыстық маңызы бар қалалар» аталымында 1-ші дәрежелі диплом мен 1 миллион 600 мың теңге сомасындағы сертификатымен екі қала, яғни, Көкшетау қаласы менСтепногорск қаласы марапатталса, Бас жүлде Қосшы қаласының көркемөнерпаздар ұжымына бұйырып, «Chevrolet Nexia» автокөлігіниеленді.

Ал, «Орталықтары қалалар болып табылатын аудандар» санатындағы жүлделі орындарға тоқталар болсақ, 3-ші дәрежелі диплом және ұйымдастыру техникасын сатып алуға сертификат Ерейментау және Есіл аудандарына берілді.Ақкөл ауданының шығармашылық ұжымдары 2-ші дәрежелі дипломмен және 1 миллион теңге сомасына сертификатпен марапатталды.Бурабай ауданының шығармашылық ұжымдары 1-ші дәрежелі дипломмен және 1 миллион 600 мың теңге сомасындағы сертификатқа ие болды. Бұл аталымда Бас жүлде «Chevrolet Nexia» автокөлігі Атбасар ауданына берілді. «Орталықтары кенттер, ауылдар болып табылатын аудандар» арасында Жақсы ауданы 3-ші дәрежелі дипломмен және ұйымдастыру техникасын сатып алуға сертификатпен марапатталды,2-ші дәрежелі дипломмен және 1 миллионтеңге сомасындағы сертификатпен Аршалы ауданының шығармашылық ұжымдары марапатталды.Зеренді ауданы 1-ші дәрежелі дипломмен және 1 миллион  600 мың теңге ақшалай сертификатына ие болды. Бас жүлдеге тігілген «Chevrolet Nexia» автокөлігін Целиноград ауданы жеңіп алды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар