– Бүгін, 1 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
89 жыл бұрын (1934-2006) Қазақстаннның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәкен Нұрмақұлы ЖҮНІСОВ дүниеге келген.Көкшетау облысы, Қызылтау ауданы, Кішкенекөл ауылында туған. Қазақстанның Халық жазушысы (1996).
Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (1957). 1957-1959 жылдары «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында және 1960-1964 жылдары Қазақ мемлекеттік драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, 1988 жылдан 1991 жылға дейін КСРО Әдеби қоры қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болған. Балаларға арналған алғашқы кітапшасы («Сонарда») 1959 жылы шықты.
Бұдан соң жас жеткіншектер үшін «Әжем мен емші және дәрігер» (1961), «Кімнің мекені жақсы» (1962), «Сақау бәтеңке» (1983), т.б. кітаптары жарық көрді. «Өшпейтін іздер» повесін (1968), «Жапандағы жалғыз үй» романын жазды (1965; орыс тілінде — 1968). «Ақан сері» дилогиясы жарық көрді. (1кіт., 1971; 2кіт., 1977; орыс тілінде — М., 1979). «Алғашқы вагон» (1982), «Заманай мен Аманай» (1987) повестерін жазды.
Жазушының «Ажар мен ажал» (1967), «Тұтқындар» (1970), «Қызым, саған айтам» (1972), «Жаралы гүлдер» (1973), «Қос анар» (1974), «Әр үйдің еркесі» (1975), «Қысылғаннан қыз болдық» (1976), «Кроссворд немесе масханадағы маскарад» (1981), т.б. пьесалары республика театрларында қойылды.
«Өліара» пьесасына Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді (1986). 2000 жылы «Сәкен сері ел жайында, ел Сәкен сері жайында» кітабы жарық көрді.
Көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылған. Л.Н.Толстойдың, С.Цвейгтің бірқатар әңгімелерін, О.Т.Гончардың «Перекоп», «Көк адыр» романдарын, т.б қазақ тіліне аударған.
75 жылбұрын (1948) әнші-композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынбек Қоразбайұлы ҚОРАЗБАЕВ дүниеге келді.Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы Қызылсай ауылында туған.
1973 жылдан Жамбыл облыстық «Алатау» эстрадалық ансамблінің көркемдік жетекшісі, сонан соң облыстық филармония директоры болып істеді. Халық сүйіп тыңдайтын «Қара кемпір», «Қара шал», «Шашбаулым», «Сырғалым», «Аяулы Таразым», «Кенен ата», «Сағындым Кенен атамды» және т.б. әндердің авторы.
Мәдениет саласындағы жоғары жетістіктері үшін А. Қоразбаевқа Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, «Қазақ КСР-ның Еңбек сіңірген артисі», 1993 жылы «Қазақстан халық әртісі», 1994 жылы «Қырғызстан Республикасының халық артисі» құрметті атақтары берілді.
2004 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 2010 жылы «Парасат» ордені, 2016 жылы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін алды.
65 жылбұрын (1958) Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Тауфик Акрам ұлы КАРИМОВдүниеге келді.Бұрынғы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында туған. Гурьев қаласындағы педагогикалық институтын (1979), Алматы қаласындағы Саясаттану және басқару институтын (1991), Атыраудағы Мұнай және газ институтын (1995) тәмамдады.
Тарих және қоғамтану пәндерінің мұғалімі, әлеуметтік-саяси ережелер оқытушысы, инженер-геолог мамандықтарын игерген.
Әр жылдары Атырау қаласындағы №213 кәсіптік техникалық училищеде оқытушы (1979), Халықаралық жастар туризмі бюросында референт, нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, төраға, Гурьев қалалық комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, Мемлекеттік ішкі экономикалық компаниясында эксперт, Атырау облыстық әкімі аппаратының жетекшісі, «Қазақстанкаспийшельф» АҚ вице-президенті, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бас инспекторы, Ақтау қаласында «Каспий» Ұлттық Компаниясы АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, «Қазақстандағы татар және башқұрт конгресі» Республикалық қоғамдық ұйымы басқармасының төрағасы қызметінде болған.
Қазіргі қызметін 2022 жылдың сәуірінен атқарып келеді.
Х.Досмұхамедов атындағы университеттің құрметті профессоры. Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Бүкіләлемдік татарлар конгресі Ұлттық Кеңесі (Милли Шура) төрағасының орынбасары, Қазақстан, Ресей, Татарстан, Әзербайжан Жазушылар одағының мүшесі. АҚШ-тың Туссон қаласының құрметті азаматы.
63 жылбұрын (1960) «Экомед» медицина орталығының негізін қалаушы және жетекшісі Салтанат Берденқызы БАЙҚОШҚАРОВА дүниеге келді.Жамбыл облысында туған. 1983 жылы Қазақ Ұлттық университетінің биология факультетін бітірген. Медицинадағы еңбек жолын 1988 жылы Алматы қалалық кеңесханасында дәрігер-лаборант болып бастаған.
Ерлер бедеулігін анықтаумен айналысып, күйеуінің немесе донордың шәуһетімен жатырішілік инсеминация жасау және аталық ұрық криоконсервациясы әдістерін енгізген. 1995 жылы бедеулікті емдейтін «Экомед» орталығын ұйымдастырып, Қазақстанда және Орталық Азияда алғашқы болып денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) әдісін енгізді.
Нәтижесінде 1996 жылы 31 шілдеде осы лабораторияда Қазақстандағы алғашқы «құтыдағы бала» дүниеге келді. Қазақстандағы алғашқы лаборатория ретінде «Экомед» емханасы 1995 жылы Франциядағы Дүниежүзілік ДТҰ регистріне тіркелген.
Ұлттық медицина қауымдастығының «Алтын Дәрігер» атағының иесі. «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігіне» атты құрмет белгісімен марапатталған Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық cақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған.
43 жыл бұрын (1980) ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Берік Серікұлы БЕРКІМБАЕВ дүниеге келді.Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Болашақ бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Шеффилд университетін (2015) бітірген.
Еңбек жолы: Алматы қаласы, Оңтүстік-Шығыс көлік аймағы бойынша ҚСжАО прокуроры, кадр жұмысы және ішкі қауіпсіздік жөніндегі аға прокуроры (2001-2004 ж); ҚР Бас прокуратурасының ҚСжАЕК басқармасының аға прокуроры (2004-2005 ж); ҚР Бас прокуратурасының Алматы облысы бойынша ҚСжАЕКБ бастығының орынбасары, бастығы (2005-2010 ж); Алматы облысы прокурорының кадр жұмысы жөніндегі аға көмекшісі (2010 ж); Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының және Әділет министрлігінің атқару өндірістерін қамтамасыз ету жөніндегі басшылық лауазымдарында жұмыс істеді (2010-2011 ж); Ақмола облысы бойынша сот актілерін орындау департаментінің басшысы (2011-2014 ж); Ақмола облысы әділет департаменті басшысының орынбасары (2015-2016 ж); ҚР ӘМ мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары (2016-2017 ж); Ақтөбе облысы әділет департаментінің басшысы(2017-2018 ж); Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры (2018-2022 ж). Қазіргі қызметіне 2022 жылғы 20 қаңтардан бастап тағайындалды.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016) мерекелік медальдарымен марапатталған.
Дереккөз: www.inform.kz/kz