Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өңірлік баспасөзді дамыту мәселесіне қатысты форумда қазақстандық журналистиканы дамыту мақсатында салалық шеберлік сыныптарын өткізіп, журналистердің біліктілігін көтеру көзделіп отырғанын атап өткен болатын. Осыған орай, Жабал Ерғалиев басшылық ететін «Ақмола-«Тіршілік» ЖШС қызметкерлері форумдағы бұл ұсынысқа алғашқылардың бірі болып құлақ түрді. Сөйтіп, республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерінің қызметкерлерімен кездесіп, тәжірибе алмасып қайтты.
Басқа өңірлердегі басылымдардағы әріптестермен қауышу – журналистер үшін өте сирек кездесетін сәттіліктің бірі. Бізге күнделікті жұмыстан осындай шараларға уақыт табу өте қиын. Сондықтан, «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерінің бір күндік жұмыс барысымен танысу біз үшінелеулі оқиғағаайналды.
Бас басылымның бас редакторы Ғабит Мүсіреп «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерінің ғасырлық тарихына тоқталып, бүгінде бір шаңырақ астында бірлесе жұмыс істеп отырған шығармашылық ұжымдардың жұмысы жайлы әңгімелеп берді. Ал, «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Сәбит Малдыбайдың айтуынша, қазіргі интернет заманында да мерзімді басылымдар ең сенімді ақпарат көзі болып қала береді, қаңтар оқиғасының қайғылы күндерінде де солай болды.Сол себепті, газет сапасы мен мазмұны үнемі жоғары деңгейде болуы қажет.
Республикалық газеттердің редакциясында болған жазушы-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі, «Ақмола-«Тіршілік» ЖШС-ның директоры Жабал Ерғалиев, облыстық «Акмолинская правда» газетінің бас редакторы Владислава Кокорина, «Арқа ажары» облыстық газетінің жауапты хатшысы Асылай Айжарықова және «Ақмола-Ньюс» ақпараттық порталының тілшісі Камила Әбделманова тәжірибе алмасу барысында «Egemen Qazaqstan» мен «Казахстанская правда» редакцияларының әр бөлімін аралап, шығармашылық ұжымның жұмыс барысын, газет шығару процесін бақылап, еліміздегі бас басылымдардың күндіз-түні жұмыс үстінде жүргендеріне куә болды.
Кездесуде Қазақстан баспасөзінің жағдайына тоқтала келе, Жабал Ерғалиұлы бүгінгі таңда журналистика саласына өңірлерде шығармашылық жастардың жетіспейтіндігін атап өтті. Алайда, бас басылымдардың жұмысына қарап, дарынды жастар мен білікті мамандардың көптеп келуі қуантатынын да айтты. Тәжірибе алмасу барысында атап өтілгеніндей, жаһандық үрдістер жоғары сапалы баспа басылымдарының сақталуын ғана емес, одан әрі дамуын да болжауға мүмкіндік береді. Бұл үрдіс батыстың жетекші басылымдарында қазірдің өзінде байқалады, оның қағаз нұсқаларының таралымы соңғы екі жылда көбейіп қана қоймай, бірнеше есе өскен.
Жалпы, республикалық газеттермен тәжірибе алмасу журналистердің қаламдарын қарымды етіп, тәжірибелерін шыңдауға мүмкіндік берері сөзсіз. Бүгінде «Арқа ажары» мен «Акмолинская правда» газеттерін бір шаңырақ астында біріктіріп отырған «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігі де жас мамандарды журналистика саласына тартып келе жатқаны жасырын емес.
Тәжірибе алмасу барысында ұққанымыз, интернет пен әлеуметтік желілердің қарқынды дамуына қарамастан, газеттер тексерілген ақпараттың сенімді көзі болып қала береді, олар тарихта қалатын қазіргі заманның бейнесін қалыптастырады. Өйткені, интернеттен оқыған ақпарат, жаңалықтардың бәрі есте қала бермейтіні шындық. Ал, газеттің сөзі салмақты. Сондықтан да, басты мәселе – газет ісін тиімді, сонымен бірге, табысты ету – күн тәртібінен түспек емес.
Ол туралы өңірлік баспасөзді дамыту мәселесіне қатысты өткізілген форумдада жан-жақты айтылған болатын.
Сондықтан, газеттер арасындағы тәжірибе алмасу осының шешімін табудың алғашқы қадамы болады дегенге сенгіміз келеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.