Адам тіршілігінде мал-жанының аман болып, біреуден ілгері, біреуден кейін ел қатарлы өмір сүргенін қанағат тұтады. Сосын елін ойлайды, мына жер-дүниенің тыныштығын тілейді. Туған халқы үшін сіңірген азды-көпті еңбегі де бар, ақ тілеуімен өз ортасында белгілі бір абырой-беделден де кенде емес сондай жандардың бірі осы біздің Көкше өңірінде Төлеген Ахметжанұлы Алдабергенов деп нық сеніммен айтуымызға болар еді.
Арғы тегінен сыр суыртпақтасақ, Төлеген ағамыз да тегін адам емес. Асылдың тұяғы. Атының Төлеген деп қойылуының өзінде мән жатыр. Енді бір шетін бастаған соң, оқырманға ол жағынан да аз-мұз дерек келтіре кетсек артықтығы бола қоймас.
Руы Атығай – Бағыс. Соның ішінде Айтмағанбеттен тараған әкесі Ахметжан 1905 жылдың тумасы. Ақмола облысы қазіргі Бурабай ауданының Абылай хан ауылында дүниеге келген. 1937-нің қуғын-сүргінінде туған ауылына бас-көз болып, басқармалық қызметті атқарып жүргенінде колхозшыларды аяп, бір ірі қара малды сойғызғаны үшін айыпталып, істі болады. Сөйтіп, Қарағанды қаласына жер аударылады. Оған барғандардың шахтаға салынатыны белгілі. Сонда жүріп, жер астындағы жұмыстың бүкіл сатысынан өтіп, соғыс басталғанда шахта бастығына дейін көтерілген. Төлеген сол әкенің зарығып көрген ұлы. Алдындағы балалары тұрмай, Алла тағалаға «бір өзің жар бол, қанша баланың төлеуін төледім ғой, енді осы құлынымды аман қыл» деген ниетпен есімін Төлеген қойған. Бұл тілегін тәңірім қабыл қылып, аман сақтап, соңынан тағы бауырлары ерген екен.
Өкінішке орай, қайран әке мұның жігіт болғанын көрсе де, өзге қызығын, үй-күй болып, немере сүйдіруін көре алмай кетті. Зейнетке шыққаннан кейін елге келіп орныққан соң ұлы Төлеген де туған жерінің адамдарын танып, оның бір кірпіші болып қалануына жастық жігерін, ой-түйсігін аянып қалған жоқ. Қара жұмыстан қашпай, мектеп бітіре салысымен еңбек жолын трактор-егіс бригадасында тіркемешіден бастады. Сосын жүргізушілік курсты оқып, бітіріп алды. Сондағы:
–Ауылда шопыр боламын деп отырсың. Байқа, ол деген тізгінді ұстап алып, ерсілі-қарсылы далақтап жүйітки беру емес. Алды-артыңды байқап, жұртқа зияныңды тигізбей, ақылмен жүру. Үкіметтің берген мәшинесін бабында күтіп ұстасаң, қыс көзі қырауда, жаз жаңбырда, табиғаттың дегеніне сыр бергізбесең, ол да бір сенің өз кәсібіңе құнттылығың, – деп ақыл берген әке сөзін жадынан бір шығарған емес.
Содан кезінде осы әкесі бас болған бұрынғы Жамантұз, қазіргі Кенесары ауылында 30 жыл үзбей неше бір көліктің тізгінін ұстады. Әкенің сол бір ақыл сөзіне адал қарап, өзі ескерткен ықтимал жағдайлардың, оқыс оқиғалардың бірде-біреуіне жол беріп көрген жоқ. Тәртібі үлгілі, сапары оң жүргізушілердің бірі ретінде басшылар сеніп тапсырған талай міндеттер үдесінен уақытылы, абыроймен шығып жүрді. Ол кезде адал еңбек ескерусіз қала ма?! Көп жылғы жүргізушілік мінсіз жұмысына қоса, тағы 9 жыл автогараж меңгерушісі болып, осы қызметті де талапқа сай атқаруы бар, небір лайықты марапаттар да бұл кісіні айналып өтпеді. Сөйтіп, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік медальдары, бірнеше «Социалистік жарыс жеңімпазы» төсбелгілерімен қатар, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі мен «Еңбек Қызыл Ту», үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендері де сол қажыр-қайратының лайықты өтеуі болды.
–«Әке көрген оқ жонар» деген. Өзімді солай ойлаймын. Ақылын алып, адал еңбек етіп, өмірде түзу жүріп, түзу келе жатқаныма аруағы риза шығар, – дейді осы орайда Төлеген ағамыз.
Иә, ол тұста ел мерейі үстем болуы үшін қай салада да, ақадал маңдай терлерін аянбағандар аз болмады ғой. Солармен еліміз көркейді, жеріміз көгерді. Бірақ, бұл арада бір ерекшелігі, Төлеген аға зейнет демалысына шыққаннан кейін де үйде қарап жатпады. Әкесі қисайған шыбығын түзеп, жанашырлықпен тек амандығын, аяқтан тік тұруын ойлаған ауылының жамау-жасқауын бүтіндей жүрді. Өзін емес, елді ойлады, керек жерінде жұртты ынтымақ-бірлікке, жақсылыққа бастайтын кесімді сөзін айтты. Осылай азаматтық, ағалық келбетімен көп көңілінен шығып, ауылдағы ел сыйлайтын кешегі, бүгінгі жайсаңдардың өкшесін басты. Дәлірек айтқанда, үлкендердің деуіміз керек. Кешегі ата-бабалардың сөзінен, ісінен, дегдарлығы мен қадір-қасиетінен байқалатын үлкендік енді осы Төлеген ағаларымызға да келіп жеткен сияқты.
Өйткені, осы елдің өзгелер сенген бір тірегі болып, біраз жылдар Кенесары ауылдық ардагерлер кеңесін басқарды. Сол тұста бұл елді мекен осы ұйым басшысына лайықты адамды дөп басқандай еді. Өйткені, Төлеген аға қолдарында елдің түйткілді мәселелерін шешудің, ауызбіршілік, ұйымшылдыққа арқа сүйеудің көп тетігі бар кеңес жұмысын ыңғайлы жүргізе білді. Өзіндей кешегі еңбек адамдарының, бүгінгі ардагерлердің басын қосып, оларға арқаны кеңге салуға мұрсат бермей, солардың күш-жігерімен де, өз бастамасымен де ауылдың мұң-мұқтажын айтып, түрлі ұйымдарға шықты, қолдан келсе ондай мәселелерді өздері ілгері жылжытуға тырысып бақты.
Ауылда Алла үйі – мешіттің салынуы міне, сондай жүйелі жұмыстың нәтижесі. Бүгінгі таңда ол жастар да, үлкендер де ден қойып, ізгілік, ізеттілікке жүгінетін иман мен мейірімділік орталығы. Қашанда ел тілегі, ел мұқтажы дегенде жаны жай таппайтын Төлеген Алдабергенұлы кей-кейде осы еңселі мешіт үйіне қарап көңілі толса, әлі де ойдан шықпай жатқан кей мәселелерге ұнжырғасы түсіп қалатынын да жасыра алмайды. Ол үшін Кенесары ауылы ең алдымен, қазақ халқының азаттығы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, бар өмірі аттың белінде, желдің өтінде өткен ұлы Кенесары ханның өзі мен көзі. Іргесін 1867 жылдан Хан ауылынан алады. Яғни, Абылай қоныстанған, Кенесары аяқ басып, қияны шолған Бурабайбаурайы. Сондықтан, тоғыз жолдың торабындағы, өткен-кеткеннің көз алдындағы мұндай жөні бір бөлек елді мекенге басшылар көзқарасы да басқаша болуы керек деп жоғары жаққа да қанша хат жазды. Сондағы көтерген мәселелерінің бірі – ауыл төрінде бұл Кенесары хан ауылы екендігін паш етіп, ескерткіш белгі не мүсіні тұрса. Көңілге қона ма, қонады. Ал, осы елді мекеннің орталық көшесіне Қазақстанның солтүстік облыстарының Ресейдің қанжығасында кетпеуі үшін әпербақан Хрущевтан тайсалмай қарсы шыққан халқымыздың біртуар перзенті Жұмабек Тәшенов есімі берілсін деп жарғақ құлағы жастыққа тимеуі – абзал ағаның елге, ерге жанашырлығының тағы бір қыры.
Ана бір жылы ауылда ауыз су тартуға бөлінген қаржының басқа мақсаттарға пайдаланылып кетуі тұрғындар наразылығын туғызғанда, осы істің соңына түсіп, жағдайды оңға бұрғызған да, мал жайылымы жетіспейтін ауылға мәселені қозғаудай қозғап, шаруа қожалықтарынан 260 гектар жер телімін бөлгізген де осы ардагерлер кеңесі мен оның елжанды басшысы Төлеген ағамыздың ет тірлігі еді. Әрине, мұны басқа орындардың, мысалы, осы жұмыстар үшін жауапты ауылдық әкімдіктің де ат салысуынсыз демейміз. Алайда, елді оңалту мәселесінің бір жағынан шығысқан, айта берсе, жаңа дәрігерлік амбулаторияның салынуына да септігін тигізген ардагерлер кеңесі Төлеген аға өмірінің тағы бір есте қаларлықтай маңызды кезеңі екені сөзсіз.
Осының бәрін басынан өткен небір ауыр жағдайларға көне де, төзе де жүріп, адамгершілік үлкен ақыл-парасаты, қажыр-қайратымен орнына келтіріп келе жатқан мұндай жанды өз басымыз қоғамның айнасы дер едік. Иә, төзімділікті, ұлтқа, елге жанашырлықты, қиындыққа қайыспайтын берік бір ұстамдылықты білгізетін қоғам айнасы. Әйтпесе, бірінен соң бірі туған інісі Болаттың, оның ұлының, өз бауыр еті Асқарының, өзіне төрт қыз, екі ұл сүйгізген жан жары Айманының қапыдағы қайғылы қазалары кімді оңай жүргізгендей. Осыған жан жүрегі езілумен болатын ағамыз іштегі мұң-зарды сыртқа шығармай, әйтеуір, өмірде өз орындарын тапқан қалған бес ұл-қыздың, олардан туған құлындарының Алла берген тіршілігімен алданады. Солардың ішінде екеуі, қызы Ақыл мен ұлы Абай өз өмірлерін ішкі істер органдарына арнағаны да әке үшін мерей. Туған Қазақстанының жастарын тек жақсы жағынан көргісі келетін, сол үшін жас ұрпаққа ақылын аянбайтын Төлеген аға сексеннің екеуінде де әлі сергек. Жақсылыққа сүйсініп, жамандыққа күйініп, ел таныған, сыйлаған қалпында өз өмірлік ұстанымымен жүріп жатыр. Ол ұстанымы – белсенділік. Қоғамға пайдасын тигізер белсенділік. Жасымен де, өз ортасындағы орнымен де ауылдың үлкендерінің бірі болып келе жатқан ағамызға әлі де осы қасиет серік болсын дейміз.
Қ.КӘКЕНОВ.
Бурабай ауданы.