Көкшетау қысқы ралли жарысын қарсы алды

Көкшетау қаласының Қопа көлінде «Қыс-2023» Кубогы үшін ралли-спринтінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Аталмыш іс-шараға Астана, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласынан келген еліміздің мықты спортшылары төрт кезеңнен тұратын чемпионатқа қатысты.

Бүгінгі таңда автомобиль спорты бүкіл әлем бойынша миллиондаған жанкүйерлерді жинайды. Спортшылар үшін бұл тек спорт қана емес, сонымен қатар, өмір салты. Бұл тек автошабандоздар үшін ғана емес, автожарыс жанкүйерлері үшін де пайдалы және сонымен бірге, қызықты көрініс. Жарыстың басты мақсаты еліміздің сегіз аймағынан келген спортшылар бес автомобиль сыныбында жеке командалық жеңіс үшін әдемі спорттық күрес пен көлік жүргізу шеберлігін  көрсету болып табылады. Жарыстың ашылу салтанатында Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса құттықтау сөз сөйледі.

− Бүгін Көкшетауда атаулы күн. Өйткені, «Қыс-2023» Қазақстан ралли чемпионатының екінші кезеңін қарсы алып отырмыз. Бұл республика спортшылары арасында кең таралған жарыс түрлерінің бірі. Ақмола облысы мен Көкшетау қаласы әр түрлі деңгейдегі және ауқымдағы жарыстарда өңірді абыроймен таныстыратын өз спортшыларымен мақтанады. Біздің қалада және облыста спортқа ерекше көңіл бөлінеді. Ашық ауада дене шынықтыру үшін қажетті инфрақұрылымжасалып,дене шынықтыру және сауықтыру кешендері салынуда. Көкшетау елімізде 2007 жылдан бері өтіп келе жатқан қысқы ралли қатысушыларын алғаш рет қарсы алып отырған жоқ. Көкшетаулықтар мен қала қонақтары бүгін жарқын және әсерлі шоуды, әуесқой автожарыстарды, тік бұрылыстар мен қарлы сырғанақтарды көруге жақсы мүмкіндік алады, – деді қала басшысы.

Іс-шара салауатты өмір салтын насихаттауға, жастардың назарын спорттың техникалық түрлеріне аударуға бағытталған.Қазақстан Республикасының автомото спорт федерациясының президенті  Владимир Бородин де ралли қатысушыларына сәттілік тілеп, көрермендерге жылы лебізін білдірді.

− Бүгінгі күні ұйымдастырушылар мен қала басшылығына жол салуды ұйымдастыра алғаны үшін үлкен алғысымды білдіремін. Барлық спортшылар өте риза. Жарысқа әкімнің өзі де келгендіктен, бұл қызықты іс-шара болады деп санаймын. Менің 1988-1989 жылдары Көкшетауда ралли спортына қатысқаным әлі есімде сақталған.Менің ойымша, автоспорт бүгінгі күніжақсы дамып келеді деп үміттенемін. Көрермендердің географиясы да өте кең. Өскемен, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Петропавл, Қостанай қалаларынан   қанша адам келгенін өздеріңіз байқап көріңіздерші. Сіздерде дәстүрлі түрде барлық жарыстар өткізілгендіктен, спортшылар осында келгенді ұнатады. Сондықтан, да, олар жоғары нәтижелерге жететіндігіне сенім мол,− деді федерация басшысы.

− Рахмет,құрметті спортшылар! Араға бес жыл салып, ралли-спринт Қопа өзеніне қайта келді. Жарысымызды ұйымдастыруға спорт басқармасы барлық жағдайымызды жасады. Спортымыз дами берсін және көрермендерге қызықты сәттер тілеймін, – деп қосты бұған өз сөзін автомото спорттан мемлекеттік жаттықтырушы Нұрпейіс Қоныспаев.

Жарыс қорытындысы бойынша Көкшетаудан Шәкәрім Уканов пен Виталий Качигаров артқы жетекті автомобильдер арасында үшінші орын алды. Жалпы, Астанадан келген Андрей мен Әлия Амелиндер экипажы жеңімпаз атанды. Екінші орынды алматылықтар Петр Бородин мен Роман Чепрасовтар иеленсе, қола жүлдені елордалық шабандоздар Санжар Омаров пен Әлібек Әубәкіров қанжығаларына байлады.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар