Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шығармалары шұрайлы жазушы - АРҚА АЖАРЫ

Шығармалары шұрайлы жазушы

Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы елімізде 2007 жылдан бері Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық Академиялық кітапханасы мен кітапханалар қауымдастығының бастамасымен өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты  ұлттық әдебиетіміздің ең үздік туындыларын оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ, жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру болып табылады. Сонымен қатар, акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын туғызады.

Ұлы Абайдың қара сөздерінен бастау алған республикалық акция әр жыл сайын еліміздің белгілі ақын-жазушылардың үздік шығармаларымен таныстырып келеді. Сол дәстүр бойынша биылғы жылы осы акция аясында белгілі жазушы-драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдіктің шығармалары жалпыхалықтық оқуға ұсынылды.

Жазушы Төлен Әбдік 1942 жылдың 4 қыркүйегінде Қостанай облысы Жангелдин ауданы Еңбек ауылында туған. 1965 жылы Қазақ Ұлттық университетін бітірген. 1965-1970 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. 1970-1977 жылдары «Жалын» альманағында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, 1977-1979 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор, 1979-1990 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитетінде жауапты қызметкер болды. 1990-1992 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы, 1993 жылдан Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде сектор меңгерушісі. 1997 жылдан Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

Төлен Әбдіктің шығармалары 1964 жылдан жариялана бастады. Алғашқы «Көкжиек» жинағы 1969 жылы, одан кейін «Күзгі жапырақ» 1971 жылы жарық көрді. 1974 жылы «Ақиқат» атты повестер мен әңгімелер жинағы,  1979 жылы «Айтылмаған ақиқат» прозалық кітабы дүниеге келді. 1980-1981 жылдары орыс тіліндегі әңгімелері мен повестері «Истина» деген атпен жарық көрген. 1985 жылы «Өліара», «Біз үшеу едік» пьесалары республикалық  театрлар сахналарында қойылды. Грек аңыздары «Эллада ерлерін»  қазақ тіліне аударған. Шығармалары 13-тен астам елдің тілдеріне аударылып, кеңінен таралды. 1987 жылы «Ақшоқыда қыс қатты» және 2002 жылы «Парасат майданы» жазылған. Соңғы жылдары «Ардагер» атты пьесасы мен «Тұғыр мен ғұмыр» атты повесін жарыққа шығарды. «Ардагер» пьесасы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған драматургиялық шығармалар байқауында бас жүлдені жеңіп алды.

Жазушыға 2002 жылы отандық әдебиетті дамытуда қосқан зор үлесі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. 2003 жылы Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлығы мен алтын медаліне ие болса, 2004 жылы «Парасат майданы» повесі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2013 жылы Төлен Әбдік «Түркі әлемінің үздік жазушысы» атанды. Сонымен қатар, сол жылы жемісті еңбегі үшін «Парасат», 2019 жылы ұлттық әдебиеттің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірінші дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.

Қаламгердің қай шығармасы болсын ойландырады, толғандырады, сезіміңді қозғайды, жаныңды тазартады, рухыңды көтереді. Оның «Әке» атты хикаяты аштық, репрессия, өткен ғасырдың басындағы қазақтың басынан өткен бүкіл нәубетті бір әулеттің тағдыры арқылы керемет шеберлікпен көрсеткен. «Оң қол» әңгімесінің кейіпкері Алма жақсы қыз, ниеті түзу, таза жан. Бірақ, ата-тегіндегі бір адам кезінде өзіне-өзі қол салуға әрекеттенген, сондай жаман ойға барған. Уақытында жүзеге аспаған сол ниет араға бірнеше ұрпақ салып, қыз еркінен, қалауынан, табиғатынан тыс Алманың бойынан табылып отыр. Ол өзін-өзі өлтіру туралы ойламайды, бірақ генетикалық санаға сіңген баяғы жаман ой Алма ұйықтап жатқанда оң қол болып қылқындырады. Демек, адам ғайбат сөзден, ағат істен ғана емес, жаман ойдан да сақтануы керек. Әркім өзінің ісіне ғана емес, ойына да жауапты.

Құрметті оқырмандар! Кітаптарын «Бір ел – бір кітап» акциясына таңдап алынған белгілі жазушы Төлен Әбдіктің шығармашылық мұрасымен жақынырақ танысқыларыңыз келсе, «Достар» мәдениет сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапхананың қорынан әңгіме-повестерін алып, оқуларыңызға болады. Баршаңызды Төлен ағамыздың шығармаларын бірге оқуға шақырамыз!

Алтын ІЛИЯСОВА,
«Достар» мәдениет сарайы жанындағы қалалық үлгілі ктапхана қызметкері.

 Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар