– 19 наурызда өтетін кезектен тыс Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына 14 мыңнан астам кандидат ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мәжіліс депутаттығына 7 партиядан партиялық тізіммен 283 кандидат ұсынылып отыр. Мәжіліске мажоритарлық округ бойынша жалпы саны — 609 кандидат. Барлық деңгейдегі мәслихаттар бойынша 119 партиялық тізім болды. Аталған тізімде 1 471 кандидат бар. Мажоритарлық округтер бойынша мәслихаттарға — 11 844 кандидат. Жалпы есепті қарайтын болсақ, Мәжіліс пен мәслихаттар бойынша 14 207 кандидат ұсынылды», — деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бүгін комиссия отырысында.
Айта кетейік, Мәжіліс сайлауына 7 саяси партия қатысады.
Оның ішінде партиялық тізім арқылы Қазақстан халық партиясынан — 52, Ақ жол партиясынан — 54, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан – 19, «Байтақ» жасылдар партиясынан» — 18, «Ауыл» партиясынан – 25, Respublica партиясынан – 25, AMANAT партиясынан – 90 кандидат. Кандидаттардың жалпы саны – 283. Орталық сайлау комиссиясына кандидаттардың атынан тапсырылған құжаттар «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сай келеді.