– Бүгін Орталық сайлау комиссиясы 19 наурызда өтетін кезектен тыс Мәжіліс сайлауына тағы 12 шетелдік байқаушыны аккредиттеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2023 жылғы 20 қаңтарда халықаралық байқау институты ашылғаннан бері Орталық сайлау комиссиясы 3 шет мемлекеттен, 2 халықаралық ұйымнан 62 байқаушыны ресми тіркеуден өткізген болатынбыз. Бүгінгі таңда Сыртқы істер министрлігінен 3 шет мемлекеттен, 2 халықаралық ұйымнан 12 байқаушыны тіркеуден өткізуді ұсынды. Атап айтсақ, Корея Республикасы, Қырғыз Республикасынан 1 байқаушыдан, ТМД-ның байқаушылар миссиясынан 7, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлауды байқау жөніндегі миссиясынан 2 байқаушы ұсынылды», — деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман комиссия отырысында.
Оның атап өтуінше, 10 ақпанда ОСК-ге 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына тіркеуден өткен ДИАҚБ миссиясының 2 мүшесі байқауға қатыса алмайтындығын мәлімдеген және Сыртқы істер министрлігінен оларды тізімнен алып тастау туралы ұсыным келіп түскен.
«Осыған байланысты ДИАҚБ миссиясының 2 байқаушысының тіркелуін кері қайтарып алу туындап отыр», — деді ол.
Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясы ұсынылған байқаушыларды тіркеу және 2 байқаушының тіркелуін қайтарып алу туралы қаулы қабылдады.