География сабағында жаңа технологияларды қолданудың маңыздылығы

Бүгінгі заманғы  педагогикалық саладағы жаңалықтардың бірі – оқытудың іс-тәжірибесіне жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу болып табылады. «Жаңа форматтағы біліктілікті арттыру» курсының да мақсаты да осыны көздейді.  Бастысы ол өзгерістер мұғалімге де, оқушы үшін де оң нәтиже беруі тиіс.  

Бүгінгі  таңда менің алдымда тұрған үлкен міндет  – оқытудың жаңа технологияларын қолдана отырып, саналы, салауатты, жан – жақты дамыған, рухани бай, заман талабын орындай білетін тұлғаны тәрбиелеп дамыту. Сондықтан білім беру мен оқытудың қазіргі заманғы әдістері мұғалімнің күнделікті тәжірибесінде қарастырылуы тиіс.

Қазіргі заманда білім беру ісінде талап деңгейінен шығу мұғалімнің іздену шеберлігіне тіреледі. Бүгінгі талап оқушыға білім берумен бірге оны білікті түрде қолдана алуына, оны дағдыға жеткізіп қана қоймай баланың ақыл-ойын, қабілетін дамытуға, әрекет нәтижесінде белгілі тұжырым жасай алуға үйретуге негізделеді.Әрине оқытудың барлық  әдістері баланы дамытуға бағытталған.

Дегенмен осы кезге дейінгі дәстүрлі оқытуда оқулық пен мұғалімнің пікірін нысана етумен шектелеп келді. Ал бүгінгі оқыту оқушы қабілеті, оны жан-жақты дамыту, даму әрекеттерін ұйымдастырудың қажеттігін дәлелдеп отыр. Көрнекті педагог А.С.Выготский баланы дамыту әрекеттері оқыту барысында іске асатынын дәлелдей келіп, бала дамуының екі түрлі ортасы болатыны жайында теория ұсынды.

Бірінші ортасы – айналасындағы үлкендердің әсері, қабілетінше еркін атқара алатын іс-әрекеті болса, екінші ортасы – сабақ үстіндегі әрекеті. Ал біздің мақсатымыз – баланың сабақ үстіндегі оқу-әрекетін тиімді әрі қызықты болатындай етіп ұйымдастыру, әрекет нәтижесін байқау, бағалау және соның нәтижесінде алдағы жұмыстарды жоспарлау болып табылады.  Оқитын пән қаншалықты бағалы болса да, мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болса да, мұғалім оқушының өз белсенділігін туғыза алмаса, берген білім, күткен нәтиже бермейді.

Оқушының адам ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады. Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі — баланы оқыта отырып, оның еркіндігін, белсенділігін қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Ал мен география  пәні мұғалімі ретінде ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлға тәрбиелеу.

«Сабақ – оқытушының педагогикалық мәдениетінің айнасы», – деп А.Сухомлинский айтқандай,әр мұғалім өз сабағының –көшбасшысы. Ал көшті дұрыс бағыттай білу ол шеберлігіне байланысты. Жалпы менің оқытудағы өз міндетім оқушыларды өз бетімен жұмыс жасауға тәрбиелеу, үйрету, шығармашылық қабілетін дамыту. Сондықтан сабақта оқушылардан жиі тақырып бойынша  жеке , жұптық,топтық жұмыс яғни пирамидалық тәсіл түрлерін алып отырамын. Өйткені, ол оқушының ойлауын, елестету мен есте сақтау белсенділігін, дағдысын білім саласының дамуын қамтамасыз етеді.

Мұғалім бала бойындағы туа біткен түрлі қасиеттерді дәл байқап, оның сапалық ерекшеліктеріне баға беріп, ары қарай өз бетінше дамыта түсуіне жағдай туғызуы керек, көмектесуі қажет. Бұл үшін, әрине ұстаздың өзі де өзгеруі, яғни дәстүрлі оқытудың таптаулары сүрлеуінен арылуы тиіс.  Осылайша оқытудың жаңа мазмұнын жасауға бетбұрысты әрбір мұғалім өзінен бастағаны жөн. Мұғалім шәкіртке білім, білік, дағды беріп қана қоймай, ақыл-ойы мен қабілетінің дамуына көңіл бөліп, «оқи алуға үйрету керек».

Мұғалім оқытуға кіріспес бұрын оқушылардың мінездерін зерттеп, білімдерін тексеруі тиіс.  «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиялармен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет»-деп президентіміз өз жолдауында айтып қана қоймай, әр мектепті түрлі ақпаратты техногиялармен қамтамасыз етуде. Яғни, ақпараттық технологиялардың білім беруде маңызы зор. Өйткені ол оқушыларға үлкен ақпараттық білім кеңістігіне жол көрсетеді.

Оқушылар жеке, жұптық, топтық жұмыс жасағанда диалогқа түскені жөн. Себебі қабілеті әртүрлі оқушылар, бір- бірімен жұмыс жасағанда,  әрқайсысы өз пікірлерін айтады, яғни жауапкершілікті сезінеді. Топтық жұмыста оқушылар өзін-өзі, бірін-бірі бағалау, немесе топаралық бағалау жүзеге асады. Топтық жұмысты ұйымдастыру арқылы оқушылардың белсенділігі, шығармашылығы артады. Топтық жұмысты жүзеге асыру, оқушылардың сыни ойлауын дамытуға, мүмкіндік беретініне сенімдімін. Себебі оқушыға сыни ойлауын жүзеге асыратындай тапсырма бергенде ғана, оқушы ойланады.

Сыни тұрғыдан ойлау –  бақылаудың,   тәжірибенің , ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алған ақпаратты ойлауға, бағалауға , талдауға және синтездеуге, өмірде қолдана білуге бағытталған пәндік шешім. Балаларды диалог пен дәйектер, талқылауға тарту белсенді жүргізілетін жағдайда олардың оқуы тиімдірек және жетістіктері жоғары болатынын дәлелдейтін зерттеулер де көбейе түседі.

Әрбір ұстаздың міндеті мектеп оқушыларын отансүйгіштікке, ақыл-ойын жан-жақты дамытуға, ұмтылуға тәрбиелеу. «Қыран-түлегіне қайыспас қанат сыйлайды, ұстаз-шәкіртіне талап сыйлайды» деген халқымыздың қанатты сөзі ұстаз арқылы дарыған білім беру саласында озық технологиялардың енгізілуі мұғалімнің ойлану стилін, оқтыу әдістемесін өзгертеді.

Жас ұрпақтың жаңаша ойлануына, олардың біртұтас дүниетанымының қалыптасуында әлемдік сапа деңгейіндегі білім, білік негіздерін меңгеруіне ықпал ететін жаңаша білім мазмұнын құру жалпы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселе. Бүгінгі орта білім беру ісіне қойылар талаптар қай кездегіден де күрделі маңызды. Өйткені бізді дамудың жаңа кезеңі күтіп тұр. Сол кезеңге лайық ұлттық санасы жаңғырған жаңа ұрпақ тәрбиелеу міндеті мойынымызда.

Барлық кедергілерді жеңу табысқа талпыну өз қолымызда деп білемін. «Оқусыз – білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген халық даналығы ешқашан мәнін жоғалтпайды. Білім беру жүйесінің барлық саласында жаңа технологияны жоспарлы түрде енгізіп, жүйелік интегралды өткізу немесе қамтамасыз ету қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі замандағы технология әрбір тұлғаның білім алу үдерісінде шығармашылық қабілетін дамытуға айқын мүмкіндіктер береді.

Дәл осы жаңа технология мен әрбір тұлғаның өзіндік білім алу траекториясын таңдауына жол беретін анық білім беру жүйесін құруды, оқу бағдарламаларының бағдарламалануы және өзгермелі бейімделінуі есебінен оқу үдерісінің біртұтастығын сақтай отырып оны дараландыруға мүмкіндік беретін компьютердің маңызды дидактикалық қасиеті негізінде тұлғаның оқу үдерісінде танымдық қызметін тиімді ұйымдастыру арқылы жаңа білім алу технологиясын түбегейлі өзгертуді тығыз байланыстырады.Қазіргі оқыту үрдісіне жаңа педагогикалық технологиялар кеңінен енгізілуде.

Оқушыны пәнге қызықтырумен қатар, саналы ойлауға тәрбиелейтін, қоғамдық көзқарастарын қалыптастыра алатын, өзіндік пікірі бар, қоғамдағы болып жатқан түрлі қарама-қайшылықтарды түсіне білетін, еркін сөйлеп, өз пікірін ашық айта алатын ойлы ұрпақ тәрбиелеуде сабақтың маңызы зор. Әр мұғалім оқушыға көпқырлы сабақ беретін болған соң, қазіргі жаhандану саясатына сәйкес жаңа технологияны өз ыңғайына, пәніне лайықтап пайдалануы тиіс.

Мұғалім шеберлігі – ізденіс нәтижесі. Сондықтан, орыстың ұлы педагог-ғалымы К.Д.Ушинскийдің “Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады” – деген.  Бұл “Ұстаз” атты ұлы сүрлеуге соқпағын салып жол тартқан көкірегі ояу, көзі ашық әрбір адамға берілген елеулі ескерту. Сабақты тартымды өткізіп, оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін әр сабағымызды түрлендіріп отыру шарт.  Ол үшін тек бір технологиямен шектеліп қалмай, әртүрлі технологияның элементтерін пайдалану қажет.

Құзырлы оқытудың негізгі идеясы оқушы тақырыптың мәнін өз бетімен меңгеруі, түсінуі мен бағалай алуы болып табылады. Жоғарыдағы талаптардың орындалуын ескере отырып, сабақтың төрт кезеңінде оқушылардың проблеманы шешу құзіреттілігі, ақпараттық құзіреттілігі және коммуникативтік құзіреттіліктерін дамыту мақсатында әртүрлі стратегиялардың тиімді қолданылуына ерекше мән бердім.

Қорыта келгенде, сабақтарды осындай әдіс – тәсілдермен өткізу арқылы мен оқушылардың білімді өз бетімен оқып-үйрене алатынына, өзінің оқуы үшін өзі жауапты екендігін сезінетіндігін, қызығушылықтары оянып, белсенділіктері артатындығын, олардың ой еркіндігі дамитындығына көзім жетті. Сондықтан да мен, бұл бағдарламаны барлық ұстаздар меңгеріп, барлық мектептерде қолдау тауып, тиімді қолданылуы керек деп ойлаймын.

Холганат Данекер,
Өндіріс ауылының жалпы орта білім беретін 
мектебінің география пәні мұғалімі .

Ақмола облысы. Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар