Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Баға тоқтаусыз кетіп барады, сонда күнкөріс не болмақ?!. - АРҚА АЖАРЫ

Баға тоқтаусыз кетіп барады, сонда күнкөріс не болмақ?!.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте азық-түлік бағаларының қымбаттау себептері айтылды. Иә, ол үнемі айтылып келеді. Бірақ, оны тежеуге байланысты нақты шараларды халық тақа көрмей  отыр.

Жыл басынан бері аймақта бірден бірнеше өнімнің құны қымбаттаған. Бұған халық абдырап қалды. Билік бағалар шектеліп, шаралар қабылданып, бірнеше айға қор жиналды, деп сендіреді. Бірақ, баға белгілеріндегі сандар күн санап өсуде.

Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Ербол Оспанов айтып өткеніндей, күріш – 11,9  пайызға, макарон өнімдері– 7,2 пайызға, тауық еті – 0,9 пайызға, ірімшік – 5,9 пайызға, тауық жұмыртқасы – 4,7 пайызға, сары май – 7,8 пайызға, күнбағыс майы – 4,2 пайызға, қырыққабат – 9,1 пайызға, пияз – 41,3  пайызға, сәбіз – 0,8 пайызға қымбаттаған. Бірақ, қымбатшылық бұдан асып түскен сияқты. Жалпы, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің 12-сі шығарылады. Бұл тұста «неге облыста тауық жұмыртқасының бағасы қымбаттай береді, өңірде жылына 800 миллионнан астам жұмыртқа өндіріледі, ал халықтың қажеттілігі 200 миллион дана» деген сұрақ облыс тұрғындарын толғандырмай қоймайтыны белгілі. Республика бойынша тауық жұмыртқасының жалпы көлемінің шамамен 25 пайызы Ақмола облысында өндіріледі. Мұның себебін облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы былай деп түсіндіруге тырысты.

–Бағаның өсуінің негізгі себептері – шикізатқа, жемге, жанар-жағар майға, техникаға және оның қосалқы бөлшектеріне, жабдықтар мен жинақтауыштарға, сондай-ақ, ветеринариялық препараттарға шығындардың ұлғаюына байланысты, – деді ол.

Кез-келген азық-түлікке шекті бағаны белгілеу жергілікті органдардың құзыретіне кірмейді. Олардың құзыры – тек мониторинг жүргізу және оның нәтижелері бойынша ұсыныстар жасау. Бағаны тұрақтандыруға облыстық бюджеттен барлығы 4,2 миллиард теңге, оның ішінде «айналым сұлбасына» – 3,7 миллиард теңге бөлінген. Жалпы, облыста 992 тонна көлемінде тауарлар қоры бар, форвардтық шарт шеңберінде 5275 тонна тауарға  келісім-шарт жасалды. Тауарларды сату төмендетілген бағамен 45 сауда нүктесі арқылы жүзеге асырылады. Жыл басынан бері өндірушілермен және сауда объектілерімен бағаны тұрақтандыру туралы 859 келісім жасалды. Ербол Оспановтың айтуынша, азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық байланыстарды тергеу жөніндегі арнайы комиссия облыста осының жолын кесу мақсатында жұмыс істейді. Ербол Оспанов өңір кәсіпорындарының азық-түлік тауарларын өндірудегі оң динамика туралы айтуды да ұмытпады.

–Бағаны реттеудің екінші тетігі – кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру. «Айналым сұлбасы» тетігі арқылы жеңілдетілген қарыздар ала отырып, өндірушілер тауардың белгілі бір көлемін төмендетілген бағамен жеткізуге міндеттенеді, ал сауда желілері өнімнің жекелеген түрлерінің белгілі бір көлеміне бағаны ұстап тұру бойынша қарсы міндеттемелер алады. Нәтижесінде бұл тауарлар нарықтық бағадан төмен бағамен орта есеппен 15-20 пайызға сатылады, – деп түсіндірді «Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Саят Сыздықов.

Сондай-ақ, корпорация Жетісу облысында орналасқан Көксу қант зауытынан қант жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізіпті. Қарағанды облысынан 1 санаттағы тауық жұмыртқасы 44 теңгеден жеткізілетін болады. Ал, сонда біздің өңірде жұмыртқа шығаратын төрт бірдей  кәсіпорын бар емес пе?!

Сонымен қатар, «Kokshe» ӘКК  көкөністердің бағасын реттеу бойынша жұмыстарды  алдын ала жүргізуге уәде берді. Корпорация жақында Тәжікстан Республикасының «Тәжагропромэкспорт» мемлекеттік унитарлық кәсіпорнымен келісімге қол қойды. «Тәжагропромэкспорт» Ақмола облысына, сондай-ақ, ел нарығына ерте көкөністерді жеткізу бойынша жұмыстарды жүзеге асыруға ниетті.

Көктем жақындады, сонымен қатар өнімдердің, атап айтқанда көкөністердің маусымдық қымбаттауы келе жатыр. Яғни, болжамдар көңіл көншітпейді. Біздің аймақ өзін азық-түлікпен қаншалықты қамтамасыз ете алады және облыс төңірегінде өндірілетін тауарлар қайда шығарылады? Кәсіпкерлердің бағаны көтеруіне қатысты осы сұрақтарға өз жауаптары бар, әрине. Сауда нүктесін жалдау ақысы үнемі өсіп отырады, жеткізушілер логистика бағасын көтереді дейді олар. Жалпы, жағдай аймақтың жұмыртқа өндірісінің дамуына да теріс әсер етеді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға саясатында қиындықтар туғызады. Біздің облыстың азық-түлік нарығы импорттық өнімдерге де толып тұр. Олар біздің отандық – ақмолалық өнімдерге бәсекелестік тудырады. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын реттейтін сауда павильондары облыстың біраз аудандарында жоқ. Міне, тағы бір сұрақ туындайды: белгілі бір тауарлардың бағасы одан да жоғары болатын ауыл тұрғындары қайтпек?! Өкініштісі, бағаны толық тұрақтандыруға және азық-түлік нарығындағы мәселелерді шешуге арналған арнайы бағдарлама әлі қабылданған жоқ дейді экономистер мен шенеуніктер.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар