Ақмола облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қорғалжын ауылында ашылған орталықта мүмкіндігі шектеулі жандар арнайы тренажерларда жаттыға алады. Мұндағы басты мақсат — мүмкіндігі шектеулі адамдарды спортқа тарту, оларды бейімдеу және оңалту болып табылады.
Жаңа зал жеке қабілеттерін ескере отырып, спорттық снарядтармен және құрал-саймандармен жабдықталған және барлық заманауи талаптарға сай келеді.
Қорғалжын ауданы әкімінің мүгедектік істері жөніндегі кеңесшісі Гүлжан Сарбасованың айтуынша, Қорғалжын ауданында 119 мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрады.
«Мұнда бір уақытта 20 адамға дейін спортпен шұғылдануға болады. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше қолдау көрсетіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай міндеттер қойып отыр. Сондықтан мұндай залдардың санын көбейту керек», — деп атап өтті Гүлжан Сарбасова.
Қорғалжын ауданының мүгедектер қоғамында атап өткендей, спорт залын аша отырып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бос уақытын ұйымдастырып, осы жерде өздерін жайлы сезінулері үшін жағдай жасағысы келеді. Сондай-ақ, бұл өңірдегі бұқаралық спорттың дамуына және жаңа спорттық жетістіктерге қол жеткізуге ықпал ететіні сөзсіз.