I. Ел қамын жеген ер едіге

…12 тамыз, 1399 жыл. Ворскла өзен бойын дымқыл тұман жайлап басып, өз құшағынан жібермей тұр. Екі жақтан қалын қол бір біріне жақын қалған кезде тоқтап, аттың тұяғының дүбірі бәсендей түсіп, далада тыныштық енді орнады. Ворскла –Днепр өзенінің сол жақ сағасы, көп жылдар бойы Литва князьдығы мен Ұлы Даланың арасын бөліп тұрған шекара болған еді. Бүгін санаулы сағаттардан кейін өзен бойында тұтас құрлықтың тағдыры шешілетінін, әрине сезбесе де, аспанда ұшқан қарғалар алдағы қуырдақтың көкесін асыға күткендей, әйтеуір, айнала ұшып-шуылдап, тыным таппауда…

Ұлы Литва Князі Витовтың 75 мың жауынгерден (басым бөлігі еуропалық рыцарьлар мен Тоқтамыстың жауынгерлерінен) құралған қалың қол әскері соғысқа тас-түйін дайын. Алтын Орданың ханы Темір-Құтлық әскер саны әлдеқайда аз – 25 мың атты әскер. Темір-Құтлық әскерінің бар үміті даңқы тұтас Дешті-Қыпшаққа жайылған, қолбасшы, бектердің бегі (беклербек) – Едіге еді. Темір-Құтлық кеше ғана Едіге 10 мың әскерімен Жошы ұлысының сол қанатынан (қазіргі Қазақстанның басым бөлігі) шығып, көмекке келе жатқанын жаушылардан естіген болатын…

Осы шайқастың орталық шешуші фигурасы болған Едіге кім еді? Оның тарихтағы алар орны мен рөлін біз жетік түсініп, оның шынайы тарихын жетік білеміз бе? Бірнеше нұсқаларға (зерттеушілердің пікірі бойынша 40 нұсқаға дейін) тараған Едіге жырының басты қаһарманына прототип болған Едіге қандай ерлік-істерімен халықтың сүйікті батырына айналып, «Ел қамын жеген Ер Едіге» деген эпитетке ие болды екен?

XIV-XV ғасырлар аралығындаЖошы ұлысында шешуші саяси фигуралардың бірі болған Едігенің  батырлық жырдың кейіпкеріне айналуы оның тарихтағы рөлі мен орнын айшықтай түседі. Әрине,  эпикалық кейіпкер бейнесі мен тарихтағы шынайы Едігенің арасындағы айырмашылықтар бар екенін түсінуіміз қажет. Шын мәнінде, Едіге де барлық билеушілер секілді саяси жануар (ежелгі грек философы Аристотель енгізген ұғым бойынша) болып табылады. Яғни, мақсатқа (билікке) қол жеткізу үшін ол еш нәрседен тайынбады. «Менің жауымның жауы – маған жау емес» деген қағида оның билік, саясат туралы дүниетанымына сай келді. Сонымен қатар, ол өз заманының адамы болғанын айту керек, заманына сәйкес ойлады, іс-әрекеттер жасады…

Едіге өмір сүрген заман XIV ғасырдың аяғы мен XV ғасырдың басы Жошы ұлысы мемлекеті үшін ең күрделі әрі драмаға толы кезеңі екені күмәнсіз. Ортағасырлар дәуірінің ең қуатты мемлекеттерінің бірі болған Жошы ұлысы саяси-экономикалық дағдарысты басынан кешіріп жатты. Билік үшін әулеттер арасында тақталас кезеңі орнап, билік олимпінде жылдам қарқынды өзгерістер орын алды. Бұл кезеңдегі оқиғалардың желісі  әйгілі Game of Thrones (Тақталас) телесериалының сюжеттерінен де асып түседі…

Ворскла өзені бойы соғысына оралсақ, XIV ғасырдың екінші жартысынан бастап, Жошы ұлысы мемлекеті (Алтын Орда) терең дағдарысты басынан кешіріп жатты. Әсіресе, 1388-1395 жылдары Әмір Темірмен болған соғыстар Жошы ұлысын қатты әлсіретіп жіберді. Әмір Темірден ойсырай жеңілген Тоқтамыс кейін Алтын Ордадағы тағынан айырылып, бірнеше жылдардан кейін Литва жеріне қашып, Витовтың сарайын паналайды. Ұлы Литва князьдігінің билеушісі Витовт Тоқтамысты өз мақсатына пайдаланғысы келеді. Ол Жошы ұлысында Тоқтамыстың орнына таққа отырған Темір-Құтлықты жергілікті билеуші кландар жақтырмайтынын және билікке қайтадан Тоқтамыстың оралуын күтіп отырғанын жақсы білді. Ол өз әскерінің көшпелілердің әскерімен салыстырғанда сан жағынан да техникалық (қару-жарақ) жағынан да басымдығына үміт артты. Витовтың әскерінде білтелі зеңбіректер бұрыннан болды.  Витовт Тоқтамысты Алтын Орда тағына вассал ретінде отырғызып, бағынышты ұстауды көздеді. Тоқтамыс қайтадан хан тағына отырғаннан кейін, Қырым, Еділ бойы, Каспийдің солтүстік жағалауын Витовтың қарамағына беруге келіскен болатын.

Рим папасы Бонифаций IX Витовтты қолдап, оның «арнайы әскери операциясын» крест жорығы деп жариялап, Польша жеріндегі барлық рыцарларды Витовтқа қолдау көрсетуін сұрады. 1399 жылдың шілде айында Витовт Тоқтамыспен бірге Ворскла өзен бойына келіп тоқтайды. Темір-Құтлық өз әскер санының аздығын түсініп, Витовтпен хат жазысып, екіжақты келіссөздер раундын бастап жібереді. Темір-Құтлық бұл келісөздермен тек уақыт созды, Едігенінің әскермен келуін күтті. Витов та оны тамаша сезіп, «келіссөздер ойынын» ойнады. Витовт бір оқпен Темір-Құтлықты Едігемен бірге «атып алам» деп ойлады. Витовт хатында Темір-Құтлыққа ауыр талаптар қойды: « маған балам бол, менің атымнан өз еліңде теңге соқтыр!». Бұл жерде, біріншіден, бір елдің билеушісі екінші елдің билеушісіне «балам бол» деген сөздерден, біз билеушінің визавиді, қарсы тарапты вассал ретінде санаудың ежелгі дәстүрін көріп тұрмыз. Екіншіден, Витовтың есімімен Жошы ұлысында теңгені соқтыру деген сөз – сол заманда енді Жошы ұлысының билеушісі ресми түрде Витовт болатынын білдеретін мемлекеттік белгілердің бірі еді. Басқаша сөзбен айтсақ, Витовт Темір-Құтлыққа менің вассалым, боданым бол деп тұр. Темір-Құтлық бұл талапты орындау қиын екенін айтып, әртүрлі сылтаулар айтып, уақыт соза береді. Ақыры, Едіге Темір-Құтлыққа жетіп, әскерімен қосылған кезде, алтынордалықтардың дипломатиялық хат жазу стилі, келісөздердің екпіні мен сарыны күрт өзгереді. Енді хаттар Едігенің атымен жазылады. Хатта Едіге Витовтқа қарсы талап қояды: «Темір-Құтлық саған бала болса, сен меннен жасың кіші болғандықтан маған бала бол! Сенің атыңнан күмісті елімізде соқтыруға қарсы емеспіз, тек алдымен сен өз еліңде менің атымнан күміс соқтыр!». Дипломатиялық тілден қарапайым тілге аударсақ, бұл сөздер князьдың жеке басына сөз тигізіп, абыройын төгуді ғана білдірді. Едіге Витовтқа соғыстан басқа амал қалдырмады.

Витовт әскері тарихта Ворскла өзені бойындағы шайқас деген атпен қалғанбұл шайқаста ойсырай жеңіледі. Шайқастың басында көшпелілердің әскері артқа шегініп, рыцарлармен қоян-қолтық ұрыстан қашады. Ауыр қаруланған рыцарьлардың аттары 10-12 шақырымнан кейін болдырып, шаршап қалады, осы кезде Едігенің атқа қонған садақ-мергендері айнала шауып, жебелерді қардай боратады. Көшпелілердің әскери тактикасының қыр-сырын бала күнінен меңгерген және оның арты не боларын бірден сезіп-аңғарған Тоқтамыс ұрыс даласынан бірінші болып қашады. Витовт болса жараланып, әзер қашып құтылады.

Бұл Едіге әскери-саяси өмірінің бір ғана осы қысқа эпизодын, шайқасқа дейінгі кезең, шайқастың барысын саралайтын болсақ, Едіге өзін шебер дипломат-саясаткер, дарынды қолбасшы ретінде көрсеткінін анық байқай аламыз.

Жошы мемлекетінде ол беклербек титулын иемденіп, қуыршақ хандарды таққа алма-кезек ауыстырып, өз тасада жасырынған нағыз «сұр кардиналдың» өзі болды. Едіге билік еткен кезеңде Жошы ұлысы қысқа мерзім болса да, қайтадан бұрынғы қуатты мемлекетке айналды. Елдің ішінде тәртіп орнатып, ислам діні мен мәдениетінің одан әрі гүлденуіне жағдай жасады. Араб-парсы тарихшыларымен қалдырылған тарихи жазбаша дереккөздерде Едіге бейнесі қарама-қайшы сипатта болса, орыс жылнамаларында Едіге нағыз қатыгез билеуші ретінде сомдалады. Ал, халықтың жадында ол «Едіге би», «Едіге батыр», «Мырза Едіге» деген атпен қалып, «ел қамын жеген Ер Едіге» деген мадақ сөздерге де ие болды.

 ІІ. Ақтөбеде ескерткіші тұр. Біз көшеге атынберейік!

 Қазіргі таңда қоғамымызда өткір талқыланатын мәселелердің бірі елдімекендердің, ауылдардың байырғы тарихи атауларын қайтару, көше аттарын ауыстыру іс-шаралары болып табылады. Идеологиялық тұрғыдан ескірген көше, ауылдардың аттарын тарихи, географиялық, дәстүр жағынан, ұлттық санамызға жақын атауларға ауыстыру аса маңызды әрі жауапті іс. Бұл істі әрине, азаматтардың барынша түсіністікпен қарап, қолдағаны абзал, себебі – көше, елдімекендерді ауыстыру құр әшейін ермек емес, бұл мемлекет тарапынан қадағаланып, ұйымдастырылып отырған, әрі тарихи әділеттілікті орнатуға бағытталған игі жоба.

Соңғы жылдары Ақмола облысы, соның ішінде облыс орталығы – Көкшетау қаласында идеологиялық тұрғыда ескірген көше аттарын ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, қоғамның назары осы мәселеге мықтап ауып отыр. Арасында қызу айтыс-тартыстар да болды, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері көше аттарына лайық деп санаған тұлғалардың есімдерін ұсынып бақты. Нәтижесінде қаламыздың біршама көшелердің аттары ауыстырылды. Мысалға, Әлихан Бөкейхан, Бәйкен Әшімов көшелері пайда болды. Ал, облыс көлемінде 1000-ға жуық көше мен 30-дан астам елдімекен атауы өзгертіліп, танымал тұлғалардың есімдері берілді. Жалпы, осы бағытта біраз дүниелер түзеліп қалды. Осы жерде Ақмола облысы тілдерді дамыту және ономастика бөлімі ұжымының жұмысын ерекше атап өту керек.

Дегенмен, осы жұмыс тоқтамай, одан әрі жалғасса жақсы болар еді деген халық тарапынан тілек те, сұраныс та бар. Әлі де атаулары ауыстырылуы тиіс көшелер бар және сонымен қатар, есімдері көше атына лайық талай тарихи тұлғалар да бар. Солардың ішінде бірі әрі бірегейі Едіге батыр. Біз ендеше, осы мақаламызда Көкше елінде неліктен Едіге батыр көшесі қажет екенін барынша негіздеп көрейік.

Өкінішке қарай, Едіге би, Едіге батыр есімі халық тарапынан да, мемлекет тарапынан да әлі де тиісті деңгейде бағаланбай келеді. Едіге тарихнамада Алтын Орда деген атпен көбірек танымал, Жошы ұлысы мемлекетінің беклербегі (қазіргі тілмен айтсақ, премьер-министрі, канцлері) болған, ірі тарихи тұлға. Оның әскери-саяси қайраткерлігі тарихи үдерістерге едәуір ықпал етіп, тұтас құрлықтар мен мемлекеттердің тағдырын да шешкен кездері болды. Едіге, әрине, әлемдік дәрежедегі тарихи тұлға, соның ішінде түркі халықтарының сүйікті қаһарман-кейіпкері. Түркі әлемінің тарихында дәл Едігедей, ешкім халықтың сүйіспеншілігіне ие болған жоқ. Едіге – ноғай, татар, башқұрт, қазақ, қарақалпақ және тағы басқа халықтардың эпикалық шығармаларының басты кейіпкері, батыры. Ғалымдардың пікірінше, бір ғана Едіге жырының шамамен 40 (!) шақты нұсқасы бар. Ондай дәрежеге басқа тарихи тұлғалардың бірі де көтеріле алған жоқ.

Бізге алайда, Едіге батырдың өзі емес, халқымыздың Едіге туралы тарихи-эпикалық танымы әлдеқайда маңыздырақ. Едіге жырын тек Едіге тұлғасы айналасында шектеуге әсте болмайды. Себебі, кез-келген эпос, ол өз заманының айнасы, халықтың ірі тарихи үдерістерді ой-електен өткізу, рефлексия көрінісі екені мәлім. Эпостың мазмұны, сюжеттерінен біз тек халықтың көркем шығармашылық қуатын ғана көрмейміз, сонымен қатар, оның қаңқасынан тарихи оқиғаларды, тарихи тұлғалардың іс-әрекеттерін, әскери-саяси үдерістер желісін байқай аламыз. Осы жерде Едіге жырының тарихи құндылығы жайлы сөз саптайық.

Ресейлік тарихшы, әлемде Алтын Орда тарихы бойынша жетекші мамандардың бірі В.В.Трепавлов айтқандай, Алтын Орданы зерттеу барысында барлық тарихшылар ортақ қиындықтарға кезігеді. Ол Алтын Орда мемлекеті жайлы дереккөздердің барлығы дерлік оның территориясынан тыс, бөтен елдерде, жеріне аяқ баспаған адамдармен жазылуы. Бұл көпестермен, жиһангездермен, елшілермен қалдырылған мәліметтер көбіне хан ордалары мен қалалардағы оқиғалар, хандар мен билеуші топ жайлы деректермен ғана шектеледі. Ал, көшпелі мемлекеттің ішкі саяси-мәдени өмірі, қоғамдық үдерістері ортағасырлық тарихшылардың назарынан жиі тыс қалып жатады. Басқаша сөзбен айтсақ, Жошы Ұлысының тарихын жергілікті тұрғын-куәгерлер көзқарасы тұрғысынан қарастыратын ішкі дереккөздер тапшы. Осы тұрғыда, Жошы Ұлысы мемлекетінің ішкі саяси тарихына, хандар мен ірі тарихи тұлғаларына қатысты мол тарихи ақпараттар ауызша-эпикалық дәстүрде жатқанын айтуымыз керек. Атап айтқанда, отандық зерттеушілер (Кушкумбаев А.К., Сабитов Ж.М. және тағы басқалары) Жошы Ұлысы дәуірінде қалыптасқан фольклорлық мұраның маңызына тоқтала келе, түркі халықтарының (қазақ, ноғай, башқұрт, татарлардың және т.б.) ауызша тарихи дәстүрінде аса зор ғылыми-танымдық әлеует сақталған деп жоғары баға береді. Зерттеушілердің пікірінше, бұл шығармалардағы мәліметтер Жошы ұлысы тарихы мен ортағасырлар кезеңі бойынша дербес түрде дереккөздер ретінде қарастырыла алады.

Едіге жырының зор тарихи ақпараттық деңгейіне алғаш зер салған  Ш.Уәлиханов болған еді. Атақты жерлес бабамыз Едіге жырын «Самый замечательный исторический джир киргизский – это «Идыге» деп ерекше бағалайды. Ш.Уәлиханов жазбаларын қарасақ, ғалым Едіге жырына жиі оралып, болашақта Едіге тақырыбына қатысты көлемді еңбек жазуды армандаған.

Шоқан әкесі Шыңғыс Уәлиханов екеуі 1841-1842 жылдары жазып алған Едіге жырының нұсқаларының тарихи маңызы өлшеусіз екені мәлім. Ғылымда ол «Уәлиханов-Мелиоранский» классикалық варианты (кейде «Шоқан» классикалық нұсқасы деп те аталады) деген атаумен белгілі. Ол бірнеше рет қайта басылып шығып, болашақтағы көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарға негіз болды.

Шоқан нұсқасының тарихы өз тамырын 1840 жылдан алатын секілді. Сол жылдың ақпан айында Сібір казактарының Шекаралық комиссиясының бастығы, полковник М.В.Ладыженский Аманқарағай округінің аға сұлтаны (сол кезде майор – Т.У.) Шыңғыс Уәлихановқа жазған хатында қазақ халқының жырлары мен ертегілерін, мақал-мәтелдерін жинауға тапсырма береді: «Перепоручаю Вам сделать для меня собрание песен, сказок, преданий и пословиц киргизского народа, столь богатого этими произведениями» [Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений т.5. 30 стр]. 1961 жылы жарыққа шыққан Ш.Уәлиханов шығармалар жинағының бес томдығында осы хатты полковник Ладыженскийдің атынан декабрист В.И. Штейнгель жазды деген дерек келтіріледі.

Көп ұзамай Шыңғыс Уәлиханов В.М.Ладыженскийдің тапсырмасын орындау үшін ақын-жырауларға сұрау салдыртып, ауылдың алты ауызын жинауға кіріседі. Бірінші нұсқаны Шыңғыс Уәлиханов күрлеуіт қыпшақ Жұмағұлдың аузынан жазып алса, екінші нұсқаны ауызша аңыз әфсаналарды халық арасынан әртүрлі адамдардан (жыраулардан) жинайды, ал үшінші нұсқаны Арсланбай жыраудан жазып алады. Кейін Шоқан осы үш нұсқаны біріктіріп, жиналған деректерді орыс тіліне аударады.Жырдың аталмыш нұсқасы зерттеушілер тарапынан Едіге туралы бар жырлардың ішінен көркемдігі, көлемі, көнелігі жағынан ең құндысы  деп жоғары бағаланады.Шынында да, Шоқан Арқа жерінде жазып алған Едіге жыр нұсқасының мазмұны да, көлемі де Қазақстанның әр жерінен жинап жазылған Ә.Диваевтың «Мырза Едіге батыр», Мұрын жыраудың «Едіге» жыры, Нұртуған жыраудың «Мәулімнияз-Едіге» жыры және тағы басқа нұсқалардан ерекшеленеді. Шоқан нұсқасы қалған жырлардан бірінші болып ғылыми айналымға енуімен қатар, ол ең көп зерттелген әрі жарияланған нұсқасы да болып табылады. Мысалы, профессор П.М.Мелиоранский Шоқан нұсқасын алғаш рет 1905 жылы Санкт-Петербургте жарыққа шығарады. Кейін бұл нұсқа 1927 жылы Мәскеуде Қ.Сәтпаевтың алғысөзімен 3000 данамен жарыққа шығады. Ал 1933 жылы С.Сейфуллиннің «Батырлар жырының жинағында» және 1939 жылы С.Мұқановтың «Батырлар» жинағы құрамында жарияланады. Осы жинақтарда Едіге жыры батырлар жырының тізімін бастап, қос кітаптың шымылдығы Едігемен ашылуы жырдың Қобыланды батыр, Қамбар батыр, Шора батыр, Ер Сайын батыр сияқты өзге жырлардан салмағы мен беделі басым болғанын аңғартқандай.

Соғысқа дейінгі жылдары елімізде фольклортану саласы ерекше дамығанын айта кеткен жөн. 1925 жылғы И.В.Сталиннің болашақ социалистік мәдениет жайлы әйгілі «мазмұны бойынша пролетарлық, формасы бойынша ұлттық» («пролетарская по своему содержанию, национальная по форме») тұжырымдамасынан кейін, әр одақтас республикаларда осы формулаға сәйкес келетін кемел тұлғалардың бейнесін іздестіре бастайды. Қазақстанда марксистік канондарға Едіге бейнесі шап-шақ, сәйкес болып шықты. Едіге шығу тегі хан тұқымынан болмауы, Едігенің Тоқтамыс ханмен күресі, халық арасында «Ел қамын жеген Ер Едіге» деген эпитет сөздердің тарауы – осының барлығы Едігеден пролетарлық кейіпкер жасауға таптырмас дерек-материал болып шықты. 1944 жылға дейін Едіге Қазақстанда №1 тарихи әрі халықтық батыр болды деп айтсақ жаңылыспаймыз. 1942 жылы Қ.Сәтбаев пен Н.Оңдасынов Алматыға Маңғыстаудан Мұрын жырауды алдыртып, «Қырымның қырық батыры» батырлар жыры циклін, соның ішінде Едіге жырын жаздырып алады. Соғыс жылдарында фольклорлық мұраны жинаудың өз мақсат-міндеттері болды. Майданда қазақ және түркі халықтарынан шыққан жауынгерлердің рухын қайрап, жігер беру үшін осы Едіге жырын барынша үгіт-насихат құралы ретінде пайдаланады. Кейбір зерттеушілер  қазақ, татар, ноғай, башқұрт жауынгерлері ұрысқа «За Сталина» деген жалған ұранның орнына «Едіге» есімін ұран ғып, жауға атойлап шапқаны жайлы деректер келтіреді.

Алайда, 1944 жылы 9 тамызда ВКП (б)-ның «Татарстандағы ұлтшылдық туралы» атышулы Қаулысы шыққаннан кейін, Едіге жыры «ұлтшылдықты» насихаттайтын, зиянды элемент ретінде танылып, жыр және оның зерттеушілері қуғындала бастайды. Башқұртстан зерттеушісі Юлдаш Юсуповтың пайымдауынша, 1944 жылы соғыс театры Беларусь майданынан Польша территориясына ауысуы Совет үкіметіне ішкі саяси үдерістерге көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Осы жылдар ішінде Едіге бейнесі советтік билікке айтарлықтай үрей туғызып үлгерген еді. Партиялық функционерлердің бойында Едіге арқылы түркі халықтарының ұлттық сана-сезімі жаңғырып, антисоветтік идеялардың тарауына себеп болады деген қауіп орнады. Бұл қуғын-сүргін науқаны Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Партиялық функционерлер тарапынан жазылған сын-пікірлер, ел ішінде үлкен резонанс тудырып, ғалымдардың жеке өмірі мен ғылыми мансабының кейінгі траекториясына өзгертулер мен толықтырулар енгізіп жатты. Атап айтқанда, 1930 жылдан бері эпостанумен айналысып келген Ә.Марғұлан археология саласына біржолата ауысып кетуге мәжбүр болады. Мысалға,  ғалымның «Едыге в истории и преданиях» (1944 ж.) атты кітабы жойылып, кітап тағдыры туралы түрлі қауесеттер мен жорамалдардың пайда болуына негіз болды.

Биліктің тарапынан көрсетілген қысымдар, отандық фольклортану мен тарих ғылымына өзінің терең ізін қалдырды. Едіге жыры батырлар жыры жинақтарынан шығарылып, едігетанушы ғалымдарға өз зерттеу нысанын ауыстырып, қауіпсіз әрі қолайлы тақырыптарды таңдауға тура келді. Нәтижесінде Едіге тақырыбын 1980-ші жылдарға дейін 60 жылдан астам уақыт ішінде зерттеуге, жыр нұсқаларын жариялауға тыйым салынып, Едіге халық жадынан өшуге шақ қалады. Халық батырлары пантеонынан Едіге бейнесі ығыстырылып, оның мәртебелі орнын өзге батырлар мен тарихи тұлғалар басады. Мәселен, тарихшы Ж.Сабитов, егер 1944-1980 жылдар арасында Едіге жырына қуғын-қудалау жүрмесе, Едіге бейнесі халық жадында сақталып, 1993 жылы алғашқы жүзтеңгелік қағаз ақшаларда Абылай ханның орнына Едігенің суреті бейнеленер еді дейді. Қалай дегенмен, Едігенің ұмытылған даңқы мен беделін халық жадына қайтарып, тарихи әділеттілікті орнату керек. Қазір еліміздің облыс орталықтарында Едіге атында бірде-бір көше жоқ, тек Ақтөбе қаласында Едіге құрметіне ескерткіш орнатылған. Едіге туралы ғылыми мақалалар, кітаптар аз, Едіге бейнесі сомдалған отандық бірде-бір кинофильм, сериал түсірілген жоқ.

Ал, Көкшетауға Едіге көшесі өзі сұранып тұр. Жоғарыда атап өткендей,  Едіге жырының ең көп жарияланған нұсқасын Арқа жерінде жергілікті жыраулардың аузынан атақты жерлесіміз Ш.Уәлихановтың, тағы әңгіме түріндегі бір нұсқасын Көкшетау уезінде Шоқанның туысы Д.Сұлтанғазиннің жазып алуы Едіге тақырыбының Көкше жерімен тығыз байланысын көрсетеді.

Ендеше, Көкшетау қаласы осы игі бастаманы елімізде бірінші болып бастап, қаланың бір көшесіне Едіге есімін берсе, Едіге тұлғасына қатысты тарихи әділеттілікті орнатып әрі көше аттарын ауыстыру ісінде көптің қалауын іске асырар едік. Осыған ой қосып, пікіріңізді білдіріңіз, оқырман қауым!

Талапкер УӘЛИЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің докторанты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар