Болашақты ойлаған білім ордасы

«Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу» депті ұлы философ Әл-Фараби. Бүгінгі ұрпақ заманауи инновациялық технологияларды меңгерген, цифрлық бағдарламаларды қарқынды дамыта алатын болуы керек. Көкшетаудағы Әл-Фараби атындағы ІТ лицейі ел болашағының берік қалыптасуына үлкен үлес қосуда.

Көз ілеспес жылдамдықпен қарқынды дамып келе жатқан әлемдік өркениетке құлаш ұрған еліміздің болашағы білім мен тәрбие алауын жаққан жас ұрпақтың еншісінде. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы білім беретін ұлттық ІТ лицейдің басты мақсаты ақпараттық технология мен ғылыми-зерттеулер арқылы тұлғаны жеке және ғылыми техникалық потенциалын дамыта отырып, білім беру негізінде қалыптастыру. Осы орайда лицейде робототехника, STEM, интеллектум, меньталды арифметика бастауыш сыныптардан бастап жүргізілетіндігін айта кетелік. Бір ерекшелігі, әрбір оқушының өзіндік бағдарламалары күрделі деңгейдегі платформаларда жасалып отыр. Сәл таратып айтатын болсақ, цифрлық технологиялар аясындағыPolleverywhere, Learningapps, Wordwall, ThingLink Google қосымшалары. Лицейдің тағы бір ерекшелігі жаратылыстану-математика бағытында оқушылардың цифрлық технологияларды қолдану арқылы білім сапасын көтеру және ІТ мамандығын таңдауға адастырмас бағыт-бағдар беру. Міне, сондықтан да аталмыш оқу орнында робототехника, STEM қосымша сабақтарында әртүрлі lego mindstorms ev3, Lego WeDo 2, fischertechnik, arduino, Robotis STEM тәрізді құрастыру жиынтықтары қолданылады.

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында «Жалпы, бәріміз білімге деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Гуманитарлық мамандықтарға құмарлықтың заманы өтті, техникалық мамандықтарға басымдық беру керек. Біз инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын тәрбиелеуіміз керек» деген болатын, – дейді Әл-Фараби атындағы IT лицейінің директоры Әйгерім Қошанова, – өте орынды пікір. Бұл заман талабы. Лицей түлектері ІТ мен инженер мамандықтары бойынша жоғары оқу орындарына түсіп, кәсіби құзыреттілік бағыттарын жетілдіруде. Демек, болашақтың берік баспалдағы осындай білім ошақтарында жасалады деп айтсақ еш артықтығы жоқ.

Сөз арасында STEM қосымша сабақтары туралы да сәл таратып айта кетелік. Оқушылар сабақ барысында жобаны ғылыми тұрғыдан жан-жақты, түбегейлі зерттейді, әрқилы бағдарламалар жасайды, тереңдетілген сараптама әзірлеп, дайын өнім ұсынуға қабілетті. Қашықтықтан оқыту кезінде оқу үрдісі бірнеше білім ресурстары Zoom, Google Сlassroom, Bilimland, Daryn online, Google Meet  платформаларында ұйымдастырылыпты. Оқу орнында ерекше атап өтетін платформа – Тинкеркад. Бұл платформада виртуалды жобалар жасалады. Тіпті, олардың 3Д моделін де жасауға болады екен. Тиімділігі де орасан. Айталық, қашықтықтан оқыту немесе құрал-жабдықтардың жетіспеушілігін толайым қанағаттандыра алады әрі жасалған жұмыстың виртуалды нәтижесін көруге, бағасын беруге де болады. Мұғалім платформада оқушылардың жылт еткен жаңалығын, алға ұмтылған жетістігін қалт жібермей көре алады. Айтпақшы, лицей оқушыларыSTEM бағытына негізделген «Volt STEM» электроника, «ІТ championship», AkmolaPower, «WRO» әлемдік робототехника олимпиадасы мен республикалық Robobalapan 6+, Kazrobotics сайыстарының жүлдегерлері атаныпты.

–Олардың арасынан берік білім деңгейін көрсеткен Сәкен Дәуренбек, Бахтияр Метаев, Мажкен Ассадулах, Асылхан Қошанов, Арман Мақышев, Бауыржан Дархан тәрізді оқушыларды бөле-жара атай кетуге болады, – дейді Әйгерім Болатқызы.

Ендігі бір мәселе оқу процесінде ақпараттық технологияларды игерудегі ағылшын тілінің рөлі. Бұл туралы бөле-жара айта кетуіміз керек. ІТ саласында істейтін мамандар үшін ағылшын тілін тым жақсы білу заман талабына айналып тұр. Шынтуайтында, әлемдегі жаһандық өзгерістер компьютерлерді білім беру саласында пайдалануға себеп болды. Бүгінгі таңда бұл тараптағы жетістікті статистика талдап, саралап, қолмен қойғандай көрсетіп отыр. Сол деректерге жүгінсек, әр жыл сайын ақпарат көлемі әлденеше есе өседі екен. Білім незгізі де жыл сайын жаңарып, жаңғыруда. Ендігі арада жас толқынды заман талабына сай біліммен қамтамасыз ету білім саласының алдында тұрған күрделі міндет екендігі даусыз. Соңғы жылдары, әсіресе, төрткүл дүниені жаман тұмау жайлаған кезде қашықтықтан оқыту күрделі мәселеге айналды. Міне, осы уақытта компьютер тілін меңгерудің талабы өсе түсті. Ал, бұл тараптағы білім-білік жасыратыны жоқ, ағылшын тілі арқылы жас ұрпақтың сүйегіне сіңіріледі. Соңғы жылдары виртуалды мектеп ұғымы өзекті бола бастады. Дүниежүзілік ғаламдық желідегі сайттардың 57 пайызға жуығы ағылшын тілінде жазылады екен. Осы орайдағы бірер деректі келтіре кетсек те артықтығы болмас. Хат-хабардың 75 пайызы, телерадио бағдарламаларының 60 пайызы, баспа басылымдарының 50 пайызы ағылшын тілінде жазылып, таратылады. Міне, осыған байланысты ағылшын тілі қазір адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келеді деуге де болар.

Білім ошағында ағылшын тілін оқытып үйрету оң жолға қойылған. Бұл істің бір артықшылығы, кез-келген университет те білім алуға мүмкіндік береді. Сондықтан да ІТ лицейі 5-6 сынып оқушылары үшін English Literature үйірмесін құрып отыр. Бұл үйірменің басты мақсаты, шетел әдебиеті арқылы лицей оқушыларының оқу сауаттылығын қалыптастыру, дүниетанымын кеңейту, көп деңгейлі әдістермен коммуникативтік құзыреттілігін дамыту болып табылады. Оқушылардың қызығушылығын арттырып, ағылшын тілін әртүрлі бағыттарда, оның ішінде ІТ технологияларында және қазіргі уақытта аса маңызды рөл атқаратын жалпыға ағылшын тілді платформалардан ақпарат алуға қолжетімді ету. Математика және еңбек пәнінің мұғалімдеріне де ағылшын тілін үйрену арқылы жаңа технологияларды, әрқилы тәсілдерді, тиімді әдістерді, мазмұнды бағдарламаларды меңгеру дағдысын міндет етіп қойған. Осыған байланысты оқу орнында 2020 жылдан бастап педагогикалық кадрларға арналған «Level up English» курсы құрылыпты. Аталмыш курстың мақсаты ағылшынша тіл сындыру, сөйлеу және тыңдау дағдыларын жетілдіру. Бұл курсқа 13 мұғалім қатысып, бір жыл ішінде 25-ке жуық сабақ өткізген. Жыл соңында білім деңгейін анықтайтын тестен өтіп, сертификаттарға ие болған.

Бір айта кетерлігі, ІТ индустриясы өте қарқынды дамып келеді. Жылдам жүйткіген көштің алған ақпараты да күн өте келе ескірмек. Ескірген соң әрине, мағынасын жоғалтады. Лицей оқушылары заман ағысымен бірге жүзіп, заманауи технологияларды мұқият зерттеу үстінде. Жаратылыстану-математикалық цикл мұғалімдеріSTEM білім беру курстарын ұйымдастыруда. Бір айта кетерлігі, бағдарламалық бөлімді меңгеру үшін ағылшын тілін білу қажет. Сондықтан, лицей мұғалімдері тек теориялық білімді ғана емес, іс жүзінде қолдануды да ұштастыра үйретеді. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, олар жобалардың ақпараттық бөлігін жасап болған соң бағдарламалық кодын жазып, қорғауға кіріседі.

Лицейде 1-11 сыныптар аралығында робототехника бойынша факультативтер енгізілген. Оқушылар өз білімдерінің нәтижесінде қызғылықты жобалар жасап, әрқилы байқауларға қатысуда. Білім деңгейі осылай таразы басына тартылғанда анықталмақ. Бір жақсысы, білім ордасының оқушылары ағылшын тілінде еш қиындықсыз оқи алады. Үстіміздегі оқу жылынан бастап Оңтүстік Кореямен ынтымақтастық орната бастады. Себебі, бұл ел ақпараттық технологияларды, әсіресе, жасанды интеллектіні дамытуға әлемдегі жетекші елдердің бірі. Өткен жылы лицейдің 13 оқушысы ағылшын тілін үйрену мақсатында Оңтүстік Кореяның жазғы лингвистикалық лагерінде демалып қайтты. Оқушылар ІТ технологияларды, робот техникасы саласындағы білімді дамытуды, өзара тәжірибе алмасуды көздеп отыр.

Бір мақаланың шеңберіне сыймайтын сан алуан жұмыс атқарып жатқан лицейдің алға қойған мақсаты – болашақтың қамын ойлау екендігін айттық. Ендігісі ұлы көшке ілескен ұлағатты ұрпақтың қамын осылай ойлау.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар