Көкшетауда өңір басшысы Ермек Маржықпаевтың қатысуымен және құттықтау сөз сөйлеуімен шағын футболдан Ақмола облысы әкімінің жүлдесі үшін 2009-2010 жылы туған балалар арасында алғашқы халықаралық балалар мен жасөспірімдер турнирінің ашылу салтанаты өтті.
Жарысқа 12 команда, оның ішінде екі халықаралық құрама командалары қатысып жатыр.
−Бүгін Көкшетау жері алғашқы рет шағын футболдан Ақмола облысы әкімінің жүлдесі үшін халықаралық балалар мен жасөсіпірімдер турнирін қабылдап отыр. Жас өрендер үшін бұл турнирге қатысу үлкен мерей. Алдағы уақытта бұл жарыс дәстүрге айналады деп сенемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атап өткеніндей, Қазақстан әлемде тек өз спортшыларымен ғана емес, сондай-ақ, халықаралық жарыстарды ұйымдастырушылығымен де мақтана алады. Жас спортшыларымызға тек шыдамдылық пен төзімділікті,спортта үлкен белестерді бағындыруды тілеймін,−деді өз сөзінде өңір басшысы.
Футбол – әлемдегі ең танымал спорт түрі. Жоғары топта өнер көрсетіп жатқан «Оқжетпес» футбол клубы келесі жылы өзінің елу жылдық мерейтойын атап өтеді. Аталмыш спорт түрінен әйелдер командасы да үздік нәтижелерге жетуде. Балалар арасындағы футболды дамытуға да әкімшілік тарапынан көп көңіл бөлінуде. Осыған орай,2 мыңға жуық жас спортшы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде шұғылдануда. Бұл жастар арасындағы футболдың дамуына үлкен үлес қосады.
Тағылымды іс-шараға турнирдің даңқты қонақтары ретіндеатақты шаңғышы,Олимпиада чемпионы, әлем чемпионаттарының, Азия ойындарының, әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы, Ақмола облысының құрметті азаматы Владимир Смирнов пен спорт ардагері, білікті жаттықтырушы Евгений Рогачев қатысты.Өзінің құттықтау сөзінде Владимир Смирнов жас ұрпаққа спорттасәттілік тіледі.
−Сіздерді облыс әкіміне арналған осы бірінші халықаралық турнирдің ашылуымен құттықтаймын. Турнир ұйымдастырушыларына көп рахмет. Біздің футболдың болашағы сіздердің өсіп-жетулеріңізге, ертеңгі шеберліктеріңізге байланысты деп айтқым келеді. Мүмкін, келешектеараларыңызда ұлттық құрамада ойнайтындар болатын шығар, сонда осы турнирге қатысқаныңызды және өз шеберлігіңізді арттырғаныңыздыестеріңізге түсіресіздер, −деді ол.
Іс-шара соңында Көкшетау футболының ардагері Евгений РогачевқаАқмола облысы әкімінің естелік сыйлығыберілді.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.