Іскер әйелдердің еңбегі атап өтілді

  Мереке қарсаңында Көкшетау қаласындағы «Болашақ» сарайында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облысымыздың дамуына үлес қосып жүрген іскер әйелдермен кездесіп, оларға жылы лебізін арнап, естелік сыйлықтар табыс етті.

Олардың арасында бизнесте табысты іскер әйелдер, қоғамдық пікір көшбасшылары, білім беру, медицина,  спорт, мәдениет салаларының өкілдері бар. Бейресми жағдайда өткен кездесуде іскер әйелдер өздері атқарып жатқан істерді айта отырып, осы игілікті жұмыстың оң серпін алып, дамуына мемлекеттің қолдауы көп екендігін баса айтып, алғыстарын білдірді. Өңірімізде басшылық қызмет атқаратын әйелдердің үлесі 70 пайыз. Солардың қатарында «КAZYNA-SR» серіктестігінің бас директоры, Ақмола облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сайра Матайбаева бар. Ол жиын барысында әйелдердің бизнестегі рөлін атап өтіп, өз тәжірибесін де ортаға салды.       «Туған жер» бағдарламасы аясында Сайра Матайбаеваның демеушілігімен 350 миллион теңгеге Қосшы қаласында  200 балаға арналған жаңа мектеп салынды. Сонымен қатар, ол әрдайым көп балалы аналарға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қаржылай көмек көрсетіп, ізгі амалдарымен ел ықыласына бөленіп жүрген аяулы жан.

– Ақмолалық әйелдер қауымы қай салада болмасын өздерінің ілкімді істерімен өңір дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатыр. Біздің ақмолалық іскер әйелдерді Дүниежүзілік саммитерге, форумдарға шақырады. Бұл біздің жұмысымызға берілген оң баға деп есептейміз.Біз өткен жылы Өзбекстанда өткен халықаралық форумға қатысып келдік. Біздің қауымдастық мүшелері  абырой биігінен көрініп жүр. Үнемі алдыңғы қатарда болуға тырысамыз, – деді Сайра Матайбаева.

Жиын барысында көп балалы аналар да сөз сөйледі. Олардың қатарында «Әлемге жол» жарнама  агенттігінің директоры, «Асыл аналар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, алты баланың анасы Анаргүл Мұхамедрахимова да бар. Ол өзінің құттықтау сөзінде көп балалы отбасылардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.

Жиын барысында өңірімізге өз өнегесімен танымал Құралай Жұмабекова сөз сөйледі. Ол облыс әкімінің  отбасы мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, «Ана үйі» ресурстық орталығының үйлестірушісі. Қоғам белсендісі бүгінде 13 бала тәрбиелеп отырған Батыр ана. Оның жетеуін қамқорлыққа алған.

Кездесу барысында нәзікжандылар өз тәжірибесін ортаға салып, қоғамға қажетті ауқымды іс-шаралардың жүзеге асуына қолдау көрсетіп отырған облыс әкіміне алғыстарын білдірді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар