Бұл өмірдің жақсысы болып өткен

Бейбіт күнде, өз жерімізде соғыстың не екенін білмеген мамыражай заманда өмірге келген мен сияқты ұл-қыздардың көбінің аталары, әжелері бар. Солардың өмір жолын білу, қастер тұту, ал, егер білмесек, зейін қойып, үлкендерден сұрап алу, соны көкірегімізге түйіп жүру біздердің, кейінгі ұрпақтың парызы деп білемін.

Осы орайда өзім ата-анамнан естуім бойынша, былайғы жұрттан да қаныққан әңгімелердің негізінде атам Шияп Әбілмәженұлы Әбілмәженовтың өнегелі өмір және еңбек жолын, майдандағы ерлігін көпшілікке баян етсем деймін. Өйткені, ол кісі туралы жалғыз біз ғана біліп қоймай, ұрпақтарынан былайғы жұрт та білсе, жақсы өнегелерін көңілдеріне түйсе, бұл ешкімге де артық болмайды, қайта мына соқтықпалы-соқпақты өміріміз, сол уақыт көшінде елі үшін, Отан үшін шыбын жанын аянбай адал қызмет еткен аға ұрпақ өкілдері жайлы тың деректер дүние-танымдарын кеңейте түседі деген ойдамын.

Олай болса, менің Шияп атам 1923 жылы 15 наурызда Көкшетаудың іргесіндегі Жамансары бабамыздың Ерек елді мекенінде дүние есігін ашқан екен. Бұл жер аты Баратай ауылы мен Жолдыбай ауылының арасында орын тепкен. Атамның туған жылынан аңғарғандарыңыздай, биыл ол кісінің шыр етіп дүниеге келгеніне осы наурыз айының ортасында тура 100 жыл толғалы отыр. Өзінің көзі  тірісіндегі өмірі бар, одан бергі өткен заман бар, бұл аз уақыт емес. Бір ғасырдың биігінен көп нәрсені шолып, көкейге түюге болады. Қазір бұрынғылар кетіп, орнын жаңа ұрпақ басып жатқанда, сол аталарымыздың, өмір жолы кім-кімді де қызықтыруы, ойға қалдыруы тиіс. Әсіресе, бұл жастарға керек. Өйткені, сол аға ұрпақтың көрген бейнеті де, кешкен ауыртпалығы да бір бастарына аз емес. Олар қазіргідей заманда өмір сүрген жоқ. Нәпақаларын бейнетпен, қара жұмыспен табуларына тура келді. Біз өмір сүріп жатқан қазіргі заманның шет жағасын бәрі бірдей көрген жоқ. Көбі жалындаған жастық шақтарында Ұлы Отан соғысына тап болып, майдан даласынан оралмады.

Менің Шияп атам да бұл жағынан көзі тірісінде кез-келгеннің бетіне тура қарай алатын ержүрек жауынгердің бірі болды десек, артық емес. Ол Ұлы Отан соғысына қазіргі Зеренді ауданы мен бұрынғы Көкшетау ауданының біріккен әскери комиссариатынан шақырылып, Смоленск қаласының іргесінде алғашқы ұрысқа кіреді. Одан зұлым жаумен Сталинград шайқасында бетпе-бет келіп, 1944 жылға дейін небір қауіп-қатерге толы майдан жолында үш рет жараланады. Соңғы жарақатына байланысты әскер қатарынан елге босатылып, соғыстың аяқталуына жақын қалғанда елге оралады. Бұдан менің өзімнің түйетінім, менің атамды соғысқа басынан аяғына дейін қатысты деуге болады. Әрі жай ғана қатысып қоймай, сол сұрапыл майдан даласында жауынгерлік награданың ең үлкені «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Бұл оның жоғарыда аңғартқанымыздай, ержүрек, батыл сарбаз болғандығын да көрсететіні анық. Кейін атамыздың Отан қорғаудағы бұл марапаттарына бірінші дәрежелі Отан соғысы ордені, Жеңістің әрбір дөңгелек датасына арналған мерейтойлық медальдар қосылды. Біз көзі тірісінде атамызды осылай әрбір 9 мамыр – Жеңіс күні де мақтан тұтып, қадіріне жете білдік деп айтуымызға болады. Өмірден өткен соң да ол кісі біз үшін Жеңістің солдаты болып мәңгі жүрегімізде қалды.

Ал, енді осы арада Шияп Әбілмәженұлының ерлік жолына қоса, еңбек жолына да тоқталсақ, ол кісі соғысқа дейін Қызылсая ауылында жеті жылдық мектепті бітірген. Аталған ауылдағы бұл білім ордасы кезінде төңіректегі көп елді мекендердің балаларының басын қосқан, жүздеген шәкірттер түлетіп, жанында интернаты бар орта мектеп деңгейіне көтерілген іргелі мектептердің бірі болған. Ендеше, атам да осы мектептен тиянақты білім алып, сол білімін кейінгі өмір жолында дұрыс кәдеге асырған жан. Олай дейтінім, соғыстан келісімен Петропавл қаласындағы бухгалтерлік курста оқып, оны 1945 жылы бітіріп, алты жыл қатарынан Баратай ауылында бөлімше бухгалтері болып еңбек еткен. Одан әрі өзін Куйбышев орман шаруашылығының Теректі қорығында орманшы қызметінде де сынап көріп, орман-тоғай, жасыл желекті сұқ көздің сұғанақтығынан қорғаған. Сөйтіп, табиғатпен де тіл табысып, оның қадірін біліп, туған жер атырабында жақсы ізі қалған. Кейін қайтадан Бұлақ ауылына бухгалтерлік қызметіне ауысты. Бұл – тың және тыңайған жерлерді игерудің алды болатын. Ұлы далаға осы дүбір келгенде біздің Жолдыбай ауылы жаңадан құрылған «Симферополь» кеңшарының қарамағына беріліп, кейін Бұлақ ауылымен бірге шаруашылықтың №2 бөлімшесі болып белгіленді. Бөлімше орталығы үлкендердің айтуынша, біздің ауылда болған. Міне, сол кезде менің атам осы саладағы көп жылғы еңбегі ескеріліп, бөлімшенің аға бухгалтері болып тағайындалады. Бұл туралы атамның ауылдасы, еңбек майданында бірге жүріп, бірге шыныққан әріптесі Боранбек Жүсіпбекұлы Әбілев атамыз былай деп әңгімелейді:

–Бұл жетпісінші-сексенінші жылдардың кезі еді. Жолдыбай, Бұлақ ауылдары бір бөлімше, былайша айтқанда, іріленген өндіріс ортасы болып, «Симферополь» кеңшарының нығайып, іргесі берік болуына көп үлес қосты. Ол тұста мен осы бөлімшенің басқарушысы едім. Ал, Шияп ағамыз екі ауылдағы есеп-қисап жұмысына жауап берді. Екеуіміз осылай қоян-қолтық еңбек етіп, мен шаруашылық жағынан, ол кісі есеп жағынан егіншілік пен мал шаруашылығының екеуін де шамамыз келгенше алға бастырып отырдық. Екі ауылда да мал фермасы, екі трактор-егіс бригадасы ет пен сүт, астық өндіруде тәуір көрсеткіштерге қол жеткізіп, ортақ табыс сүбелі болды. Бұған ат салысқан бүкіл малшы, егінші қауымы, мал және егіс мамандарымен бірге, Шияп Әбілмәженұлының да еңбегі тайға таңба басқандай көрініп тұратын. Ол кездегі мал өлшеу, жемшөп дайындау, бір-біріне жалғасып жататын басқа да жауапты науқандар, еңбекақының бәрі сайып келгенде, есеп жұмыстарына келіп тірелетін. Бұл орайда, үстел үстіндегі тас шотын оңды-солды қағып жіберіп, қағазға небір цифрларды тоғытып жататын Шиекең өз ісінің нағыз білгірі еді. Қасында көмекшісі Өмірбек Көпеев. Сол тынымсыз қалыптарымен есемде ұмытылмастай қалып қойыпты. Бір ғажабы, өмірі ащы суды аузына татып алмаған, шылым да шекпеген адам еді. Тек қана орнықты мінезі мен жұмысын ғана білетін.

Міне, атам жайлы осылай деп әңгімелеген еңбек ардагерінің жүрекжарды сөзі бізді әрдайым атамызға деген үлкен құрмет сезіміне бөлейді. Зейнет жасына жеткеннен кейін де ауылда көп жыл фуражер болып еңбек етіп, жемшөптің дұрыс босатылып, дұрыс жұмсалуына жауап берді. Бұл істе де тиянақты болды. Ол кісі барда, шаруашылық, бөлімше басшылары бұл саладағы жұмыстан шашау шықпайтынына, шөп пен сүрлемнің, басқа да азық  түрлерінің өз орнымен пайдаланылатынына үнемі сенімді болатын. Ел-жұртқа сыйлы, үлкенмен де, кішімен де әңгімесі жарасқан, бір үйлі баланы  тәрбиелеп, бәрін азамат етіп шығарған, Отан үшін от кешіп, бойындағы барын еліне, халқына берген атамыз сөйтіп, осыдан 18 жыл бұрын, яғни, 2005 жылы 83 жасында бақилық болды.

Соғыс туралы айтқанда, тағы бір қосарымыз, жалпы біздің Жолдыбай ауылынан 1941-1945 жылдары қан майданға 144 ер азамат аттанып, соның сексені ғана елге аман-есен оралған екен. Солардың бірі менің атам. Соңында ұрпақтары мақтанышпен ауызға аларлықтай  біраз із қалдырды. Ал, барлық майдангер аталарымыз аман оралғанда, ауылымыз тіпті де өсіп-өнеріне, қаншама жақсы істер атқарылып, сол аталардың маңдай терлері мен қажыр-қайраттары туған жер төсіне ізгілік, жақсылық болып бұйырарына сөз бар ма?!

Айта берсе, Шияп атамыз туралы бұл күнде жасы 77-ге келген немере інісі Айдарбек Мәженов те толғана сыр шерте беруге бар. Бұл кісі де өзінің ағасының туыстық қарым-қатынасқа ерекше болғандығын, жас та болса өздерін сыйлап, бауырына тартумен өткендігін іркіп қала алмайды. Демек, бұл да өмір көрген, майдан көрген атамыздың бұл өмірде кейінгілерге аманаттап кеткен ізгі бір қасиеті, ақ ниеті деуімізге әбден болады.

Енді атамыздың құдай қосқан өмірлік қосағы, аяулы әжеміз Зұлқия Керейқызы Жәпенова туралы айтсам, ол кісімен атам соғыстан оралған соң 1945 жылы отбасын құрған. Әжеміз Қызылсая ауылының қызы. Осында атам сияқты жеті жылдық мектепті бітірген. Ұлы Отан соғысы жылдарында ер азаматтардың орнын басып, тылда уақытпен санаспай еңбек еткен. Сондықтан, шын мәнісінде тыл еңбеккері екендігі анық. Атамыз екеуі өмір бойы тату-тәтті, бір-бірімен жарасып тірлік кешті. Ері колхоз, одан кейін кеңшар жұмыстарында жүрсе, әжеміз үй шаруашылығымен айналысты. Сондай-ақ, ол кісінің он екі құрсақ көтерген, яғни, төрт ұл, сегіз қызды дүниеге әкелген Батыр ана екендігін де мақтан тұтамыз. Осыншама баланы өсіру, оларға білім, тәрбие беру оңай болмаса да, сол ұрпақтарының бәрін аман жеткізіп, бір-бір мамандықты меңгерген, өз жұмыстарында биік белестерге жеткен азамат етіп шығарған атамызға да, әжемізге де бұл күнде мың мәрте басымызды иіп, тағзым етеміз. Атамыз да, әжеміз де ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, бақытты ғұмыр кешті. Сол бауыр еті – балаларынан көздері тірісінде 10 немере, 9 жиен, екі шөбере көрді. Әжеміз де атамыздан екі жыл бұрын 2003 жылы өз өміріне тәубе деумен, біздің амандығымызды тілеумен дүниеден өтті. Ол кісілерге әрдайым жатқан жерлері жайлы болып, Алла тағала иман байлығын берсін дейміз.

Біздің әулетте осы аптаның аяғына қарай берілетін дұға асы атамыз Шияп Әбілмәженұлының туғанына 100 жыл  толуы, әжеміз Зұлқия Керейқызының қайтыс болғанына 20 жыл толуына арналғалы отыр. Бағышталған құран, оқылған аяттар қабірлеріне нұр болып жаусын. Немере, жиен, шөберелерінің атынан мен де Жолдыбай елінің қос жақсысына бақи дүниенің баяндылығын тілеймін.

Ержан ӘБІЛМӘЖЕНОВ,
немересі.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар