Бәсіңіз жоғары, мерейіңіз үстем болғай!

Бірінші бұрау

Біз адамдармен әр жерлерде кездесеміз. Біреуімен жол-жөнекей көшеде, екіншісімен қоғамдық көлікте, үшіншісімен ұзақ сапарда тағы басқадай. Осылардың маңызы  жолығысқан  орынға, уақытқа  қатысты емес, мәселе онда тұрған жоқ, мәселе – ұшырасқан адамыңмен  тіл табысып, шүйіркелесуіңде. Мен ол кісіні театрда жолықтырдым. Көптен бері көрмеп едім. Бұрынғы таныстық болған себепті, жылы шыраймен амандастық. Риясыз ниетпен, көлеңкесіз көңілмен,  Қарым-қатынаста көп өзгермей,  бұрынғыша, қалыпты болатын адамдар болады.  Ондайлар себепті-себепсіз өзгере салудан,  айнып қалудан ада болады, бір сөзбен айтқанда мінезінде тұрақтылық, санасында байлаулық басым.  – Естіп жатырмын, үлкен дода ғой, сәттілік тілеймін! – деп шынайы ниетімді білдірдім. –Тілектестігіңізге рахмет, бақ шаба ма, бақ шаба ма дегендей ғой… – деп сәл күлімсіреді. Менің театрда жолықтырған адамым – Қазақстан Республикасың Парламенті мәжілісінің депутаттығынан үміткер Мысырәлімова Айна Ермекқызы.

Өмір пернесі

Айна – бір отбасының үлкені. Ата-ананың қамқорлығын, әженің тәрбиесін көріп, өскен қыз. Әже мен атаның қанаты астында балапандай баптап өсіру – қазақ ұғымына, ұлт дәстүріне тән қасиет. Үлкендердің тәлімін алып, тәрбиесін көргендерден  жаман атанғаны жоқ. Оған мысал шаш-етектен. Айна Ермекқызының бойындағы кісілік пен кішіпейілдік, ар пен ұят, қанағат пен адалдық, мейірім пен шапағат  осы тәрбиеден бастап алып жатса керек. Өзі тұрмысқа шығып, жар құшып, бала сүйгенде де осы дәстүрді ұстанды, екі ұлы да әже тәрбиесін көрген. Ол отбасының тірегі, шұғылалы шапағы,  махаббаты, әже мейірімі екенін жақсы біледі. Дәстүрлі ұлттық таным мен тәрбие ол үшін жат емес, керісінше суалмас, тартылмас құндылықтың қайнар көзі іспетті. Үлкеннің алдынан кесе өтпеу,  адамды сыйлау, көңіліне қарап сөйлеу, қолынан келсе көмектесу, адалымен жүріп, абыроймен іс қылу – өмірлік ұстанымы. Бұл бәрінен бұрын соны қадірлейді. Айналасынан соны талап етеді.

Өгей көңілден жақсы ұрпақ өспейді. Қоғамдық шаруадан қолы қалт еткен сәтте жарының бабын тауып, ұлдарының  тәлім-тәрбиесіне уақыт тауып жүрді. Олар ержетті, есейді. Бүгінде солардан немере сүйген бақытты әже. Оның болмысындағы жұмсақтық пен мейірімге мұғалімдік мамандығы да әсер еткен болуы керек. Мамандық демекші, мұғалімдікке бір жолата мүмкіндік таппаса да, заман талабына сай екінші мамандық иесі болуға да мүмкіндік тапты. Университетте сырттай оқып, әлеуметтану мамандығын қоса иегерді. Бұл оның таным кеңістігін кеңейтті, білімін одан әрі толықтырды, басшылық қызметтегі көп мәселерді сауатты түрде шешілуіне септігін тигізбей қойған жоқ. Халықпен жұмыс істеу, қоғамдық үдеден шыға білу, ел басқару –екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Оның тереңінде табандылық пен шыдамдылық һәм үлкен жауапкершілік бар. Ол осының жақсы сезінген. Алда да солай болмақ.

Тиек сөз

Айна Ермекқызы есімі жалпақ елге, Ақмола жұртшылығына, Көкшетау халқына көптен таныс. Ақылына ажары, мінезіне әдеті, кісілігіне көргендігі сай ат үстінде жүрген қазақтың аяулы да, арлы қыздарының бірі. Қазақи қалыпқа салып айтқанда бұл қарындасымды  сонау уақыттан бері білемін. Амандығымыз түзу болды. Әредік қоғамдық орындарда кездесіп, аз-маз шүйіркелесіп, пікірлесіп жүрдік. Басқарудың әдепкі баспалдағынан  жоғары қарай көтерілген  ол  облыстық басқарманың, департаменттің қатардағы қызметкерінен бастап, Көкшетау қаласы  мен Аршалы ауданы әкімінің орынбасары, Қазақстан Халық Ассамлеясының Ақмола облыстық  бөлімшесінің төрайымы, облыс  әкімінің орынбасары, «Аманат» партиясы облыстық филиалының төрайымы қатарлы лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Бір сөзбен айтқанда мемлекеттік басқарудың қыр-сырын әбден меңгерген, сол жұмысқа әбден төселген, оның жетістіктері мен кемшіліктерін жақсы білетін білікті кадр.  Айна Ермекқызы – негізінде облысымыздағы әлеуметтік, мәдени салаға қатысты мәселелердің, шаруалардың басы-қасында болған адам. Әсіресе, соңғы 10 жылда атқарылған оңтайлы істердің көпшілігі осы кісінің іскерлігіне, жанкештілігіне, ұйымдастыра білушілік қабілетіне қатысты десем, артық айтқандық бола қоймас. Рухани саладағы атқарылған істердің көзге мен мұндалап көрінбейтіні бар. Айталық, алты кірпіш қаласаң, ол көрінеді. Ал рухани-мәдени салада атқарылған қыруар істің  көмескіленіп көрінбей, әншейін, қалыпты өмірдің көрінісіндей болатыны өтірік емес. Оның арғы жағында қаншама айқай мен айтыс, табандылық пен тартыс  болғанын былайғы жұрт біле де бермейді және оны дабырайтып айта да бермейсің. Осы Айна Мысырәлімова облыстық ономастикалық комиссияны басқарған кезде 1 аудан, 26 ауыл, 5 ауылдық округ, 615 көше  қазақшаланып,  жаңа атауға ие болды. Осы аз жұмыс па, оңаймен бітетін іс пе? Қаншама қарсылықтар болды. Қоғамдық санада орын алған шетін мәселерді оңтайлы шешуде әккілік пен мәмлегерлік,  дұрыс бағыт пен табанды мақсат керек. Төменнен басталған бастама мен талап жоғарыдан қолдау тапты, іске асты. Мұның басында Айна Ермекқызы бастаған ономастикалық комиссия мүшелері тұрды. Тек Көкшетау қаласындағы қаншама көше атаулары жаңартылды. Анау жылы Алматыдан осында келген  жазушының  осыны көріп таңқалғаны бар.  Осы Айна қарындасымыз  облыс әкімінің орынбасары болып тұрған кезде жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын  қолдауға қатысты біршама тыңғылықты, игілікті істер де атқарылды. Әр жылдары конкурстық негізде  беріліп келген «Құлагер» сыйлығы соның айғағы. Сонымен қатар талантты жастардың шығармашылығын демеу мақсатында атқарылған маңызды істердің бір парасы ол – «Ел жастар» театрының ашылып, театр өнерінің дамуына ден қоюы болды.

Тарихын ұмытқан ел – болашағы жоқ ел. Соңғы аз жылда облыс бойынша 46 мектепте тарихи-өлкетану мұражайлары ашылды, Арқаның бес сал-серісінің ескерткіштері күре жолдың бойына қойылды. Өзі Аршалыда болған кезде №3 қазақ орта мектебіне ұлт, қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің  атын беруге  мұрындық болды. ҚР ТЖМ Азаматтық қорғау академиясына Мәлік Ғабдуллиннің  атын беруге де ат салысты. Кейде жалпақ жұртқа жария етпей, дабыра қылмай тындырылатын істер болады. Ал өзін көрсетуге, жарнамалауға келгенде нарау мінезді болуы Айнаның болмыс табиғатынан. Қысқасын айтқанда «хайф сүйгіш» емес, «пиаршиктердің қатарынан емес». Жұртың үшін істегенді жарнамаға айналдырма! Ұлық болсаң, кішік бол! Адал болсаң, болды! Осылар – Айна Мысырәлімованың адами ұстанымдары.

Қазіргі уақыт  қат-қабаттарға толы. Елімізде де, әлемде де. Тап басып айтатын ешкім тамыршы емес. Білгішсіну, асып сөйлеу, сөйтемін, бүйтемін деу – оның табиғатына жат. Саяси ахуалды, қоғамдық пікірді, әлеуметтік жағдайды, қордаланған түйткілді мәселелерді бір кісідей біледі. Сайлау алды бағдарламасында  біраз мәселелер көтерілген. Халықпен кездесуде де түсіндіріп айтып жүр.

Екінші бұрау

Мен қоштасып кетерде ол кісіге қарата былай дедім: Шешінген судан тайынбас, тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де шығасың деген бар. – Елдік мұратқа, үлкен мақсатқа келгенде оның да  кедергілері көп болатын секілді, – деді ол. – Тәжірибеңіз  бар, басқарудың әр түрлі баспалдақтарынан өттіңіз, ысылдыңыз, шыңдалдыңыз, меніңше бұл істе сенім мен батылдық керек дедім. – Оныңыз рас, сенімсіз  жеке адам да, бүкіл қоғам да өмір сүре алмасы анық. Сенім – берік нәрсе, алайда болжаулар солқылдақ қой – деп сәл жұмбақтай жауап берді. – Сенімге жетелейтін үміт – деп тағы ой қостым. – Иә, үміт пен сенім өлмесін,– деді кейіпкерім. – Ғажайып тек оған сенгенде ғана болады  депті Дени Дидро деген данышпаныңыз деп түйіндедім. Сенім болмаған жерде ештеменің болмайтыны рас қой. Спиноза айтқандай, «модустар өзгере береді», алайда сенім өзгермесін. Болашаққа деген сенім!

P.S. Алдағы аз күнде болатын еліміздегі басты саяси оқиға – сайлау. Үкіленген үміткерлер жетерлік. Солардың ортасында Айна Мысырәлімованың бәсі жоғары, мерейі үстем болса екен деген ізгі тілекті жеткізуді жөн көрдім. Бұл – менің таңдауым!

 

Ерболат БАЯТ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, жазушы.
Тапсырыс беруші: А.Е.Мысырәлі мова,
ҚР Парламенті Мәжілісінің дапутаттығына кандидат.
А.Е.Мысырәлімованың сайлау қорының қаражатынан төленді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар