Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мағжан жырлары – мәңгілік - АРҚА АЖАРЫ

Мағжан жырлары – мәңгілік

Көкшетау қалалық қазақ кітапханасында өткен «Мағжан жыры–мәңгілік» атты поэзия кеші қазақтың аяулы ақыны, Алаш қайраткері, артына өшпес мол мұра қалдырған Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналды.

«Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп ашқан күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ… Орыстың бейнешілдігін қазаққа аударды, өлеңді күйге айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, сөзге жан бітірді…» деген екен Алаш қайраткері, жазушы Жүсіпбек Аймауытов ақын шығармашылығы жайында.

Кештің мақсаты – қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттап, сол арқылы олардың бойларында туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті ояту, жастарды ұлт әдебиетін сүюге, қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығына баулу.

Поэзия кешіне жергілікті ақын-жазушылар және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен аталған оқу орны жанындағы көпсалалы колледжінің оқытушысы Тойжан Қабдешова мен студенттері, кітапхана оқырмандары қатысты. Кеш барысында ақын, әдебиеттанушы ғалым Ерболат Баятұлы Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы жайында, оның қиын да азапты тағдыры мен өмірден өтуіне байланысты айтылып жүрген ой-пікірлерге  кеңінен тоқталып, жан-жақты әңгімелеп берді. Соңғы кездегі БАҚ беттері мен көгілдір экранда айтылып жүрген Бауыржан Момышұлыныңәскери тапсырмасымен1948 жылы Магаданға жолы түсіп, сонда Мағжанды көргені туралы, кейін 1951 жылы Абдолла қарттың да оны көргені жөніндегі пікірлері оқырман қауымды бей-жай қалдырмады.

– ХХ ғасырдың басында Абайдан кейінгі қазақ поэзиясын көш ілгері дамытқан,өлең өнеріне көптеген өзгерістер, жаңалықтар енгізген көркем сөз шебері Мағжанды оқыңдар. Бізге Кеңес үкіметі кезінде  әдебиетті оқығанда Алаштың арыстай азаматтары болғанын айтпайтын, тек Тұрсынбек Кәкішев секілді жаны қазақ ғалымдарымыз ғана дәріс үстінде сыбырлап, ақырын ғана «осындай азаматтар болған еді» деп айтып отыратын. Мағжанның жырына, өлеңіне біз сусындай алмадық. Қазір Мағжанның жарияланбаған өлеңдері, аяқталмаған шығармалары табылып жатыр. Тәуелсіз елде қазақ әдебиетін оқып жүрген жастар, Сіздер бақыттысыздар. Оның өлеңінде ұлттық рух пен діл бар. Жүрегі – ұлтым, деп соққан Алаш арыстарының қалай қайтыс болғаны туралы деректерге әлі де өзгерістер енгізіледі деген ойдамын, –деді Ерболат Баятұлы.

Поэзия кешінде М.Жұмабаевтың 130 жылдығына орай, Петропавл қаласында өткен  жыр мүшәйрасында Мағжан әдеби сыйлығына ие болған Қуаныш Оспанұлы Мағжанға арнаған «Кие» атты арнауын жиналған қауымға оқып беріп, ақынның өмірі жайында әңгіме өрбітті. Ал, Мерген Тоқсанбай «Мағжан жайлы аңыз» поэмасынан «Зылиқа» атты үзінді оқып берді. Бұдан әрі студенттер Мағжан ақынның лирикаға толы өлеңдерін жатқа оқып, поэзия тұңғиығына бойлады, домбыраның шанағынан күй де төгілді. Кеште ақынның «Туған жер», «Жер жүзіне», «Түркістан», «Қазақ тілі», «Балалық шақ», «Мен жастарға сенемін», «Бұлбұл», «Сағындым», «Жұлдыздан жүзік, Айдан алқа тағып берейін», «Сарғайдым», «Қайғылы сұрақ», «Қарағым», «Сүй, жан сәулем» атты өлеңдері оқылып, кітапхана қызметкерлері ақынның шығармашылығына орай ұйымдастырған «Мәңгі өшпес жыр қалдырған» атты көрме ұсынды.

Жалғыз қазақ емес, күллі Тұран жерінен шыққан түркі текті халықтардың мақтанышына айналған, көзі тірісінде-ақ мәңгілік сөнбес шолпан жұлдызындай жарқырап шыққан Мағжан ақын жырлары уақыт өткен сайын соны қырынан танылып, жаңа да жас оқырманын тауып отырары сөзсіз.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

Көкшетау қалалық қазақ

кітапханасының қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар