«Таймас». Бұл – жазғы бидайдың жаңа сұрпы!

Өткен жылы өңір диқандары тәп-тәуір өнім жинады. Алдыңғы жылы құрғақшылықтың салдарынан гектар берекесі көңіл көншітпеген. Жыл сайын ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің еңбегінің өтелуі күннің қабағына байланысты болып қалды. Тығырықтан шығар жол – қуаңшылыққа төтеп беретін тұқым себу.

Былтыр дән тамырлана бастаған кезде мол ылғал түсіп, үміт отын лаулатқан. Бір өкініштісі, барлық ауданда бірдей емес. Ылғалға байланысты егін де ала-құла шықты. Дәл осы уақытта ылғалдың да пайдасынан зияны көп болуы ықтимал. Тат ауруы бас көтереді. Өткен жылы өңірде 11,6 миллиметрден 68,2 миллиметрге дейін жаңбыр жауды. Мамандардың есептеуіне қарағанда, бұрнағы жылдағыдан 57,4 миллиметр көп. Гектар берекесі орташа есеппен 11,7 центнерден айналды. Қара топырақты, орманды алқаптардағы егін түсімі жақсы болғанымен, далалық аудандарда сәл кемшін.

Көктемгі егіс жақындаған сайын диқан қауымның көңілі күпті. Қай тұқымды еккен дұрыс. Осындай қысылтаяң кезде А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында жаздық жұмсақ бидайдың «Таймас» атты жаңа сорты шығарылғандығын алақайлай айтып, жаһанға жар салсақ артықтығы болмас-ау. Бұл – ең алдымен отандық ғылымның жетістігі.

–Жаңа сұрыптың «Таймас» аталуының өзіндік мәні бар, – дейді орталықтағы зертхана меңгерушісі Елжас Қайыржанов, – ұжым болып ақылдаса келе, қуаңшылыққа төзімді, сабағы құламайтын мықты, қоңыр тат ауруына бой бере қоймайтын қуатты тұқымды осылай атағанды жөн көрдік. Біздің ұжымның ұзақ жылғы еңбегінің жемісі бұл.

Орталық ғалымдарының айтуына қарағанда, әрбір сұрыптың өмірі аналық және аталықты шағылыстыру нәтижесінде дүниеге келген небары бірнеше дәннен басталады екен. Әрі қарай тиімділігі дәлелденсе, айрықша мықтылығы көзге ұрып тұрса, сайын даланың көркін келтіретін салтанатты ғұмыры, игілікті, ырысты жолы басталмақ. Гибридтеу арқылы алынған дәнді алдымен селекция тәлімбақтарында көбейтеді. Ұлан-ғайыр істің алғашқы ауқымды кезеңі мұнымен де бітпейді. Өнімділігі жоғары, мейлінше сапалы, астықты алқаптарда соңғы уақыттарда жиі кездесетін, әртүрлі ауруларға төзімділерін елеуіштен өткізіп, барынша мұқият таңдап алады. Міне, осылайша бір-біріне сабақтасып жататын, жөпшеңді адамның төзімін тауысатын үрдіс он жылға дейін ұласады. Әбден көз жетіп, ғылыми сараптамадан өткеннен кейін кең аумаққа егіліп, стандарттау жүргізіледі. Бұл жұмысты орталық ғалымдары аудандастыру деп атайды екен. Жаңа тұқымның түсімінің мейлінше көбейгені балталаса бұзылмайтын дәлелмен бекітілген жағдайда жаңа бидай түрі сұрыптық сынақтан өткізілуге ұсынылмақ.

Ең бастысы, жаңа сұрып қоңыр тат ауруына төзімді екен. Соңғы жылдары өңірдегі диқандардың алға басқан қадамын кері кетіріп тұрған да осы қоңыр тат. Тат аурулары әсіресе, бидай өнімділігін тежейтін биологиялық фактор санатында. Ғалым Шермахан Шапаловтың осы бағыттағы табанды зерттеулерін ой елегінен өткізсеңіз, көптеген жайға қанық болар едіңіз. Еліміздің егістік алқаптарының түгелге жуығында бидайдың тат ауруының белгісі бар. Әсіресе, Көкшетау мен Қорғалжынның кең көсілген сайын даласындағы астықты алқаптарда жиі кездеседі. Себеп, кей жылдары ылғал шамадан көп түседі. Осы аурудың салдарынан өсімдіктің бойы, сабағының жуандығы әрі масағы қысқарады.  Масақтағы дәннің саны мен салмағы бүрісе жеңілдеп, кішірейе береді. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, тат ауруы бас көтерген жылдары жаздық бидайдың өнімі 80 пайызға дейін кемиді екен. Масақтану кезінде 30 пайызға дейін азаяды. Біздегі егіншіліктің еңсе көтертпей тұрған тұсы да осы тат ауруына байланысты болуы ғажап емес. 80 пайызға дейін кеміген кезде сапалы астықтың үлесі де тым-тым азайып кетпейді емес пе?!

Бұл мәселе жалғыз біздің елге қатысты емес. Бұл тараптағы бар кемшілікті таразы басына тартар болсаңыз, бидайға деген қауіп-қатердің жалпақ әлемде қаулап тұрғандығын байқар едіңіз. Тұқым мәселесі төрткүл дүниені толғандырып отыр десек те артықтығы жоқ. Әр жыл сайын әлемде бидайдың тат аурулары салдарынан өнім сапасы 10 пайыздан 20 пайызға дейін кемиді екен. Ал, біздің елде ауру етек жайған алқаптардағы өнім көлемі 50 пайызға дейін қысқарады. Міне, сондықтан, тат ауруына төтеп беретін тұқым керек-ақ. Бұл орайда, ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары болмаса, қолы қысқа шағын шаруашылықтардағы жағдай тіптен мүшкіл. Айналып келгенде ауруға төзімді сұрыптарды шығару және оны егіске енгізу басты проблемалардың біріне айналғалы қашан. Орталық ғалымдарының тұжырымдауынша, фитосанитарлық жағдайдың нашарлауы, климаттың аурудың дамуына қолайлы болуы әрі төзімсіз сұрыптарды мөлшерсіз көп егу тат ауруларының жайылып кетуіне себепші болып отыр. 2021 жылы солтүстікте егілген патенті бар астық сұрыптарын таразы басына тартып, екшеп қарасақ, отандық сұрыптар көбірек кәдеге асып жатқандығын көреміз. Оның ішінде А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының 6 сұрпы бар. Ал, жаңадан шығарылған «Таймас» сұрпы ірі дәнді, шикі желімтегі – 32,3-34,5 пайыз, аққуызы – 15 пайыздан астам. Тәжірибеден өткізілген кезде сұрыптың түсімі өте жоғары болған. Айталық, гектар берекесі 38,5 центнерден айналған. Әншейінде 8-10 центнерден өнім алса, бөркін аспанға атып қуанатын біздің өңір үшін таптырмас тамаша тұқым емес пе?!

Аталмыш сұрыпты ғалымдар мен мекеме қызметкерлері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, әзірлеп шыққан. Авторлар қатарында бидай селекциясы бөлімінің меңгерушісі Әділхан Бабкенов, аға ғылыми қызметкер Татьяна Шелаева, жұмсақ бидай селекциясы зертханасының меңгерушісі Елжас Қайыржанов, астық сапасын анықтау зертханасының ғылыми қызметкерлері Светлана Дашкевич, Марал Өтебаев, өсімдіктер иммунитеті зертханасының меңгерушісі Сандуғаш Бабкеновалар бар.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын сұрыптық сынау жөніндегі  мемлекеттік комиссия сынағының нәтижелері толымды. Жаңа сұрып Қазақстан Республикасы селекциялық жетістіктерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген. Ендігісі нақты топырақты, климатты аймақтарға егу. Тағы бір таратып айта кететін дүние, «Таймас» тұқымы  орташа пісіп жетілетін сұрыптың санатында. Сабағы қысқа. Орташа ұзындығы 60-70 сантиметр төңірегінде. Ғалымдардың түсіндіруіне қарағанда, бидай сабағы қысқа болғандықтан, бой салып өсу функциясы өзгеріп, сабақтың бойындағы биологиялық материал астық түсімділігіне жұмсалады екен.

Аталмыш орталықта мемлекеттік сұрыпты сынауға жыл сайын  ұмтылыс жасалып отырылады. Бүгінгі таңда «Татьяна», «Әл-Фараби», «Қасқарбаев құрметіне» деп аталатын сұрыптар сынақтан өткізілуде. Тұқым атаулары туралы бір ауыз сөз айта кетсек, артықтығы болмас. Мәселен, «Қасқарбаев құрметіне» деп аталатын сұрып осы мекемеде ұзақ жылдар бойы табан аудармай еңбек еткен Жексенбай Қасқарбаевтың құрметіне аталған. Ғалымның басшылығымен ауыл шаруашылығы дәнді дақылдарының 49 сұрпы дайындалыпты. Оның ішінде 13 түрлі жаздық жұмсақ бидай сұрпы бар.

Жоғарыда біз жан-жақты қасиетін таратып айтуға тырысқан «Таймас» жаңа жаздық бидай сұрпы егіннен игілігінің еншісін алып отырған диқан қауым үшін тамаша олжа болғалы тұр. Ең бастысы, берекені кетіріп тұрған тат ауруына төтеп береді екен, қуаңшылыққа қыңбайды, күзгі желден қисая құлап, жер бауырлап жатып алмайды. Жер емшегін емген еңбеккерлердің де тілегені осы емес пе?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар